Түркістанды туризм орталығына айналдыру мақсатында билік тарапынан қыруар шаруалардың атқарылып жатқанын жақсы білеміз. Туристерге сапалы қызмет көрсету, сервистік қызметті жетілдіру, тарихи орындарға қиындықсыз сапар шегу үшін инфрақұрылымды жетілдіру секілді түрлі бағыттағы жұмыстар жанданып келеді. Ал, енді осы жұмыстардың рахатын кімдер көріп жатыр? Жергілікті тұрғындар туризмнің шарапатын сезіне ала ма, деген сауал төңірегінде жауап іздеп көрдік.
Құрмаш Төтеев – тарихи шаһар Түркістанның туризімін дамытып, содан табыс тауып жүрген жандардың бірі. Тіптен арнайы шеттілі курстарына бармай-ақ шетелдіктермен тілдесудің оңтайлы тұсын тапқан. Ағылшын тілін еркін меңгермеседе, ауызекі сөйлеу мәдениеті қалыптасқан. Дидарласқан әрбір саяхатшыдан қолтаңба алуды әдетке (хобби) айналдырған азамат, қаламыздың туристік орталық боларына бек сенімді.
Темір тұлпарымен тасымалдау қызметін ұсынып отырған қарапайым көлік жүргізушісі бұл істі 10 жылдан аса уақыт бұрын қолға алған. Айтуынша, жұмыссыздық дендеген уақытта қолдан келген шаруаны істеуді жөн көрген екен. Қазіргі таңда облыстық «Жасыл аймақ» мекемесінде күзетші болып еңбек етуде. Үйреншікті кәсібінен де қол үзген емес. Егер де өңірімізге келуге ықылас танытып жатқандар болса демалыс күндерін тиімді пайдаланып, қызмет көрсетуге әзір.
«Венеция мемлекетінен келген 2 жас жігіт арнайы қағаз берді. Естелік болсын деген ниетте лебіз парағына 50-ге жуық әлемнің түкпір-түкпірінен келген меймандарға қол қойғызып алдым. Шетелдіктердің Арыстан баб, Үкаша ата, Қ.А.Ясауи кесенелері сынды өңіріміздегі көне архетиктуралық ескерткіштерге деген құмарлығы тәнті етті. Бірде германиялық қонақпен Сауран қалашығына сапарымызда ол фотоаппаратымен күннің ұясына батқан сәтті түсірді. Мұдай құбылысты мүмкін осылай көрмесем арнайы көруге бармаста шығармын, кім білсін?

Негізі шеттен келгендер біздің табиғатымызға, тарихи орындарымызға ерекше құрметпен қарайды. Ұлы даланың қасиетін сезіне алмай жүргендей көрінеміз кейде. Негізі біз шетелдіктер қызыға қарайтын туған жерімізбен қашанда мақтануымыз керек»,- деді Құрмаш Дүйсебайұлы.
57 жастағы азамат Гүлзада есімді жарымен өсіріп-жетілдірген 4 ұл, 3 қызынан – 6 немере сүйіп отырған шаңырақ иесі. Оның пікірінше, туризмді дамытуға түркістандықтардың әрқайсысы атасалысуы керек-ақ. Ол міндетті түрде қаланы тамашалаушыларға бір зат сатып табыс табу мәселесі емес, жылы шыраймен жол сілтеу, қонақжайлық танытудың өзі үлкен құрмет.
«Екі жолаушыны қаланың кіре берісіндегі жаңа автовокзалға жеткізуім керек болатын. Жол үстінде көлігім сыр беріп, тоқтауға тура келді. Сонда жанымнан өтіп бара жатқан көліктегі жас жігіттер көмек берді. Оларға алғысым шексіз әрине. Біздің елде бір-біріне әрдайым көмек көрсетуге әзір деген сөзімді естіген шетелдік жолаушылар риза болып, таңданыстарын жасырмады» – деген ағамыз кезекті сапары кезіндегі ғибрат аларлық қызықты оқиғасын әңгімелеп берді.
Тарихымызбен танысқан шетелдіктер Құрмаш Дүйсебайұлының қызметіне ризашылығын айтып, келесіде жақындары қызығушылық танытар болса кейіпкерімізбен байланысуды құп көреді екен.
Шамамен айына осындай мақсаттағы 10-15 адамға қызмет көрсететін көлік жүргізушісі тұрақты жұмысының жалақысынан бөлек отбасына кіріс көзін бір жолға қойған. Соның нәтижесінде өзгеге алақан жаймай, жұрт қатарлы тұрмыс кешіп жатқан жайы бар. Бұл жерде айта кетерлігі, туристік фирмалар жұмысы өз алдына дамып жатса, тұрғындар арасында бос уақытын тиімді пайдаланып, такси қызметі арқылы туристермен байланысын нығайта түскен кейіпкеріміз бұл салаға машықтанудың аса қиын емес екенін аңғартып тұрғандай.
Осындайда туризмді дамытудың төте жолына көшіп, шағын туристік орталықтардың артуына Үкімет тарыпынан қолдау білдіріп, төмен пайыздық несие немесе субцидияландыру арқылы мемлекеттік бағдарлама құрылса деген ой келеді. Тіпті ұсыныс десек те болатындай. Осы арқылы шағын және орта бизнестің одан әрі ілгерілеуіне жол ашылып, жаңаша даму бағыты қалыптасар ма еді?!
Қалалық туризм бөлімінің мәліметіне сүйенсек, 2019 жылдың 8 айында облыс орталығына – 923 362 турист келген. Оның ішінде өзге елден келгендер – 32 401, ішкі туризм бойынша қорытынды – 890 961 адамды құраған. Ал, қызмет көрсету бағытында 24 қонақ үй, 2 хостел және 63 мейрамхана жұмыс жасауда. Демек, осы аталған нысандардың табысының артуына қаламыздың қарапайым тұрғыны Құрмаш Дүйсебайұлы секілді азаматтардың да қосып жүрген үлесі ерекше шығар…
Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ,
«Түркістан».