БАҚ ДАРЫҒАН ҚАРАШАҢЫРАҚ

475 көрілім

Баланы бақытқа балаған халқымыз ананы да ардақтай білген. Тоғыз ай көтеріп, тән үшін ауыр толғаққа шыдап, алпыс екі тамырын иітіп ақ сүт берген ана қандай құрметке де лайық, әрине.

Біз барғанда есік алдындағы бау-бақшаның арам шөптерін жұлумен айналысып отырған Гүлзейнеп апаның жаздай жадыраған жүзі бізге де күн нұрын сыйлады.

Гүлзейнеп Ибашқызы Арынова 1938 жылы 1 қаңтарда Шаға ауыл округіне қарасты Қазақстанның 30 жылдық ауылында дүниеге келген. Туа салысымен зұлмат соғыстың зардабын көргені аздай 11 жасында ата-анадан айрылып, тұл жетімдіктің  кермек дәмін татыпты.

– Жетімдіктің зардабын әбден көрдім. Ленинизм колхозында тракторист болып еңбек ететін Тұңғышбай Арыновпен сөз байласып, отау құрған соң, Алла сыйлаған перзенттерді сүйдік. Үрлайым, Күлайым, Балайым, Ұлбосын есімді қыздардан кейін Көлбай ұлымды туғаннан кейін енем ерекше ықыласын танытып, жағдайымды жасай бастады. Бұдан кейін Марат, Ләззат, Салтанат, Қайрат, Махат, Жәудір, Перизат есімді ұл-қыздарды дүниеге әкелдім. Аллаға мың қайтара шүкіршілік етемін,– деп бастады әңгімесін сексен төрттен асқан ақжаулықты ана.

Бүгінде Қосмезгіл ауылындағы қарашаңы-рақтағы ұлы Көлбайдың қолында тұратын Гүлзейнеп апаның қимылы ширақ көрінеді.

– Көбіне отағасымен бірге мал бақтық. Соның ішінде отар-отар қой, сиыр бақтық. Алланың берген балаларын да дүниеге әкелдім. Қара жұмыстан қашпадым. Еңбекке ерте араласқандықтан, еңбекпен өстім десем болады. Осы қарашаңыраққа келін болып түскеніме 66 жыл болыпты. Махат есімді ұлымды дүниеге әкелген 1976 жылы қайтыс болды қайын атам мен қайын енем. Жарықтықтар, екеуі бірінен кейін бірі кетті. Кейін Марат есімді ұлымнан айрылдым. Артында 5 перзенті қалды. Анаға бала қасіретін көрсетпесін. Ішімнен қан жылап тұрсам да, Алла қалғандарына өмір берсін, – деп белімді бекем буындым. Құдай қосқан қосағым колхоздың тракторын айдады, колхозшы болды. 1997 жылы өмірден озды.

Аллаға шүкір деймін, перзенттерім менен құрметін аямайды. Төрт келінімді өте жақсы көремін. Артымнан ерген туған үш інімнің жұбайлары – келіндерім де жақсы жандар. Барлығын жақсы көремін. Барлығын мақтап отырамын. Ертеңгі күндері жақсы сөздерімді еске алып отырсын деп ойлаймын.

Әсіресе, қолымдағы келінім Кенжекүл көңілімді табуға тырысып құрақ ұшады. Атасы да осы келінін «алтыным, алтыным» деп айтып отыратын.

Осы арада әңгімеге атасының алтын келіні Кенжекүлді тарттық.

– Ордабасы ауданындағы Спатаев совхозының қызымын. Сол совхозда 6 жылдан аса механизатор болып еңбек еттім. Еңбекте озат атанып, 1986 жылы Шымкент облысының депутаты болып сайландым. Аудандық комсомол комитетінің ХХ съезіне делегат болып сайланғанмын. Осы шаңыраққа 1991 жылы келін болып түскенде де Шымкент облысының депутаты болатынмын. Осы ауылға келін болып түскеннен соң сауыншы болып істедім. Алғашқы жылдары болатын. Мені іздеп үлкен әпкем келген болатын. Бір-екі күн болғаннан соң үйіне қайтқысы келді. Ауылды онша білмейтін кезім. Оның үстіне ауылда машина жоқтың қасы. Содан есік алдында тұрған атамның тракторын оталдырдым да, әпкемді Түркістанға жеткізіп тастадым. Үйге келсем ата-енем менің келуімді күтіп тұр екен, – деген Кенжекүл келіннің сөзін қайын енесі жалғастырды.

– Атасының тракторын айдап кеткен келін атанған қызық жағдай болды. Атасы жұмысқа барайын деп далаға шықса трактор орнында жоқ. Содан, тракторды кімнің мініп кеткенін білмей тұрғанбыз. Бір уақытта тракторды гүрілдетіп айдап келе жатқан жаңадан келіп түскен келінін көрген атасы риза болып қарап тұрды. Менің келінім трактор айдай алады екен,-деп мақтанышпен қарағанын бәріміз сездік. Содан кейін келінін «алтыным, алтыным» деп атай бастады атасы, – дейді Гүлзейнеп апа.

Мақтаулы келін Кенжекүл де қайын енесіне бар жағдайды жасап отырғанын сөз төркінінен байқадық.

– Апам 84 жастан 85-ке аяқ басты. Денсаулығы жақсы. Көбіне диетамен тамақ беремін. Орыс ешкінің сүті витаминдерге бай болғандықтан, тек осы сүтті ішеді. Апамның көзі де жақсы көреді. Үйде отырып құрақ құрап, көрпе тігеді. Аулаға гүл егеді өзі. Бау-бақшаға қарайды.

Былтырғы жылдың жаз айында үйге аудан әкімі Ғани Рысбеков келіп, апамның хал-жағдайын сұрап, сый-сияпатын тапсырды. Сонда есік алдында жайқалып тұрған гүлдерді көрген аудан әкімі: «Ауланың сәнін келтірген әдемі гүлдерді сіз ектіңіз ба?» – деді маған қарап.

– Бұл гүлдердің барлығын апам, қайыненем екті. Күтіміне де өзі қарайды», – деп жауап бергенімде таңқалды.

«Он екі құрсақ көтеріп, еліміздің дамуына үлес қосып қана қоймай, гүлдер егіп, Сауран ауданының өркендеуіне үлесін қосып отырған Гүлзейнеп апамызға Сауран ауданының Құрметті азаматы атағын беруіміз керек», – деді сонда аудан әкімі қайын енеме риза болып. Кейін апамның құжаттарын да алдырған болатын, – дейді келіні Кенжекүл.

Ұлдары – ұяға, қыздары – қияға қонған шаңырақ бүгінде үлкен әулетке айналған. Өсіп-өнген ұл-қыздары сан салада еңбек етіп, ата-анасы секілді көпбалалы отбасылар қатарын құрауда. Ақжаулықты анамыздың немере, шөбересінің саны бүгінде 126-дан асады. «Той-жиынға жинала қалсақ, Аллаға шүкір, бір қауым ел боламыз», – деп күліп қояды ақ жаулықты кейуана.

– Апа сегіз қызыңыздың үйіне жиі барып тұратын шығарсыз?

– Қыздарымның үйлеріне барғаныммен, сол күні үйге қайтып келемін. Өйткені, олардың үйіне қона қалсам, мазам кетеді. Осы алтын келінім Кенжештің жанында болсам ауырмаймын.

Иә, қыздарының үйіне барып қонғанды қаламайтын Гүлзейнеп апа қыздарының да төркінге келіп жатқанына қарсы екен. «Қыз бала жат жұрттық. Барған жеріне тастай батып, судай сіңуі керек. Төркінге көп келгендеріне қарсымын,-дейді Гүлзейнеп апа.

Қайын енесі мен келінінің бір-біріне деген қамқорлығына, мейірімділігіне, турасын айтайық қайын ененің келінін туған қызынан артық жақсы көргенін көріп тәнті болып қайттық. Шіркін-ай, қазақтың әрбір шаңырағы осындай қамқорлық пен мейірімге толы болсын, – деген ақ ниетте болып, Гүлзейнеп апаның қарашаңырағының нұрға толы шапағаты көпшілікке дарысын деген ақ тілекте болдық.

Ләззат САРЫБАЕВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы