«Мен өмірімді қолөнерсіз елестете алмаймын», – дейді мүсінші Ислам Сталинбеков. Себебі, қаннан берілген қасиет болса керек, өмірлік мамандығын таңдауда әулетінің жолынан алыс кетпеген. Айтуынша, түп нағашылары қолөнер бұйымдарын дәріптеп, насихаттай білген жандар.
2008 жылы қаламыздағы Абай атындағы №31 жалпы орта мектебінде 9-сыныпты аяқтаған бозбала Шымкент қаласындағы Ә.Қастеев атындағы көркем сурет колледжіне «Мүсін» мамандығының тұңғыш студенті болып оқуға қабылданған. Бала кезінен тек пейзаж бен еркін тақырыптардағы суреттерді салуға құмартқан болса, кескіндеме, мүсін өнеріне деген қызығушылық орта арнаулы оқу орнында білім алып жүргенде артқан-ды. 2012 жылы Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетіне «Бейнелеу және сызу» мамандығы бойынша сырттай оқуға түсіп, алғашқы еңбек жолын Шымқаладағы мейрамханалардың қабырғаларына түрлі суреттер салудан бастаған.

«2014 жылы Түркістанда қолөнер орталығы ашылды дегенді естіп, төл туындыларымды (мүсін) сатылымға шығардым. Алғашқы жасаған дүниелерімнің бірі домбыра мен қобызға асық жапсырылған (суретте) шағын кәдесый болатын. 5 мың теңгеге сатып, қосымша он бес данасын жасауға тапсырыс алдым. Еңбегімнің бағаланғаны осы болса керек, қуанышымда шек болмады. Қазіргі таңда рухани шаһарда қолөнер орталығы мемлекеттік мекемелерге пайдалануға берілген соң үйден шықпай-ақ әлеуметтік желі арқылы тапсырыс қабылдап отырмын»,- деді Ислам Сабырбекұлы.

Осылайша сүйікті кәсібінен несібесін теріп, өнерін дамытуды өмірлік мақсатына айналдырған. Шығармашылық жұмыс болған соң уақытының көп бөлігін шеберханада өткізуі де заңдылық секілді. Қиялдағы шабытын шарықтатып, ерекше дүниені жасап шығаруға ізденіс пен шыдамдылық керек-ақ. Негізінен қандайда бір бұйымды жасауда қара ағашты пайдаланады. Себебі, қара ағаш – иілгіш, жұмсақ болып келеді.
Анасы Мадина Бекбауованың сөзінше, отағасы Сабырбек он бес жылға жуық уақыттан бері Қ.А.Ясауи кесенесінің кіші макетін жасаумен айналысады. Гипстен қалыпқа құйылып, түрлі бояулармен боялатын (үш түрлі көлемдегі) макетке қала қонақтарынан сұраныс көп түсетін көрінеді. Бағасы – 2 мың мен 5 мың теңге көлемінде. Сегіз жылдан бері отбасылық өнімді отанасы кәдесыйлар дүкенінде саудалап келеді. Бұл істе қолғабыс жасауға әзір Бақдаулет пен Асан және Үсен есімді інілерінің де үлесі мол. Яғни, бүтін бір шаңырақ мүшелері жанұялық кәсіппен айналысуда.
Қазіргі кезде қазақтың ұлттық астау бұйымын тапсырыспен жасап жүрген шебер бір ғана данасын дайындауға «7-10 күн уақыт жұмсаймын» дейді. Бүгіннің өзінде 200-ге жуық дүниенің авторы қобыз аспабын да жасауға машықтанған. Алдағы уақытта бойына біткен өнерін шыңдау үшін түрлі ерекше мүсіндерді жасауды ойға алған азамат берекелі тірлігін өркендетуге күш салмақ.
Н.МҰХТАРҰЛЫ.