КЕНТАУДАҒЫ КЕЛЕЛІ КЕҢЕС

647 көрілім

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын іске асыру аясында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев кездесулерінің алғашқысын Түркістан шаһарынан бастады. Түркістанмен іргелес Кентауда кірпіш зауытының ашылуына қатысып, саябақта тұрғындармен кездесті. Соңынан бірнеше тұрғынды өтініштері бойынша қабылдады.

Қара қарғаның миы қайнаған шілденің шіліңгір ыстығына қарамастан Сауран ауданының орталығы Шорнақта жергілікті тұрғындармен сыр бөлісті. Айналасы төрт жылда танымастай өзгерген киелі Түркістан өңіріндегі жасалып жатқан алып құрылыстар мен жаңа жобаларға таң қалысын жасырмаған жұртшылық өкілдері әкімге «Шаршамайтын Шөкеев» деген ат та қойып үлгеріпті. Ендеше, өзіміз куә болған Кентау мен Сауранда атқарылған шараларға тоқталалық.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Кентау қаласына кезекті жұмыс сапарында жаңадан іске қосылған кірпіш зауытының жұмысымен танысты. Өндіріс ошағы қаладағы арнайы экономикалық аймағында бой көтерген. Маңызды жобаны «Almaty NS Group» ЖШС жүзеге асырып отыр. Зауыт айына 3 миллион дана керамикалық кірпіш шығарады. Кәсіпорынды салып, қажетті қондырғылармен қамтуға 1 млрд. 720 млн. теңге инвестиция құйылған.

Жоба толық жүзеге асырылғаннан кейін жылына 45 млн. дана кірпіш шығару көзделіп отыр. Кәсіпорынның құрылысы 2021 жылы басталған. Бүгінде құрылысқа қажет материалдармен қамтылып, өндіріске керек пеш пен қондырғылары орнатылған. Қазір кірпіштің алғашқы легі шығарыла бастады. Жалпы зауыттың жылдық қуаттылығы – 45 миллион данадан жоғары. Мамандардың айтуынша, алдағы бірнеше жылда кірпіш өндірісі жылына 4-5 пайызға өспек. Зауытта әзірге 50 адам жұмыспен қамтылады деп жоспарланған.

Одан кейін өңір басшысы Сұлтанбек Қожанов атындағы саябақта Кентау тұрғындарымен кездесіп, сұрақтары мен өтініштерін, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Биыл сәуір айындағы кездесуде көтерілген мәселелердің басым бөлігі шешімін тапқанын мәлімдеді.

– Биыл сәуір айында Кентауға келіп, тұрғындарды толғандырып жүрген әлеуметтік және басқа да өзекті мәселелерді талқылаған болатынбыз. Міне, бүгін сіздермен қайта жүздесіп, көтерілген мәселелердің шешімін баяндаймын. Жалпы халықпен кездесу мен жеке қабылдау барысында 26 мәселе көтерілді. Оның 15-і өз шешімін тапты. Қалған 11-і шешілу үстінде. Әрбір өтініш заң шеңберінде қаралып, тиісті шешімдер қабылданып жатыр, – деген Өмірзақ Шөкеев сол кездесуден кейін қолға алынған бірнеше маңызды бастамаға тоқталды.

Қазіргі таңда Кентау қаласы табиғи газбен қамтылып, қала аумағында тұтынушы санын көбейту жұмыстары жүргізілуде. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-на 1981 тұтынушы техникалық шарт алу үшін өтініш берген.

Облыстық маңызы бар КХ-56 «Жамбыл облысы шекарасы – Құмкент – Шолаққорған- Ащысай -Р -31» автокөлік жолының 76-91 шақырымына, Ащысай ауылы мен Ойық ауылының аралығындағы 15 шақырымға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жөндеу жұмыстары тамыз айында толық аяқталып, нысан қазан айында пайдалануға беріледі.

Сонымен бірге тұрғындар өтініші Кентау қаласы бойынша мүгедектігі бар бар азаматтар 50 қоларбамен қамтылды. 1 топтағы мүгедектігі бар ересектерге арналған көпфункционалды әмбебап креслоны өтініш беруші әлеуметтік қызметтер порталынан таңдап алған.

– Кентау – өңіріміздегі жалғыз моноқала. Қаланың әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны тұрақты. Негізгі салаларда өсім бар. Халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасын жақсарту бойынша жұмыстар жалғасады. Жалпы Кентау қаласын табиғи газбен қамтамасыз ету жобасы 3 кезеңнен тұрады. Қала бойынша газға қосылатын 18 000 абонент бар. Оның ішінде: 1 кезеңмен – 11300, 2 кезеңмен – 3500, 3 кезеңмен – 3200 абонент қамтылмақ, – деді облыс әкімі.

Бүгінгі таңда газдандырудың І-кезеңі бойынша жұмыстар толық аяқталды. Табиғи газбен қамтудың ІІ және ІІІ кезеңдері нысанында қысыммен тексеру жұмыстары жүргізілуде. Ол тамыз айының соңында аяқталады деп жоспарланған.

Кездесу барысында тұрғындар тарапынан сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды. Әрбір өтініштің заң аясында шешілетінін айтқан Өмірзақ Шөкеев кездесуден кейін бірнеше тұрғынды жеке қабылдады.

САУРАНДАҒЫ САЛИҚАЛЫ СҰХБАТ

Жыл басынан бері екінші рет ұйымдастырылған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің Сауран ауданы тұрғындарымен кездесуі ашық форматта өтті. Онда өңірде атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндаған облыс басшысы алдағы жоспарымен де бөлісті. Тұрғындар өздерін алаңдатқан сұрақтарын қойып, тұщымды жауап алды. Кездесу әлеуметтік желілерде және Түркістан облысы әкімдігінің ресми платформасында тікелей эфирде көрсетілді. Айта кетейік, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жыл басынан бері 200-ден астам кездесу өткізген. Халықпен кездесу кезінде 1000-нан астам мәселе көтерілген. Халықты толғандырған жалпыға ортақ мәселелердің басым бөлігі жүзеге асты.

Кей мәселелерді шешуге уақыт қажет. Заң аясында бюджеттен қаржы бөліп, қарастыру үшін. Сәуір айында өткен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің саурандықтармен кездесуінде 30-ға жуық маңызды мәселе көтерілген болатын. Соның тең жартысы жүзеге асты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған Сауран ауданын дамыту мәселесі президенттің назарында тұр. Қысқа уақытта біраз жұмыс атқарылды. Жоспарлар да көп. Сәуір айында өздеріңізбен жүздескен кезде Ескі Иқан ауылдық округі тұрғындары тарапынан ағын су бағасының жоғарылығы жөнінде мәселе көтерілген еді. Бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізілді. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы тауар өнідірушілердің егістік алқаптарына қажетті ағын судың тарифтік бағасы 251 теңге болып белгіленді. Бұрынғы тариф – 787 теңге болған. Он бір елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 4 елді мекен газға қосылды. Қалғанр жеті елді мекен «Ескі Иқан» АГТС арқылы газ тұтынады. Бүгінгі күнге АГТС-ін метрологиялық аттестациядан өткізу жұмыстары жүргізілуде. Тамыз айында АГТС-ті іске қосу жоспарланған. Содан кейін 7 елді мекен кезең-кезеңімен табиғи газға қосылатын болады.

Сауран ауданындағы облыстық маңызы бар «Ынталы» автокөлік жолы жөнделуде. Маңызды жолды жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделген. Жалпы әлеуметтік-инфрақұрылымдық мәселелер жүйелі түрде кезең-кезеңімен шешіледі, – деді саурандықтармен кездескен Өмірзақ Шөкеев.

Кездесуде тұрғындар тарапынан жол, инфрақұрылым, спорт нысанын салу, өрт сөндіру бекетін ашу және өзге де сұрақтар қойылып, өтініштер айтылды. Одан кейін өңір басшысы тұрғындарды жеке қабылдады. Шорнақ елді мекеніне ауыз су, кәріз жүйесі мен электр желілерімен жабдықтауға арналған инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстарына жергілікті бюджеттен 25 млн. теңге бөлінді. Бұл жобаның жалпы құны 2,5 млрд. теңге болады. Аудан орталығын ауыз су жүйелерімен қамту жұмыстарына Ұлттық қордан қаражат бөлінді. Нысандар жыл қорытындысымен пайдалануға беріледі.

«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 2 елді мекенде 7 жоба іске асырылуда. Атап айтқанда, Бабайқорған елді мекенінде жаңадан спорт алаңшасы салынуда. Шорнақ елді мекенінде ұзындығы 20 шақырымға жуық 20 көше жарықтандырылып, асфальт төселеді. Бұдан бөлек Сауран ауданын абаттандыруға, желілік саябақ пен балалар алаңы, воркауттар мен футбол алаңшасын салуға 530 млн. теңге қаралды. Автомобиль жолдары күрделі жөндеуден өтіп жатыр.

Кездесуде Бабайқорған ауылдық округі Игілік (Мес ата) ауылының бірнеше тұрғыны асфальт жол салу жайын, мектептің мәселесін көтерді. Бұл жайлар рет-ретімен шешілетін болды. Аудан әкімі Ғани Рысбековтың айтуынша, алдағы күндері Майдантал- Шорнақ –Түркістан, Бабайқорған- Шорнақ-Түркістан бағдарынан байқа бойынша жеңіп алған кәсіпорын автобус жүргізетін болады. Шорнақтың іргесіндегі Қосмезгіл мен Аша арасында ауылішілік автобус жүргізу мәселесі қарастырылуда.

Соңғы кездері тұрғындардың үйі жиі өртенуіне байланысты Бабайқорған ауылдық округіне екі өрт сөндіру машинасы мен бекет ашу көзделді.

-Біз бұл мәселені басты назарда ұстап отырмыз. Алдағы уақытта халық көп шоғырланған ауылдың округтерінен осындай өрт сөндіру бекеттерін ашуымыз керек. Күні кешегі референдумда көзделген «жер халықтікі» екендігін жергілікті тұрғындар жете түсінуі тиіс. Бұған дейін тиімсіз пайдаланып, жерді иесіздікке ұшыратқандардан жер халыққа қайтарылады. Облыс бойынша қазіргі таңда біздің меже – бір миллион гектар жайылымды қайтару. Қазірдің өзінде 30 пайызы қайтарылып үлгерді. Меморандум арқылы жақсы жұмыс істеліп жатыр. Жердің иелері жайылымға мұқтаж жандар өздерінің ауылдастары екенін түсінулері тиіс. Игерілмей жатқан жерді ешкім бос қалдырып қоя салмайды. Әр ай сайын осы мәселе аппарат отырысында күн тәртібіне шығарылады, – дейді әкім.

Жыл басынан бері елді мекен тұрғындары 325,5 мың гектар жайылыммен қамтылды. 58,5 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылса, меморандум арқылы 267 мың гектар жайылым ретінде елге берілді. Сонымен қатар 2021 жылы құрылған жұмысшы топ тарапынан аудан, қала әкімдіктері бойынша жайылым жер учаскелеріне зерделеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 476,2 мың гектар жайылым жер мақсатына сай пайдаланылмағандығы анықталып, хабарлама берілген.

Кездесуде мектеп мәселесін көтергендердің де көңілі орнына түсті. Түркістан облысы құрылыс басқармасының басшысы Т.Усубалиевтің мәлімдеуінше, өңірде 2022 жылы 59 мектептің құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл оның 21-ін пайдалануға тапсыру жоспарланған. Бәйдібек, Түлкібас, Келес, Мақтаарал, Сарыағаш аудандарындағы 5 мектеп қыркүйек айында пайдалануға беріледі. 16 мектептің құрылыс жұмыстары осы жылдың соңына дейін аяқталмақ.

Айналасы бір ақ жылда Сауран ауданы алып құрылыс алаңына айналды. Аудан орталығындағы Қосмезгіл ауылының іргесінен мемлекеттік органдардың 5 әкімшілік ғимараты бой көтереді. Бұған республикалық және облыстық бюджеттен қаражат бөлінді. Жергілікті бюджет есебінен 3 мектептің құрылысына 1 млрд. теңге қаралды. Шорнақ ауыл округі, Қосмезгіл елді мекеніндегі 300 орындық мектептің құрылысы аяқталып, биыл пайдалануға беріледі. Білім ұялары Оранғай мен Ибата елді мекенінде салынып жатыр.

– Бүгінгі кездесуде айтылған ұсыныстар мен өтініштердің ешқайсысы жерде қалмайды. Біз бюджеттік мекемелердің мемлекеттік қызметкерлері болғандықтан халықтан түскен салыққа күн көріп отырғанымызды еш ұмытпауымыз керек. Барлық өтініш, шағымдар заң аясында, тиісті мерзімінде орындалуы тиіс, – деп қорытындылады сөзін Өмірзақ Естайұлы.

Кездесуден кейін Өмірзақ Шөкеев Шорнақ ауылында салынып жатқан әкімшілік және өзге де ғимарат құрылыс алаңдарын аралап, жұмыс барысымен танысты. Жауапты басшыларға құрылысты сапалы жүргізуді тапсырды.

Ескендір ЕРТАЙ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы