АЗАПТАУ МЕКЕНІ – ЛАГЕРЛЕР

600 көрілім

1931 жылы 19 желтоқсанда Қарағандыда ГУЛАГ (Главное Управление Лагерей, г.Москва) филиалы Қарлаг (Қарағанды еңбекпен түзеу лагері) құрылды. Лагердің орталығы Қарағанды қаласынан 45 шақырым жердегі Долинка селосы болды. Қарлагтың аумағы солтүстіктен оңтүстікке қарай 300 шақырым, шығыстан батысқа қарай 200 шақырым қашықтықтағы Ақмолада және 650 шақырым қашықтықтағы Балқашта Қарлагтың филиалдары болған.

Осындағы атынан адам шошырлық «АЛЖИР» лагері КСРО-дағы әйелдер қамалған жалғыз азаптау орны болды. Көлемі 3 гектарға жуық жерді алып жатқан «АЛЖИР-де» кезінде 30 мың әйел жазықсыз жапа шекті. АЛЖИР 1937 жылы НКВД-ның арнайы бұйрығымен салынды. Қарағанды лагерінің 17-бөлімшесі артынан 26-шы нүкте болып құрылған осынау тозақ орталығында темір тордың ар жағында 1 мың 507 нәресте дүниеге келген.

Дерек көздері бойынша КСРО-да 1937-1938 жылдары, яғни бас-аяғы бір жылдың ішінде 125 мың адам тоталитарлық режимнің құрбаны болды. Солардың 22 мыңы өлім жазасына кесілді. 1921 жылдан 1954 жылдар аралығында КСРО-да 3 млн 777 мың адам жазықсыз сотталып, 642 мыңы атылды. Әр жылдары қуғын-сүргін барысында елімізге 800 мың неміс, 102 мың поляк, 19 мың кәріс, 507 мың Солтүстік Кавказ халқы, Қырым татарлары, түріктер, гректер және басқалар жер аударылған. Барлығы 1,5 млн адам көшіп келді. Тарихшылардың бағалауы бойынша, одақта 1927-1953 жылдары 60 млн адам, оның ішінде Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 25 мыңы атылған. Тізімдегі атылған адамдардың көбісі қазақтың белгілі азаматтары еді.

Сталиндік қуғын-сүргін жылдарында бүкіл елде 953 лагерь мен қоныс мекемелер болған. Қазақстанда ГУЛАГ-тың 11 лагері орналасқан. Олар: Алжир, Карлаг, Дальний, Степной, Песчаный, Камыслаг, Ақтөбе, Жезқазған, Петропавл, Кеңгір және Өскемен лагері еді. 1937-1938 жылдары мұнда 20 мың әйел жазасын өтеді. Саяси репрессия жылдарының зобалаңы қазақ интеллигенциясының құрамындағы маңдай алды ер азаматтарының өмірлерін қиып жіберсе, ал қазақтың әйел интеллигенциясына өте ауыр тиді. Олар өздері үшін де, «халық жаулары» болып кеткен күйеулері үшін де жауапкершілікке тартылды. Алжирде Жанбике Шанина, Күләндам Қожанова, Мәриям Есенберлина, Дәмеш Жүргенова, Күнжамал Майлина, Гүлбахрам Сейфуллина, Мәриям Тоғжанова, Рәзия Асфендиярова, Бибіжамал Сырғабекова, Айша Қабылова және тағы басқа рухы қайсар қазақ әйелдері болды.

Аталған азаматтардың ұлттық құрамына назар аударсақ, қазаға ұшырағандардың көпшілігі қазақтар екен. Тізімге қарағанда сол кездегі қазақтың асыл арыстарының бас көтеретіндері ұсталып, атылған. Бәрі жоғарыда аталған таныс есімдер, ұлт қорғандары мен мақтаныштары еді. Сондай-ақ, қазақ интеллигенциясының аяулы боздақтарының атылған сүйектері мен жатқан жерлерін анықтау, ол жерлерді аяқ асты етпей қастерлеп, құрмет тұту баршамыздың парызымыз. Орны толмас шығынға ұшыраған қазақ интеллигенциясының даму қарқыны бәсеңдеді. Кеңестік шығыстағы түркі халықтарының қатарындағы ең озық ойлы қазақ интеллигенциялары, халқымыздың ақыл-ойының қаймағына келген саяси репрессияның зауалы аса ауыр да қайғылы болды.

А.ИСАБЕКОВА, Нәзір Төреқұлов атындағы музейінің аға ғылыми қызметкері.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы