САПАЛЫ БІЛІМ ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ КЕПІЛІ

1  654 көрілім

Қазақстанның білім беру жүйесі санға ғана емес, сапаға негізделуі – бүгінгінің басты талабы. Мұғалімдер мен оқушылардың біліктілігін көтеру жұмыстарын жандандыру және білім сапасын жақсарту жолдары бірізділікпен жүйелі жолға қойылып келеді. Бір сөзбен айтқанда, еліміздің болашағының бүгінгіден де нұрлырақ болуына ықпал етіп, алға апаратын күші білімге байланыстылығы айқын көрінуде.

2018 жылдан бері өзім басшылық жасап келе жатқан Түркістан қаласындағы «№21 жалпы орта мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде білім алушының білім сапасын арттыруды жолға қоюды басты мақсат етіп келемін. Себебі, білім мен ғылымның дамуы – адамзат өркениетінің өлшемі, сапалы білім жарқын болашағымыздың кепілі екендігі айқын. Білім саласы үнемі жетіліп, жаңарып отыруды қажет етеді. Біз өмір сүріп отырған қазіргі кезең – бұл жаңа дәуір, жаңа көзқарасты, жаңашылықты талап ететін уақыт. Соның ішінде, білім саласында болып жатқан жаңа өзгерістердің мәні мен маңызы зор. Бүгінгі мектеп табалдырығын алғаш аттаған еліміздің ең жас азаматтарына білімге ғажайып жол ашылуда.

«Егер адамға балық берсең, ол бір күн тоқ болады, ал егер қармақ беріп,оны қолдануға үйретсең, ол өмір бойы тоқ болады» – дейді шығыс даналығы. Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев бізге нақты жоспар жасап, қолжетімді нәтижеге жететін мақсатқа лайықтап жұмыс жүргізуге бетбұрыс жасайтын жағдай жасады. Яғни, қолымызға қармақ берді. Белгілі орыс педагогі В.А.Сухомлинский айтқандай: «Егер мұғалім ойлауға үйретпесе, бала білім қоймасына айналады да, қаншама білімі мол болғанымен, ол өмірде өз білімін дұрыс пайдалана алмайтындықтан жерін айдап, дәнін сеппеген диқанға ұқсап шыға келеді». Енді ары қарай тізгінді білікті басшы өзінің даму жоспарын қолжетімді нәтижеге бағыттаған болса, әр оқушы өзіне қажет өмірлік білімін алуға талпынары хақ.

2019 жылдың ақпан айында Алматы қаласында арнайы мектеп басшыларының курсынан өткеннен кейін, мектептің даму жоспарын оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыруға, білім сапасын одан ары арттыруға, мұғалімдердің өмір бойы білім алу парадигмасын нығайтуға негіздеп жасадым. МДЖ-ның жүзеге асып орындалуы үшін біршама іс-шаралар ұсынып, оның жүйелі ұйымдастырылуын қадағаладым. Қолжетімді табысқа жету үшін ең алдымен әр баланың жүрегіне жол табу қажет деп «оқушы үнін» естуге, тыңдауға қатысты шаралар жүргізуді жолға қойдым. Жүргізілген сұхбаттар, алынған сауалнамалар мен рефлексиялар баланың шынайы үнін естуге көп септігін тигізді. Осы орайда сұхбатты формалды емес жағдайда жүргізген дұрыс. Сұхбатты диалог құру арқылы жүргізгенде оқу мен оқыту үдерісінің деңгейін анықтап, оған өзгеріс ендіруге мүмкіндік алдым.

Бағытталған нәтижеге жетуде мұғалімдердің кәсіби құзіреттіліктерін анықтау, табу және деңгей бойынша іріктеу жұмыстарының тигізер әсері мол. Әр мұғалімге психологиялық-педагогикалық құзіреттілігін, қарым-қатынас құзіреттілігін, оқытуда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану құзіреттілігін, сабақ барысын басқарудағы құзіреттілігін, оқу үдерісін бағалау мен талдау құзіреттілігін меңгертуді мақсат еттім. Сол себепті келесі қадамды мұғалімдердің кәсіби шеберлігін арттыру мақсатында бағдарлама идеясын ауқымды деңгейде түсіндіру, үйрету үшін, мұғалімдердің іздену, шеберлігін дамытып шыңдау үшін «Нұрлы болашақ» кәсіби шеберлік қоғамдастығын құрумен жалғастырдым. Бүгінгі таңда бұл қоғамдастық өз жұмысын қарқынды жүргізуде. Бұл қоғамдастықтың беретін мүмкіндіктері қандай? Олар: мұғалімдер үшін білімді пайдаланумен қатар, өздеріне сол білімді құру мүмкіндігін; ынтымақтастық құрылымдарының сан алуандығын; икемділігін және бейресмилігін; талқылау барысында жиі ортақ шешімге келтірмейтін мәселелерді талқылау мүмкіндігін; үлгілі шешімдерді шығарып қана қоймай, керісінше мұғалімнің жұмысын ынталандыратын идеялардың туындауын; тәуелсіз болуы мүмкін. Бірақ сонымен қатар мектептермен немесе университеттермен байланысқан ұйымдық құрылымды; мектептен және қала, ауданнан тыс жерде жұмыс істеу мүмкіндігін; іске серпін беретін және қолдау тапқан ортасында тәуекелді шешім қабылдауға ынталандыратын реформаларды; мұғалімдердің білімін, сонымен бірге зерттеулер мен өзгерістер кезінде алынған білімді құрметтейтін қоғамды қамтамасыз етеді.

Бүгінде қоғамдастықтың мүмкіндіктерін пайдаланып мектеп – тренерлері М.Исрайлова мен А.Мырзабекова пән бірлестіктеріндегі мұғалімдерден жеке-жеке топ құрып тренерлік жасап арнайы нұсқаулық бойынша сабақтар өтуде. Алғашқы легтегі курс тыңдаушылары өз есебін өткізіп, тиісті сертификаттарын да алды. Ал, кезіндегі арнайы деңгейлік курстан білім алып сертификатталған мұғалімдерге жетекшілік жасап, жұмысты үйлестіріп отырған оқу ісінің орынбасары А.Тұрымбетованың әріптестері: А.Исабеков, А.Бесбаева, Б.Бердіқожаева, Ш. Күзенова, Г.Баржаубаева, М.Асханова, Ж.Сансызбай, Ф.Сырайлова, Р.Битанова, Ж.Рысбаева, А.Атакеева, Д.Тәукебаева, Ж.Құттыбай, Е.Зұлпыхаров, А.Бегасилова, А.Наурызбаевалармен әр сынып оқушыларының қызығушылығын оятатын тиімді тәсілдерді зерттейтін Лессон Стадилер де оң нәтижесін берді. Оқушы іс-әрекеті мұқият бақыланып, зерттеудің нәтижесінде интербелсенді әдіс-тәсілдер көрініс тапқан нәтижелі сабақтар өтіліп, оқушы қызығушылығы артқандығы байқалды.

Біз әлемнің барлық жетекші елдерінің қол жеткізген жетістіктерінің іргетасы – білім есебінен салынған экономика екенін көріп отырмыз. Білім – ілгерілеу және барлық инновацияның қозғаушы күші. Адами капитал мен елдің бәсекеге қабілеттілігін дамытудағы білім саласының маңызды рөлін белгілей отырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім беру жүйесіне ерекше көңіл бөледі. Сондықтан да, біз білім берудің жоғары сапасына қол жеткізу жолында алдымызға мақсат, міндеттерді қойып, оларды бірлескен жұмыс жобасы негізінде жүзеге асыруды қолға алып келеміз. Белгіленген межеге қол жеткізу жолындағы әрбір қадам маңызды және құнды болатындығы сөзсіз. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Қазақ елінің болашағы – бүгінгі жастар. Ұстаздар оларға қалай білім берсе, Қазақстан сол дәрежеде самғайды, өзін әлемге танытады», -деп атап көрсетті. Яғни, әрбір елдің болашағы, оның білім ордасы мектебінде шыңдалады.

Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы. Ендеше осы қазынамыз ортаймасын. Еліміздің білім саласы әлемдегі үздік білім жүйелерінің тәжірибесі негізінде дамуын толастатпай, «Ұлылықтың басында ұстаз тұрар» демекші, білім саласындағы басым бағыттардың бірі – педагог мәртебесі арта берсін.

Руслан СТАМҚҰЛОВ, №21 жалпы орта мектептің директоры.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы