БІЗ КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ДАЙЫН ҒИМАРАТ БЕРЕМІЗ

1  313 көрілім

Кәсіпкерлерді қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіп отырған Түркістан индустриалды аймағының бүгінгі жай-күйі, тыныс-тіршілігі жайлы білу мақсатында «Түркістан» индустриалды аймақтардың басқарушы компаниясының бас директоры Талғат Алпысбайұлы Қыдырбаевқа жолығып, сұхбат алдық.

– Талғат Алпысбайұлы Түркістан индустриалды аймағы туралы айтып өтсеңіз?

– Алдымен, осы уақытқа дейінгі атқарған жұмыстарымызды саралап айта кетейін. Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласы болғандықтан «Оңтүстік» пен «Тассай» индустриалды аймақтарын қарқынды дамытуға жұмыс атқардық. Соның нәтижесінде «Оңтүстік» индустриалды аймағында 88 жоба, «Тассай» индустриалды аймағында 16 жоба іске асырылды. Ол кезде аудан, қалалардағы осындай аймақтарға қатты мән берілмеді.

Қазіргі таңда Түркістан облысында 9 индустриалды аймақ бар. Соның ішінде облыс орталығы Түркістан қаласында 40 га жерге орналасқан аймақты қосымша 310 га жерге ұлғайтып отырмыз, жалпы 350 га болады. Өңірлік координациалық кеңесте (РКС) 23 жоба мақұлданып, қазіргі таңда сол жобалар бойынша «Түркістан трасса» ЖШС, «Cordial» ЖШС, «GrandMiks» ЖК, «Мирас ДАМУ лтд» ЖШС, «Азрет-ЖолҚұрылыс» ЖШС, «Kadiris» ЖШС, «Стройсервис –ХХІ» ЖШС, «НұрлыНазАй» ЖШС жұмыс істеуде. Жалпы 1,1 млрд теңге инвестиция салынды, 270 адам жұмыс істеп жатыр.

– Биылғы жылы жаңадан өз істерін бастап отырған кәсіпкерлер бар ма?

– Иә, жаңадан 2 мекемені іске қосатын боламыз. «Соут Aлю Пласт» ЖШС мекемесі құны 600 млн. теңгеге жақын зауытын іске қоспақшы. Бүгінгі таңда бұл мекеме дайын асфальт шығарып, Түркістан қаласының жолдарының жақсаруына өз үлесін қосуда. Сонымен қатар, «Айбек ЛТД» ЖШС мекемесі құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын 240 млн теңгелік өндіру цехын іске қоспақшы. Бұл екі кәсіпорын да желтоқсан айының соңына дейін іске қосылатын болады. Қазіргі таңда жұмыстарын жүргізу үстінде. Жалпы жаңадан 60 адам жұмыспен қамтылмақ.

– Түркістан индустриалды аймағын дамыту мақсатында қандай игі тірліктер атқарылуда? Дәл қазіргі таңда осы аймақта қандай құрылыс жұмыстары жүргізілуде?

– Әлемдік тәжірибені ескеріп, 40-50 жыл тәжірибесі бар индустриалды аймақтарда қолданылатын «Brownfield» үлгісінде 2 өндірістік ғимарат салып жатырмыз. Әрқайсысы 2400 шаршы метр алаңда, оның ішінде 3 қабатты кеңселік ғимараты қоса салынады. Бұл «Brownfield» үлгісіндегі ғимаратта кәсіпкерлер мен инвесторлар өздерінің өндірістік құрал-жабдықтарын қойып, бірден іс жүргізуіне мүмкіндік беріледі. Ендігі жерде кәсіпкер бұрынғыдай жер алып, оған құрылыс жұмыстарын жүргізбейді. Біз кәсіпкерлерге өз жұмысын бірден бастап кетуге дайын ғимарат береміз. Бұл орын Балтакөлге барар жолдың бойында. Бұдан бөлек әкімшілік тұрмыстық кешен (АБК) салып жатырмыз. Бұл мекеме бір терезе қағидасымен жұмыс істейтін болады. Жаңадан кәсібін ашқалы жүрген кәсіпкерлерге біздің мамандар кеңес беріп отырады. Сонымен қатар, әкімшілік тұрмыстық кешен (АБК) ғимаратының ішінде көрме залы болмақ. Бұл көрмеге индустриалды аймақта өз кәсіптерін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлердің шығарған өнімдері қойылады. Біз келген тұтынушыларға кәсіпкерлеріміздің шығарған өнімдерін жарнамалап, көрсететін боламыз.

– Түркістандық кәсіпкерлердің арасында жаңашылдыққа ұмтылғандары бар ма?

– Иә, осы жөнінде айтайын деп отырған едім. Түркістан облысында бұрын-соңды жасалмаған құрылысқа қажетті «3D» торлар шығарыла бастады. Облыста алғашқы рет Түркістан қаласында өндіріліп отыр. Бұл Шымкент қаласында да қолға алынбаған болатын. Осы торды жергілікті «Мирас ДАМУ лтд» ЖШС шығарып отыр. Арнайы құрал-жабдықтарын шетелден алып келді.

– Алдағы іс-жоспарларыңыз туралы айта кетсеңіз?

– Біз қазір жаңадан ұлғайтылған 310 га жерді 3 кезеңге  бөлдік. Атап айтсақ, 2019 ж, 2020 ж, 2021 жылда атқарылатын жұмыстар. Бүгінде республикалық бюджеттен 4 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 1,4 млрд теңге, жалпы 5,4 млрд теңге қарастырылып отыр. Бұл жұмыстар Үкіметтің 5 жылдық өңірлік кешенді даму жоспарына енгізілген. Алғашқы 1-інші кезең бойынша 100 га жерді игеріп жатырмыз. Қазіргі таңда Түркістан индустриалды аймақтың «Аркасы» мен қоршау жұмыстары жасалынуда. Сонымен қатар, АБК және  «Brownfield» үлгісіндегі 2 өндірістік ғимарат салынып жатыр.

Облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы Шөкеев атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарын өте мұқият бақылауда. Айына екі рет кәсіпкерлермен кездесіп тұрады. Облыс басшысының қолдауымен жұмыстарымыз жандануда.

2019 жылы 3 сәуірде индустриалды аймақтардың басқарушы компаниялары және арнайы экономикалық аймақтар туралы заң шыққан болатын. Қазіргі таңда біз осы заң аясында көп шаруаларды атқарып жатырмыз.

Қазіргі жаңалығымыз қыркүйек айынан бастап электр энергиясын сатуға лицензия алдық. Бұл дегеніміз, индустриалды аймақтағы кәсіпорындарға арзандатылған бағада электр қуатын жеткізу мүмкіндігіміз пайда болды. Дәл қазіргі таңда Түркістанда кәсіпкерлер электр қуатының бір киловатына 27 теңгеден төлеп отыр. Біз осыны 15-20 пайызға азайтсақ деп отырмыз.

Жаңа заңның тағы бір жаңалығы кәсіпкерлерге жерді біз өзіміз келісім-шарт бойынша береміз. Бұрын оларға аудан, қала әкімі қаулы шығарып, жер комиссиясына баратын. Бұдан кейін облыс әкімінің қаулысы шыққаннан кейін жер берілетін. Жаңа заң бойынша оның бәрі алынып тасталды. Басқарушы компания жерді өзімізге 49 жылға аламыз. Бүгінгі күнге дейін Қазығұрт, Кентау қаласының жерлерін өзімізге рәсімдеп алдық. Түркістан қаласының жерін өзімізге алуға құжаттары дайындалу үстінде. Біз жерді өзімізге алғаннан кейін кәсіпкерлерге келісім-шарт арқылы беретін боламыз. Олар келісім-шартты әділет басқармасына тіркеткеннен кейін заңды түрде сол жерге меншік құқы пайда болады. Сонда бір құжатпен жерді өздеріне жеңілдікпен рәсімдеп алады. Мысалы: бұрын 6-8 айға дейін созылатын құжат рәсімдеу жұмысы бір келісім-шартпен бітетін болды.

– Сіз басқаратын компанияда қанша қызметкер жұмыс істейді. Алға қойған мақсаттарыңыз қандай?

– «Түркістан» индустриалды аймақтардың басқарушы компаниясында 18 жоғары білімді мамандар қызмет етеді. Біздің компанияның негізгі мақсаты: Түркістан облысының экономикалық жағдайын өсіру. Ол дегеніңіз, қазақстандық немесе шетелдік болсын инвестор тарту. Бізге берілген индустриалды аймаққа өндіріс орындарын орналастыру және сол кәсіпкерлерді сүйемелдеп, көмек көрсету. Нақтырақ айтсам, кәсіпкерлерге кәсіби білікті кеңестер беріп отырамыз. Бұған қоса кәсіпкерлердің шығарған өнімдерін жарнамалап, сатуға көмектесеміз. Мысалы, қазіргі таңда « Мирас ДАМУ лтд» ЖШС-нің шығарып отырған «3D» торын жарнамалап, сатылым көрсеткішінің жоғары болуына көмектесіп отырмыз.

Жалпы индустриалды аймақ деген сөздің мағынасы: кәсіпкерге жер керек болса, сол жерді барлық инфрақұрылымдармен, яғни, электр қуатымен, сумен, газбен, канализациямен т.б. қамтамасыз ету. Осылардың барлығы болған кезде индустриалды аймақ болып саналады. Бір кәсіпкер өндіріс зауытын саламын деп жер алатын болса, оған барлық керекті жағдайларға рұқсат керек. Ал, біз соның барлығын үкімет тарапынан дайындап қоямыз. Олар тек қана жерді алады да кәсіпорын салады. Бұл біріншісі. Екіншісі – «Brownfield» үлгісінде дайын ғимарат салып береміз. Сол жерге бірден келіп орналаса береді. Қайсысы өзіне тиімді болса соны таңдай алады.

Осы жылдан бастап Түркістан, Кентау қалалары мен Ордабасы ауданындағы индустриалды аймақтарға мамандандырылған күзет қойдық. Бұрын болмаған, бір жарым айдың көлемінде жұмыс істеп жатыр. Индустриалды аймақтың ішіндегі инфрақұрылымдарға және кәсіпкерлердің шығарған өнімдеріне жауапкершілікпен қарап, бақылап, күзететін болады. Күзетшілердің қаржысы біздің басқарушы компания арқылы төленеді. Кәсіпкерлерге ешқандай салмақ түспейді.

Бізге көпшілік тарапынан: «Түркістан қаласы облыс орталығы болды, ендеше Түркістан индустриалды аймағы неге Шымкенттегі 88 ірі жобасы бар «Оңтүстік», 16 жобасы бар «Тассай» индустриалды аймақтарындай емес»,-деп айтады. Сол жобалардың әрқайсысы 17-18 млрд. теңгені қамтиды. Біздің компания «Оңтүстік», «Тассай» индустриалды аймақтарының сондай дәрежеге жетуі үшін 3-4 жыл қарқынды жұмыс атқарды. Алла қаласа, Түркістан индустриалды аймағын 3-4 жыл көлемінде сондай үлкен дәрежеге жеткізетін боламыз. Қазіргі таңда Түркістан индустриалды аймағына Вьетнамнан, Түркиядан, Ресейден, Украинадан қызығушылық білдіріп отыр «Brownfield» үлгісі бойынша.

– Талғат Алпысбайұлы өзіндік ой-пікіріңізді айта кетсеңіз?

– Болгария елінде 4 жыл үлкен кәсіпорын директоры болып қызмет атқардым. Мен қызмет ететін қалада 15 үлкен кәсіпорын мекемесі болды. Сол қаланың губернаторы (басшысы) екі аптада 1 рет 15 кәсіпорын басшыларымен кездесіп, кімнің қандай ұсыныстары мен өтініштері бар екенін біліп отыратын. Өкімет тарапынан барлық жағынан қолдаулар болып тұратын. «Менің сендер сияқты кәсіпорындарым көп болған сайын менің рейтингім жоғарылайды»,- деп айтатын сол қала басшысы. Айтқан мәселе, ұсыныстарымыз біртіндеп шешіліп отыратын. Сонда бізде шешілмеген мәселелер болмайтын. Сондай-ақ, шетелден келген ірі басшылардың алдында бізді жинайтын. Сонда біздер сол қала басшысының жұмысы қандай екенін, бізге қандай көмек, қолдаулар көрсетіліп жатқанын өзіміз-ақ айтып, жарнамалайтынбыз.

Менің бұл жерде айтайын дегенім, Түркістан қаласы әкімінің рейтинг көрсеткіші – қалада қанша кәсіпорын бар және олардың мәселелері уақтылы шешіледі ме, соған байланысты болады келешекте. Сондықтан, кәсіпкерлермен дос болу керек. Бұл әлемдік тәжірибе. Елбасымыз бен ҚР Президентінің саясаты да кәсіпкер-лерге қолдау көрсетуді айтып келеді.

– Қазіргі таңда қай кәсіпорындар жақсы жұмыс істеп келеді. Атап өтсеңіз?

– Индустриалды аймақтағы барлық кәсіпорындар өз жұмыстарын тиянақты атқаруда. Алайда, соның ішінде «Гранд Микстің» жылына 2,5 млрд теңге. айналымын жүргізіп, 147 адамды жұмыспен қамтып отырғанын атап өткім келеді.

Тілші түйіні: «Жас келсе іске» дегендей, Талғат Алпысбайұлының сөздің емес істің адамы екеніне көзіміз жеткендей болды. Олай деріміз, Түркістан индустриалды аймақта бүгінгі таңда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына ертіп апарып, сол сұхбат барысында айтылған құрылыс жұмыстарын егжей-тегжейлі түсіндіргеніне риза болдық. Осындай іскер азаматтарымыздың арқасында Түркістанның индустриалды аймағының көкжиегі биіктен көрінетініне сенімді болып, көңіліміз марқайды.

Ләззат САРЫБАЕВА,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы