ТҮРКІСТАН: БІЛІМ МЕН БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРҒАН ОРДА

396 көрілім

 Жаңа заман ақпараттық технологиялардың жан-жақты дамып,  түрленген заманы екендігін айтпасақ-та белгілі жайттардың бірі. Әсіресе, осынау түрлі ақпараттық құралдардың әлемді жаулап алып жатқан кезеңінде шынайы білімнің орны да ойсырап қалып жатыр. Дегенмен, біздің еліміздің қазіргі таңдағы білім жүйесінің қарқынды өсуі әлем елдерінің назарында жоғарылап, шетелдік студенттердің Қазақстанда білім алуына деген құлшынысын туғызып отырғандығы да белгілі. Дәл қазіргі күні Қазақстандық жоғары оқу орындарында әлемнің әр түрлі елінен келген шетелдік студенттер өз білімі мен біліктілігін арттыруда. Олардың көпшілігі Алматы, Нұрсұлтан, Шымкент секілді еліміздің ірі қалаларында және өзге де аймақтарда білім алып жатыр. Олардың ішінде тіптен қазақ тілінің абыройын көтеріп, ана тілімізді меңгеріп, елімізде қалып қойып жатқан студенттер де баршылық. Олардан Қазақстан туралы алған әсерлерін, оқу бітіргеннен кейінгі жоспарларын, елдеріміз арасындағы тұрмыста, менталитеттерде және адамдарда қандай айырмашылықтарды байқағандарын білу бізге қызықты болып көрінді. Осы себептен олардың жеке пікірін білу үшін аты әлемге мәшһүр, Түркі әлемінің киелі бесігі саналатын Түркістандағы өзімнің де білім ордама айналған жоғары оқу орны Халықаралық Қазақ-Түрік университетінде «журналистика» саласы бойынша өз біліктілігін арттырып жүрген, туыстас ел Қырғыз мемлекетінен келген Тажибаева Диан-Аймен шағын әңгіме өрбіткен болатынмын. Оның біздің елімізге келуінің жай-жапсарын сұрағанымды, ол:

-Мен Қырғыз-Түрік коммуникация факультетінің “Манас” журналистика факультетінің студентімін. Бір қыздан еліміздегі «Орхун алмасу» бағдарламасы туралы естідік, біз 2-ші курс оқып жүрген кезіміз болатын. Біз осы бағдарлама туралы ұзақ ойланып, арманымыздың орындалар сәтін күттік.

   3-ші курстың 1-ші семестрінің соңында “Орхун” бағдарламасына тіркелу басталып кеткені туралы хабарлама келіп түсті. Біз қайда барғымыз келетіні туралы ойладық. Алдымызда Түркияға немесе Қазақстанға барған дұрыс па деген сұрақ туындағанда көптеген адамдар “Қожа Ахмет Ясауи” университетінің біз үшін жақсы шешім болатынын айтты. Содан кейін ойланбастан” Қожа Ахмет Ясауи ” университетіне оқуға түстік.

-Сіздер мұнда қаншалықты тез үйренісе алдыңыздар және бұл қиынға соқпады ма?

– Бұл жерге келгенде біздің бойымызда ешқандай қорқыныш болмады.Алғаш келген кезде  мұндағы жергілікті адамдарға үйренісе білуге тура келгендігін жасырмаймыз. Біз шамамен 2 аптаға жуық отбасымызды сағынып жыладық және осында келгенімізге сене алмадық. Ал кейіннен адамдарының қонақжайлылығын көріп, біз де осы қаланың бір тұрғынына айналып кеттік. Түркістандағы тарихи жерлерді және қалада жаңадан соғылған Караван сарайына барып, оның керемет ғимаратына таң қалдық. Шынымызды айтқанда, мұнда үйренісіп кету тым қиынға соқпады. Себебі, 1 бөлмеде қазақ қыздарымен бірге жатақханада тұруым қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетін менің бойыма да дарыта түскендігін жасырмаймын.

-Сіздерді Халықаралық қазақ-түрік университетіндегі ұстаздар мен студенттердің қарсы алуы қалай болды? Ұстаздарымыздың білім беруі ұнап жатыр ма?

-Оқуға келгеннен кейін барлық ұстаздар және топтағы студенттер бізді жылы және күлімсіреп қарсы алды. Қазақстанға келген соң, біз көптеген тұлғалармен дос болдық. Мұнда келгеннен кейін Қырғызстанды сағынған қырғыз бауырларымызды да осы елден кездестірдік. Біз қырғыздармен таныстық, іс-шараларға қатыстық. Университеттегі әрбір күндер өзінше қызықты болды. Біз Қазақстанның қандай керемет екендігін көрдік және қазақ тілін аздап үйрендік. Біз шынында да киелі Түркістанда әдемі жерлер көп екеніне көз жеткіздік. Қазақстанның дамыған елдердің қатарына енуі де осы себептен деп ойлаймын. Әсіресе маған жақсы адамдар университет оқытушылары болды. Маған есімде ерекше сақталғаны, өзінің интеллектігімен және харизмасымен ерекше көзге түскен ұстаз- Молдияр ағай болды және Бекжігіт Сердәлі ағайымыз  әрдайым көмек қолын созатын адам және оның жоғары біліміне қарамастан қарапайым адамгершілік қасиеті керемет. Баешова Балзия ұстазымыздың да әрқашан мейірімді екендігін айта аламын. Біз университетке осы ұмытылмас күн үшін, сондай-ақ осындай тамаша адамдармен сөйлесуге және танысуға мүмкіндік бергені үшін алғысымызды білдіреміз.

     Осы сұхбатты бір туған, туысқан әрі бауырлас елдің қызынан ала отырып, қазақтың басын бір арнаға тоғыстырған Абылай бабамының «Дос болғанға құшақ ашық туыспыз, қас қылғанға қиып түсер қылышпыз» деген айбынды сөзі есіме түсті. Иә, біздің ақкөңіл, дос көңілді, қарапайым  ел екендігімізге тағы бір рет көзім жеткендей болды. Қазақта «Білім ауысады, ырыс жұғысады» деген де керемет мақал бар. Ендеше, білімімізді әлемдік деңгейге шыға алатын биік дәрежеге  жеткізу арқылы өз елімізді ғана емес өзге елдің азаматтарын да білімнің биік көкжиегіне жеткізе білейік дегім келеді.

Гүлжан ТӘЖЕНОВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы