ҰЛЫ ЕСІМГЕ ЛАЙЫҚТЫ ҰСТАЗ

1  409 көрілім

«Жаңа оқу жылы басталды» деп жүргенімізде, алғашқы ай да аяқталып қалыпты. Қазір сабақ кестесі, жаңа оқушылар, арнайы кабинет, сынып жетекші деп өтетін қыркүйек айындағы абыр-сабыр уақыттың басылар сəті емес пе? Жə, біздің айтарымыз ол емес.

Сүлейменова Жақсыкүл Жүрсінбайқызының негізгі ұстанымы – сапалы білім, саналы тәрбие берумен қатар оқушылардың дарындылық қабілетін шыңдау, патриоттық рухта тәрбиелеу. Өзгенің бақытын аялау үшін, өз уақытын аямай еңбек етіп келе жатқан ұстазымыз өткен 2018 жыл қорытындысы бойынша Түркістан қаласы әкімдігіне қарасты білім ордалары ұстаздарының арасында «Жылдың үздік ұстазы» атанды.

Облыс орталығы Түркістан қаласындағы №21 жалпы орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс беріп, еңбек етіп жүрген ұстаздың жалпы еңбек өтіліндегі жетістіктері көңіл қуантарлық. Атап айтар болсақ, облыстық әдістемелік орталығы ұйымдастырған «Инновациялық идеялар жобасы» байқауы мен облыстық озық тәжірибелі педагогтер слетінің І дәрежелі дипломын жеңіп алды. Сонымен қоса, VІІ қалалық Р.Сейтметов атындағы көркемсөз оқу шеберлері байқауына даярлаған шәкірті Гүлім Құлжа бас жүлдені иеленсе, ІV Халықаралық балалар мен жасөспірімдердің «Нұр Әлем Жұлдызы» жобасының ұйымдастырған «QAZAQSTAN STARS» шығармашылық байқауына қатысқан 11-сынып оқушысы Сауқым Нұрай да бас жүлдені иеленді. Ұстаз еңбегі шәкірттерінің шыққан биігімен өлшенері хақ. Әріптестерінің айтуынша, жаңалыққа жаны құштар, тынымсыз еңбек етуден жалықпайтын Жақсыкүл Жүрсінбайқызы қай сайысқа бармасын жүлдесіз оралмайды. Оны облыстық, халықаралық, республикалық жарыстарға қатысқан шәкірттерінің жеткен жетістіктерінен көруге болады.  2018 жылдың маусым айында Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті «Хәкім Абай» ғылыми зерттеу орталығы өткізген «Абай даналығы – рухани жаңғырудың темірқазығы» тақырыбындағы конференцияда баяндама жасап, Абай мұраларын жас ұрпаққа насихаттаудағы өнегелі еңбегі үшін «Хакім Абай» ғылыми-зерттеу институты мен қоғамдық қорының алғыс хатымен марапатталды. Облыстық әдістемелік орталық ұйымдастырған «Абайдың қара сөздері», «Абайтану» облыстық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауының қалалық және облыстық кезеңнің жеңімпазы болып жүлделі І орынды иеленді.

Жыл үздігі деп табылған Жақсыкүл Жүрсінбайқызы мектепте абыройлы ұстаз, білім саласындағы білікті маман болумен қатар отбасында бес ұл-қыз тәрбиелеп отырған ардақты ана. Өз перзенттеріне де өнегелі, саналы тәрбие беруден еш шаршамайды деп айтуға болады. Өткен 2018 жылы облыстық «Үздік оқырман отбасы» байқауына өз перзенттерімен қатысып, көркем әдебиетті көп оқып, рухани сусындап, мейірі қанып өскендіктерін дәлелдеп, жаңаша идея және тың дүниелермен бөлісіп, қазылар алқасының ерекше алғысына бөленіп, бас жүлдені жеңіп алды. Қыздары: Мөлдір, Ақнұр, Гүлім мектепті үздік бітіріп, жоғары оқу орындарын да үздік дипломмен аяқтаса, ұлдары: Жеңіс пен Кемеңгер оқу озаттары. Ұл-қыздарына кішіпейілдік, көпшілдік, имандылық, алғырлық, өжеттік, еңбекқорлық, шығармашылық сияқты қасиеттер анасынан дарыған. Барлығы да шетінен дарынды, талантты, өнерлі болып өсіп, қалыптасуы да іскер де ізденімпаз, ақылды да алғыр, өнерлі де өжет, жан-жақты, еңбекқор әрі талапшыл ананың берген өнегелі тәрбиесінің арқасы.

Ұлағатты ұстаздың жақсы істері жалындаған жастарымызға үлгі боларлық. Олай дейтінім, тынымсыз еңбек пен отбасындағы бала тәрбиесін қатар алып жүрген ұлағатты ұстаз, ардақты ана жуырда ғана өткен облыстық «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысып, отбасы мүшелерінің жеткен жетістіктері мен алған асулары, бағындырған белестері мен ұстанатын отбасылық құндылықтары, сақтаған салт-дәстүрлері, көрініс тапқан әдеп-ғұрыптарының нәтижесінде жүлдегер болды. Қазақстандық отбасының жағымды имиджін насихаттау, адамгершілікті, руханилықты нығайтуды мақсат еткен бұл ұлттық байқаудың жемісті жеңісі де тынымсыз еңбекпен келген шын иесін тапқан жеңіс деп білемін. «Еткен еңбек төккен тер, еленсе еңсе көтерер» дегендей, ел үшін еткен еңбегіңіз қашанда еленіп әрдайым осындай биік тұғырдан көре берейік!

Мадина ТАСКУЛОВА,

Түркістан облысының білім саласындағы бақылау департаментінің бас маманы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы