ТІЛ – ҰЛТТЫҢ ТҰҒЫРЫ, РУХЫ МЕН НАМЫСЫ

3  317 көрілім

«Тәуелсіздіктің негізгі тірегі – ұлттың тілі, діні, ділі. Тәңірдің адам баласына жасаған сыйы да – тіл . Ол-қасиетті де қастерлі. Оның бойында өзекті, жанды өзіне тартып тұратын керемет күш бар. Тілде бүкіл тіршілік тұрғандай. Тіл – ұлттың аса игілікті әрі оның өзіне тән ажырағысыз белгісі. Тілдің тағдыры – баршамыздың қолымызда»- деп Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай : « Әр халықтың тілі – адамдардың маңызды қарым-қатынас құралы болумен бірге, ұлттың мәдени, рухани асыл қазынасы, баға жетпес байлығы».

Тілді қатынас құралы ретінде жасаушы да, дамытушы да – халық, ал халық үшін тіл ұрпақтан-ұрпаққа аманат ететін тарихы мен мәдениеті, өмірінің алтын кілті.

Қазір дүниеде 2796 түрлі тіл қолданылады. 13 тілді қолданатын жан саны 50 миллионнан асады. Егер бұл тілдерді қолданатын жан санының аз-көптігіне қарай тізсек, реті мынандай болады: қытай тілі, ағылшын тілі, испан тілі, итальян тілі. Бұл тілдер 65 мемлекетте мемлекеттік тіл ретінде қолданылады. Дүниежүзінде ресми тіл саны алтау: қытай тілі, ағылшын тілі, орыс тілі, испан тілі, француз тілі, араб тілі. Жалпы 6 мыңға жуық тілдің 100-і ғана «мемлекеттік» деген статусқа ие болған. 1989 жылы «Тіл туралы» Заң қабылданғаннан бері қазақ тілі де осы мемлекеттердің қатарына еніп отыр.

Қазақстанда 130 – дан астам ұлттар тұрады. Олардың бәрі өз ана тілдерін сақтап сөйлеседі.

Қазақ тілінің сөздік құрамы өте бай, оған 67 мың тізімдік сөз, 24,5 мың фразеологиялық тіркес – барлығы 91,5 мың лексикалық бірлік кірген бір ғана он томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» дәлел бола алады. Қазақ жазуы 1929 жылға дейін араб графикасын, ал 1929-1940 жылдары латын графикасын қолданған. 1940 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін орыс графикасын қолданып келеді. Бүгінде қазақ тілі – әлемдегі алты мыңға жуық тілдердің ішіндегі қолдану өрісі жағынан жетпісінші, ал тіл байлығы мен көркемдігі, оралымдығы жағынан алғашқы ондықтар қатарындағы тіл.

Бүгінде мемлекеттік тіліміз өзінің мәртебелі межесіне көтеріліп келеді. Оған тіл аясындағы атқарылған түрлі шаралар дәлел бола алады. Өздеріңізге белгілі «Тіл туралы» Заң қабылданып, «Қазақ тілі» қоғамы құрылып, түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асып келеді.

Қазақ тілі – халқымыздың рухани байлығы, атадан балаға, ұрпақтан –ұрпаққа мирас болып қалып отырған баға жетпес асыл мұра. Ана тілдің қасиеті туралы қанша айтсақ та таусылмайды. Азаматтың қолындағы барлық асыл заттары тозады, жоғалады, ал тіл тозбайтын ең қымбат мұралардың бірі. Қазақтың біртуар ақыны М.Жұмабаев: «Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады” – деген. Демек, тіл байлығы – әрбір ұлттың мақтанышы.

«Адамға екі нәрсе тірек тегі, Бірі – тіл, бірі – ділің жүректегі», – деп Жүсіп Баласағұн бабамыз айтқандай кез-келген мемлекеттің, елдің ең негізгі рәмізі де, ұраны да, тірегі де сол елдің ана тілі болмақ. Біздің ана тіліміз – қазақ тілі. Біздің Отанымыз – Қазақстан. Қазақстан Республикасының өз елтаңбасы, әнұраны, туы бар. Сонымен қатар, өз тілі бар.

Мәңгілік еліміздің – мәңгілік тілі мәңгі жасай берсін десек, ана тілімізді қастерлеп, мерейін өсіріп, мәртебесін сақтап қалуымыз қажет. Ол үшін әуелі өз отбасымызда ұрпақтарымыздың бойына ұлттық құндылықты сіңіріп өсіруді бірінші кезекке қойып , балабақша мен мектеп қабырғасында әр білім алушының жас ерекшелігіне сай, балаға рухани құндылықты тереңірек сіңіретін мағыналы да мазмұнды тілдік іс-шараларды жиі өткізіп отыруды назардан тыс қалдырмайық дегім келеді.

Мәселен: «Даналықтан дән ізде», «Халқымның қайнар көздері», «Абай даналығы», «Ақылды бейсенбі», «Оралымды ой толғау», «Жас ақындардың жыр мүшәйрасы», «Қазақтың жүз әні», түрлі батырлар жыры мен ақындар жырын мәнерлеп жатқа оқу сайыстары, өлкетану, елтану аясындағы танымдық шаралар сияқты баланы өрлікке, елдікке, батылдыққа, шешендікке, шығармашылыққа баулитын, бастысы ұлттық құндылықты санасына сіңіріп өсетін ұрпақ болуға тәрбиелейтін іс-шараларымызды жемісті де нәтижелі етіп өткізе берейік.

Ендеше, егемен еліміздің еңсесін тік, мәртебесін биік, рухын асқақ ететін, намысы өр, орыны қашанда төр болатын ұрпақ тәрбиелеудегі әр істеріңіз берекелі де жемісті болсын.

Жақсыкүл СҮЛЕЙМЕНОВА,

Түркістан қаласы №21 жалпы орта мектеп директорының бейінді оқу ісі жөніндегі орынбасары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы