Бұл кеңесте біз де авторлар қоғамының жұмысына қатысты ойымызды, өңірдегі шығармашылық зиялыларына қаржылай жәрдем көрсету бағытындағы ұсыныстарымызды ортаға салдық. «Қазір Қазақстанда авторлардың құқығын қорғаймын, шығармаларына өріс ашамын деп келісім-шартқа тұрып алған 10-нан астам Авторлар қоғамы бар. Бірақ олардан шығармашылық иелерінің қаржылай қолдау тауып отырғаны жоқ.
Өнебойы «заказда едім» деп тойдан қолдары босамайтын әншілер ғана рахатын көреді. Күнде кешке той қуалап біздің әндеріміз арқылы табыс тауып отырған әншілерге ғана жұмыс істейтін мұндай қоғамдардың бізге қажеті бар ма? Мысалы, композиторды алайық.

Ән туғызады, әнге мәтінді ақынға ақша төлеп жаздыртады, ән өңдеушіге ақы төлейді, әншіге қаламақы ұстатады, өз әнін шырқату үшін әншіге, жол қаржысы, жатар орны, қаламақысы бар, тағы төлейді. Конкурсқа ән жолдаса, әнші тағы ақы сұрайды.
Шығармашылық кеш өткізу үшін зал шығыны, телеарна насихаты, бәрі ән тудырушының қалтасында. Осы себепті, шығынға белшесінен батып отырған туынды авторларына мемлекет тарапынан қолдау көрсету жағын ойластыруымыз керек сияқты.
Мәселен, жыл сайын Президент тарапынан шығармашылық иелеріне берілетін мемлекеттік стипендиялар мен гранттарды тек Астана мен Алматы маңындағы жасы ұлғайған танымал шығармашылық адамдарына ғана бөле бермей, белгілі бір мөлшерін өңірдегі таныла алмай жүрген орта буын өнер адамдарына да беру жағын қарастыру керек деп ойлаймын. Бұл олардың қаражаттан қысылмай, шығармашылықтарын ұштауына көмек болған болар еді».
Бекжігіт СЕРДӘЛІ,
сазгер, А.Ясауи атындағы ХҚТУ профессоры.