- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Биылғы 2019-2020 оқу жылында шаһарда жалпы саны 37 мектеп оқушылар үшін есігін айқара ашты. Жалпы, білім саласы əр жыл сайын жаңарып, оқу жүйесі де ұдайы өзгеріске түсіп отыратыны бесенеден белгілі. Тіпті, оқу жүйесімен қатар, мектептерде де жаңа леп пайда болуда. Нақты айтсақ, білім ордаларына «жалпы орта мектеп», «мектеп-лицей», «мектеп-интернат» жəне «мектеп-гимназия» деп атауына қосып, айшықтайтын едік. Олардан бөлек, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында барлық өңірлерден ІТ мектептер ашу жоспарланған болатын. Осы мақсатта, қаламыздағы №23 және №27 мектептер 2018 жылдың қазан айында «ІТ мектеп-лицей» болып өзгертілді.

IT мектеп-лицей дегеніміз не? Өзге мектептерден айырмашылығы қандай? Мұндағы балалар несімен ерекшеленеді? Неліктен ол білім ордалары таңдалды? Ендеше, сіз бен біздің көкейіміздегі осы сауалдардарға жауап іздеп көрелік.
ІТ мектеп-лицей – бұл жаратылыстану бағытындағы ІТ саласы, яғни ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) бағытында оқыту жүйесі. Онда программалау тілдері, веб сайт жасау саласы, робототехника бағыты, сонымен қатар бағдарламалық жүйелер оқытады. Бір сөзбен айтқанда, мұндағы оқушылар бүгінгі қоғамға аса қажетті және сұранысы жоғары мамандықты мектеп жасынан бастап үйренеді. Демек, ебі мен қызығушылығы болса, ЖОО-ны да осы мамандықпен ұштастырады деген сөз. Мәселен, №23 ІТ мектеп-лицейінде факультатив есебінен сағаттар берілген. Ол сағаттар 5 және 6 сыныптарға өтуде. Неліктен ол сыныптар десек, әрбір сыныптан арнайы тест алынып, білім деңгейлеріне қарай таңдалған. Нақты айтсақ, 5 «а», 5 «ә» сыныптары Photoshop, Scratc, Macromedia Flash Player тақырыптарын, ал 6 «а», 6 «ә» сыныптары 3D MAX, Photoshop, Macromedia Flash Player тақырыптарын кеңінен оқуда. Ал, №27 ІТ мектеп-лицейінде 3-сынып оқушыларынан бастап 8-сыныпқа дейін факультатив есебінен сағаттар беріледі. Ақпараттық технологиялар негіздері, кеңселік бағдарламалар, «Компьютерлік графика. Photoshop» таңдау курсы, 3D модельдеу, «Робототехника» негіздері 1-деңгей және «Робототехника» элективті курсының бағдарламасы 2-деңгей тақырыбында оқытуда. Сонымен қатар, 10-сыныпқа «Бағдарламалау тілдері» тақырыбында қосымша сабақтар беріледі.

«№23 және №27 мектептері жаратылыстану бағытындағы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бағытына қарай таңдалынып алынды. Осы «ІТ мектеп-лицей» бағытында 2019-2020 оқу жылынан бастап факультатив есебінен сағаттар беріліп жұмыс жасауда. 2018 жылы қазан айында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында білім бөліміне қарасты 31 мектепке ІТ-бағдарламашы штат бірлігі берілді. Сонымен қатар, аталған екі ІТ мектеп-лицейге де бағдарламашы штат бірліктері беріліп, 2018-2019 оқу жылында «Bilim Book» құрылғыларымен және арнайы 3 тілде білім ресурстарымен жабдықталған. Жалпы, облыстық бюджет есебінен қамтамасыз етілді», – деді қалалық білім бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбекова.
Ал, біз жан-жақты түсіндіруді мақсат еткен №23 және №27 ІТ мектеп-лицейлерінде факультатив есебінен жаратылыстану бағытындағы қосымша сағаттарға ІТ-бағдарламашылар сабақ береді. Олардың негізгі қызметі серверлер мен жұмыс станцияларында желілік бағдарламалық қамсыздандырулар орнату. Яғни, пайдаланушыларды тіркеп, логиндер мен құпия сөздерді белгілейді, бағдарламалық қамтамасыздандыру жұмыстары бойынша нұсқаулар жасайды, локальдік және әлемдік желілердің қолжетімділігін ұйымдастырады, мәліметтердің уақтылы көшірілуін және жинақталуын қамтамасыз етеді. Желі жабдығының ақауын, пайдаланушылар мен бағдарламалық қамтамасыздандыру желісінің қателерін анықтайды. Жүйе жұмысы тоқтағанда және жүйе жабдығы жұмыстан шыққанда оларды қалпына келтіретіндер де IT-бағдарламашылар. Желінің қауіпсіздігін (ақпараттарға рұқсатсыз кіруден қорғау, жүйелік файлдар мен мәліметтерді қарастыру немесе өзгерту), оның ішінде желіаралық қарым-қатынастардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Тіпті, ұлттық білім беру деректер қорындағы есеп мәліметтердің дұрыс толтырылуына тікелей жауап беріп, онда жұмыс жасайтын мамандарға бағыт бағдар береді. «Kundelik.kz» электронды журналының жүргізілуін қадағалау, статистикалық рейтингін бақылау сынды, яғни аса маңызды міндеттерді атқарады. Мұнымен қоймай, «Bilimland» сайты мен «Bilimbook» құрылғысының ресурстарын мұғалімдер мен оқушыларға сабақтарда пайдалануына нұсқаулық беріп, бақылайды. Бұл мамандар 2018 жылдың қазан айынан бастап штат бірлік берілгеннен кейін, арнайы талаптармен мектептерге https://jumys.snation.kz сайты арқылы конкурс негізінде қабылданған.
Қалалық білім бөлімінің басшысы А.Үсенқызының айтуынша, алдағы жылдары жаратылыстану бағытындағы ІТ саласында білікті мамандары, өткен жылдардағы мұғалімдері мен оқушыларының айтарлықтай жетістіктері бар мектептерді «IT мектеп-лицейге» өткізу жоспарланып отыр. Сәтін салса, осы жолды игеру арқылы болашақ ғалымдар, кез келген техниканы «шашып-құрайтын» жастар, бүгінде әрбіріміз қолданатын whatsApp, instagram, facebook сынды әлемді шарлаған бағдарламалар секілді, тіпті біз ойламаған дүниелер де түркістандық оқушылардың туындысы ретінде жарық көретініне сеніміміз кәміл.
Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,
«Түркістан».