Халқымыздың ғасырлар бойы жалғасқан ата танымында бірліктің маңызы айырықша. Дана халқымыз: «Бірлік болмай тірлік болмайды», «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық», – деп бірліктің алдында байлықтың да құнсыз екенін сезінген. Құранның «Хужурат» сүресінің 13-аятында: «Әй, адам баласы! Шүбәсіз, сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ, бір-бірлеріңді тануларың үшін ұлттар мен ұлыстарға бөлдік», -делінген. Бұл аяттан Алла адамдарды бір-бірін тану үшін ғана ұлт пен ұлысқа бөлгенін айта келіп, бір ата, бір анадан тарағанымызды еске салу арқылы татулықта, берекеде болуға үндегенін аңғарамыз. Ал, басқа дін өкілдерімен мәміледе: «Кітап иелерімен ең көркем түрде, сыпайылық пен әдептілік сақтап пікір таласыңдар», – деп келетін Құран аяты бар. Мұны терең түйсінген қазақ халқы өзге дін өкілдерін де сыйлап, құрметтеп отырған.
Тарихи себептермен елімізге келген өзге ұлт өкілдеріне қырын қарамай, құшақ жайғаны осының айқын айғағы. Қазақ халқы адамдарды нәсіліне, дініне, көзқарасына бөлмей «ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын», – деп көршісі кім болса да, онымен сыйласып, дәм-тұз айқастырып, жоқ-жітігіне қарайласып, достық қатынасты жоғары қойған. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «бейбітшілік пен қоғамдық келісім – баға жетпес байлығымыз. Біздің бірлігіміз бекем, мақсатымыз ортақ, рухымыз асқақ. Соның арқасында кез келген қиындықты жеңіп, дамудың даңғыл жолында келеміз», – деген сөзі әрбір рухы асқақ азаматқа демеу болары сөзсіз. Алайда, бірлік тілде болғанымен жүректе болмаса, қоғамда жеміс бермейді. Себебі, жүрек – денемізде аса маңызға ие. Оның ісі шынайы, нақты болады әрі нәтиже береді. Демек, бізге бірліктің ауыз жүзінде ғана болғанынан, жүректе болғаны аса маңызды. Сонда ғана қоғамда шынайы бірліктің көрінісі, нәтижесі болады. Абай атамыз да: «бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес», – дегенде осыны меңзесе керек.
Бірліктің қоғамымызға әсер ететін пайдалы тараптарының алғашқысы – тәуелсіздігіміздің тұғыры берік болады. Хадис-шәріпте «Жамағатта (бірлік пен ынтымақта) рақымдылық бар, ал бөлінушілікте азап бар»,-деген өсиет бар. Шынында да, берекені сақтамаудың соңы ауыр зардаптарға соқтырып, халықты азапқа ұшыратады. Ата-бабаларымыз да мұндай келеңсіздікке қатаң тыйым салған. Тәуке ханның әйгілі «Жеті жарғысында» көтеріліс жасап, бүлік шығарған кісілерге өлім жазасы бұйырылған. 1885 жылы Шар бойында Абайдың қатысуымен жасалған «Қарамола ережесінде» де ұрыс-керіс шығарғандар қатаң айыпталған. Яғни, ат-шапаннан бастап үш тоғызға дейін айып төлеген. Міне, бұл оқиғалар арқылы біздің тарихымызда Отан тыныштығы, ел бірлігі, ұлт тұтастығы жоғары бағаланғандығын айқын көруге болады.
Дана халқымыз «айырылған азады, қосылған озады», «артта қалғанды аю жейді, бөлінгенді бөрі жейді», – деп айшықты ой айтқан. Сонымен қатар, бірліктің үлкен пайдасы – ел гүлденеді, қоғам дамиды, ғылым алға басады. Береке-бірлік болған жерде ғана ел гүлденіп, құндылықтар жаңғырып, қоғамның рухы жаңарады. Береке болған жерде Құдай Тағала қоғамның және адамдардың әрбір жұмысына молшылық, табыс береді. Сол берекет арқылы істің өнімділігі жоғарылайды, өндіріс өркендейді, қоғамның дамуы қарқын алады. Майқы бидің: «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді», – деген сөзінде үлкен мән бар. Ел тыныштығы мен бірлігі үшін әрбіріміз өзімізге жүктелген міндетке жауапкершілікпен қарап, болашағымыз үшін қазірден өз үлесімізді қосуымыз, елдің өркендеуі мен діннің қанат жайуы тек тыныштық пен бірліктің арқасында жүзеге асатынын ұмытпауымыз қажет.
Қорыта айтсақ, Мәңгілік Ел болу мұратындағы біздің қоғамға тыныштық пен берекенің тигізер пайдасы орасан. Ендеше, әрбіріміз тыныштықтың бағасын біліп, берекелі қоғамның уығы болып қадалғанымыз абзал.
Б.ШАЙМЕРДЕН, Түркістан облысы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің Жетісай ауданындағы маманы.