- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Екі мыңыншы жылдардан кейін Қытай үкіметі аз ұлттар қоныстанған райондарда ақырындап ұлттық күйретулерді жүргізе бастады. Қала, ауыл-қыстақ құрылысын жаңарту, жолдарды жөндеу т.б ларды сылтау ете отырып, ел көзіндегі көне жадыларды біртіндеп жойды. Қытай үкіметі құрылғаннан бұрын және одан кейінгі уақыттарда егілген көше бойларындағы байырғы ағаштарды қыйып тастап, басқа өсімдіктер екті, ежелгі құрылыстарды шағып жаңа ғимараттар салды, ауыл-қыстақтардың да бұрынғы бет-бейнесі мүлдемге өзгертті, жұртын жаңалатты, малшыларды отырақтандыруды сылтау етіп, иен далалардан жаңа қыстақтарды көптеп салды. Не бір тарихи орындар, ел есінде жүретін мұғжизалар ақырындап көзден ғайып болды.
Байырғы халықтардың есін жоғалту процесі әдемі ұрандар мен жымсыма саясаттың астарында жүріліп жатты. Үлкен ақсақалдардың аузынан «өткенді еске алып тұрарлық ештеңе қалмады, бәрі де көрген түстей ұмыт болды-ау» дегендерін көп еститінбіз.
Қазақ қоныстанған үш аймақ яғыни Іле қазақ автономиялы облысы ескі, жаңа қытай үкіметтері тұсында ұлт азаттық көтерілістері ең көп туылған район болды. Әсіресе, Алтай өңірі ұзақ жылдық соғыс пен тұрақсыздықтың әсеріне аумалы-төкпелі жағдайды басынан көп өткерді. Оспан батыр, Дәлелхан генарал бастаған ұлттық күштер қазіргі қызыл қытай үкіметіне де көп қарсылық көрсетіп, олардың мыңдаған әскерін қырып салып отырды. Бұндай қарсылықтар бертінге дейін жалғасты. 1958- жылы Көктоғай, Шіңгіл қатарлы екі ауданның халқы әйгілі ақыт қажының ұлы қалманның бастауында ұлт азаттық көтерілісінің алауын тұтатып, бір жылдай қытай коммунистерін аласапыранға түсірді. Бұл көтеріліс жанышталғаннан кейін де жекелеген күрестер астыртын жүріп жатты. 1970- жылдары Дәлелхан генаралдың ұлы Маннан мен атақты ақын Қызырбек Ораловтар жасырын түрде ұйым құрып,«Үш отаудың басын қосу» бағытында жұмыс жүргізіп жүріп, әшкерленіп қалып, Маннан мен Қызырбек бастаған бір топ азаматтар қолға түсіп, Қытай үкіметі жағынан атылып кетті. Сондықтан да бұл өлкеде осынау ерліктер мен ұлттық рухтың асқақ көріністері тау мен тасқа, адам қолымен істелген түрлі құбылыстарға сіңіп кеткен десек артық болмас еді. Адамдар көше бойларына егілген ағаштардан, алуан жолдардан, құрылыстардан сол күндердің биік болмысын сезіне алатын.
Мысалы, сол Алтай аймағының Көктоғай ауданының тұрғын ауылына баратын жолы күдірлеу «Уша» деп аталатын тау арасынан өтетін 99 бұрылмалы сайрағы бар еді. Осы жолдың бірнеше жерінде Сүлеймен батыр гоминдаң үкіметімен соғыста қытай әскерлерін жүздеп, мыңдап қырып тастаған бірқанша тұйық сайлар бар болатын. Үлкендер осы жолдың бойынан өткен сайын бұл ерліктер үнемі айтылатын, атадан балаға, одан немереге жалғасқан хикаяттар қытай үкіметі осы жолды жауып, тауды тесіп отырып төте жол салғанға дейін эпостай айтылып келді. Егерде бұндай жерлер ішкі қытайдың өзінде болса, осы Уша жолы тарихи уақиғалары бойынша ескерткіш орнатылып, саяхатшы қабылдайтын, ұрпақтарға өнеге етіп көрсетілетін маңызды орынға айналары сөзсіз болатын. Бірақ, ұлтсыздандыруды ұлт рухының биік тұлғаларын ел көңілінен өшіруден бастаған билік аз ұлт райондарында осындай батырлық символына айналған орындарды бір жолата жұрт есінен жуып тастауды әбден қолға алды. Қазыр бұл жол күшінен қалып, ел жүрегіндегі ерліктер ұрпақ санасынан өшуге айналды.
Ұлтты жоюдың жолдары өте көп. Халықтың көңілін «бақытты дәуір» синдромына салып қойып, ойын-той, арзан күлкі, жеңіл ән мен биге айналдырып, аузын шарапқа малып, еңбектен, ізденуден айыру _ қазыргі қытай саясатының бір зымян қалтарысы.
Қазақыстанға көшіп келіп, Астана жақта тұрып жатқан бір інім бар. Қытайда басшылық қызмет атқарып, тәп-тәуір өсіп келе жатты да, бір күнде мол еңбекақысын тастап, атажұртына келді. Сол жігіт айтатын:
_ Бұл қытайлар өте зымян, ұлттық салт-дастүрді сақтаймыз, ұлттық мәдениетті дамытамыз дейтін саясатының астарында да үлкен сұмдық жатады екен. Бір жолы аудандық ақындар айтысы болып, соған жыйналдық. Аудан дәрежелі басшылар бір киіз үйде айтыс ақындарын алдырып, кезекпен айтыстырып, кешкі қонағасыда отырдық. Шарапқа бөгіп алғаннан кейін қасымда отырған ауданның орынбасар секратарымен сөзге келісіп қалдым. Масаңдап қалған ол маған әңгіме арасында «Естерің дұрыс болса, ақындар айтысы деп улап-шуламай экономикамен, ғылыммен айналысатын едіңдер ғой, мынада не мағына бар» деп қалсын. «Сен біздің ұлттық өнерді қорладың, ұлттың намысына тидің» деп өре түрегелейін. Сонда ол «әй, ақымақтар-ай, сендерді осындай қоқыр-соқыр дыр мен дуға айналдырып қойып, басқалар барыңды тонап алып жатыр, ел бастайды деген сендердің кейіптерің мынау, қалың есуас жыйналып алып, өздеріңді жоғалтудың жолымен шұбап барасыңдар» деді. Әлде мастығынан әлде шынында бізге жаны ашып айтты, әйтеуір бір үлкен шындықтың бетін тырнап көрсетті. Осы сөзден кейін көп ойландым, ақыры жаттың жарылқамасын біліп қазақ елім қайдасың деп атажұртқа тарттым да кеттім.
Бұл естір құлаққа күнде шертілер жай әңгіме сияқтанғанымен астарында қаншама ауыр ақиқат жатыр.
Биылдан бастап қытай үкіметі аз ұлт тілінде оқытылатын мектептерді біржолата жапты. Күні кешеге дейін оқытылып келе жатқан қазақ тіл- әдебиеті осы күзден бастап оқыту программасынан сызып тасталды, енді барлық пәндерді біртұтас қытай тілінде оқыту ғана жүргізіледі. Келер ұрпақ тілден, ділден айырылды, ұлттық болмыстың есік-тезесі бекітілді, қытайландыру өз дегенін орындап болды.
Шет елдерді тұрып жатқан алты миллиондай қазақ бар, бұлардың дені өзінің тарихи ата мекенінде отырғанымен қазыр олар қазақыстан територясының сыртында қалды, жерімен қоса Қытайдың, Мұңғылдың, Орыстың, Өзбектің қарауында. Жоғарыда айтылған жайлар тек қытайдағы қазақтардың ғана емес, басқа елдердегі қандастарымыздың басында бар трагедя. Осыдан екі жылдың алдында Мұңғыляның екі азаматының мемлекет басшыларына «қазыр қазақтардың саны күрт өсіп кетті, оларды туыттан шектемесек, аз жылдан соң қазақтар көбейіп, өзіміз азсанды этносқа айналып қаламыз, үкімет осыған амал қарастыру керек» деп жатқан видосы тарап еді. Әзірше тыныш жатқанымен кейінгі уақыттарда бұл елде қазаққа қатысты қандай саясаттар жүргізілетінін білмейміз.
Ал, Өзбекстандағы өзбектендіру жұмысының нәтижесі бәрімізге аян.
Россияда екі жарым миллиондай қазақ бар болғанымен бірде бір қазақ мектебінің болмауы соңының қандай трагедяға апарарын өзі-ақ айтып тұр.
Былайша айтқанда, шеттегі қандастарымыздың басына ұлт ретінде жойылып кетудің қасыретты қара бұлты төніп келе жатыр.
* * *
Жә, бұл бір деңіз.
Енді Қазақстан туралы, өзіміздің отанымыз туралы аз ғана айтайық.
Тәуелсіз елміз, егемендігіміз бар дегенімізбен біз әлі рухани құлдық пен заттық бодандықтан құтылып болмаған халықпыз. Үкіметіміздің толықтай, халқымыздың көп бөлімінің әлі күнге дейін қазақ тілінен алшақтап, өзгенің тілімен бат-бұттап жүруі, ұлттық экономиканы дамытудың орнына шет елдерден зат тасымалдап, алыпсатарлықтан аса алмай қалғанымыз, ұлттық оқу-ағартудың бір жүйеге түспей, қансыз, сөлсіз тәрбиенің жаңа жас буын ұрпақтарымызды дүбаралыққа апара жатқаны, елге ес болар деген азаматтарымыздың елдегі жағдайға разы болмай шетел асып кетіп жатқаны, халықтың хал-жәйінің күннен күнге нашарлауы, биліктің ел-жұртты жұмысқа тартып, еңбектенуге бастап, ауқаттануға жетелер тетікті таба алмай, жемқорлыққа белшеден батуы, заңның әділдіктен алшақтап, ақиқатты құрбандыққа шалуы, халық наразылығының күннен күнге күшеюі, көп адамдардың мемлекеттің, ұлттың болашағынан күдер үзуі … айта берсең жаны таза, ұлтын ойлар адамның қанын қайнататын қылықтар көп- ақ.
Өз елімізде, өз жерімізде отырып, өз тіліміз бен руханятымызды құрдымға жіберер жолдарды өзіміз жетелеп жүрсек_ елдіктен не қайыр, қазақ ретінде жер бетінде қалудан не қайыр?!
* * *
Біз жоғарыдағы жағдайларды бекер тілге алып отырғанымыз жоқ. Жақында ғана жарық көрген Арман Әділбекұлының «Қисайған балбал» атты поэмасы қазіргі қазақ ұлтының басына төнген үлкен трагедяның өнердегі (өлеңдегі) нақтылы көрінісі.
Енді поэмаға келейік. Тақырыбы_Қисайған балбал.
«Қисайып бара жатқан карияны,
Сүйей берді баласы, келіні кеп»,_ деп еді Мұқағали бір өлеңінде.
Қисаю_ құлаудың белгісі, біз құламайтын, құласақ қатты құлайтын, қайтып орнымыздан оңай тұра алмайтын халықпыз.
Балбал_ ұлттық болмысымыздың көді. Балбалдарымызбен бірге ғұмыр кешкен тарихымыз біздің ең асқаралы, ең рухты, ең таза, ең жауынгер кезіміз еді. Ол уақытта сайын дала, асқар тауларымыз ерліктен күркіреп, ұлттық рухымыз сан мың сайгүліктей дүркіреп тұрды. Шапқыншылықтар салдарынан балбалдарымыздан айырылдық_ барымызды беріп шықтық та, көп нәрсемізден тұл қалдық. Балбалдарымызды жоғалтқаннан кейін ғасырлар бойында басқалардың қуғыны мен сүргініне көп ұшырадық. Атаңа нәлет жоңғарлар бір қырды, оңбаған орыс ордамызды ойрандады, қалың қытай бір бүйірімізді сөкті.
Балбалдар көзімізден бұлбұл ұшты, тек көңілімізде елесі-ұлы рухы қалды. Сол рух сол елес біздің сүлдерімізді сүйіретіп бүгінге аман жетуімізге тірек болды.
Бірақ…
Енді соған да балта шабылып жатқандай. Оның көріністері жоғарыда айтылған жайлар.
Қисайған балбал_ құлау алдында тұрған ұлттық рух, өз қолымызбен көмуге асығып тұрған байырғы мәдениет пен сахаралық салт, «иығын сүйреткен» тобырдың қолынан стылып шыға алмай шыңғырып жатқан бегзат өткеніміз бен сәби келешегіміз…
* * *
Поэманың құрылымын да ондағы бөліктерді де бұдан ары бөлектеп талқыламадық, айтар ойын, жеткізер шерін түсінгесін одан соңғы ішкі мәтінді есті оқырман өзі де тауып алар деп сендік. Ал, өлеңді тортбұрыш қалыптан соғылған кірпіш ретінде қабылдайтын, жаңалықты түсінгісі келмейтіндер үшін қазіргі әдебиеттегі осындай биік өрелі шығармалар «жындыханадағы сандырақ» қана.
Айтпақшы, би_ ежелден өктемдіктің құралы. Патшалар билемейді, билетеді. өзінен алдеқайда биік, алдеқайда өктемдіктің алдында күңдер мен құлдар жүреді мағынасыз әрекеттері мен басқаларға мағына сыйлап. Сол әрекеттердің әр қозғалысынан нәпсі мен қомағай құлқынның уытты иісі аңқиды.
Ал, билеңдер… билеңдер…
Өткенге сағынышы бар адам өткенді оята алады, адамның ақыл-ойы да, жасаған қимыл-әрекеті де, құдаймен теңескісі келетін ғылымы да «ішінде де, басында ештеңесі жоқ бейіт» сияқты түкке тұрғысыз нәрсе. Бізге керегі даңқ емес, нәтиже.
Көз алдыма әлдебір мұнарлы әлемге сіңіп, жоғалып бара жатқан керуен елестейді. Бірақ жоғалу мен жоғалтудың екеуі екі басқа ұғым. Жоғалу жоғалтудан кейін, ал жоғалту_ жоғалудан бұрын…
Арман бауырымның жаңа поэмасы ұнады. Жылдың ең үздік поэмасы бұл.
Және бір сөз: осы поэманы оқып шыққаннан кейін бір бөлім есті ақындар, үнемі есінде де, түсінде де қинай беретін, кейде қысылғанда мағынасыз қисынға итеріп құтылта салатын ұйқастан жеріп шықса, таң қалуға болмас, сіра…
Қуаныш ДӘЛЕЙ
2021 жыл