ЕҢБЕГІ ЕРЛІККЕ ПАРА-ПАР ЖАНДАР ДЕРСІЗ…

1  227 көрілім

Әрбір мемлекеттің өркендеу жолындағы негізгі көрсеткіштерінің бірі – құрылыс саласы екені анық. Осы орайда, кәсіби мерекесін атап өткелі отырған құрылысшылардың мерейлі сәтінде осы саланы кәсіп етіп, ел дамуына елеулі үлес қосып жүрген жандардың ішінен кейіпкерімізді іздедік.

Түркістанда құрылыс қарқыны өте жоғары. Қайнаған тіршілікпен жарыса күн сәулесінің де аптап ыстығы басылар емес. Шілде түсе ыстық лебімен аймалаған жаздың ми қайнатар жоғары температурасы бүгінгі күнге дейін бастапқы райынан қайта қойған жоқ. Осынау күн райында Түркістанның түлеуіне тынымсыз үлес қосып жатқан әрбір құрылысшының еңбегі ерлікке пара-пар дерсің.

Біз осы ретте мақсатымызға сай құрылысшылардың ерен еңбегін насихаттағымыз келіп, барлық құрылыс нысандарды қарай келе, Н.Төреқұлов көшесіндегі жол жөндеу жұмыстарын жасап жатқан «Ақ жол» ЖШС құрылыс компаниясының тынымсыз тірлігі байқалған құрылыс алаңына тап болдық. Көшенің ескі тас жолы сүріліп, жаңа асфальт, аяқ жол, тасарық (лоток) қойылып жатыр екен. Еңбеккерлердің бірі тас төсеп, бірі су сеуіп, енді бірі қажетті есебін есептеп «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» қызу жұмыс жасап жатты.

Жалпы ер азаматтар, әсіресе қазақ жігіттері кез келген істі үйіріп әкетеді емес пе? Сол секілді Тойжан Абдукаримов та орта біліммен ғана шектелсе де, «құрылысшы» мамандығын өте жақсы меңгерген. Оның құрылыс жасап жүргеніне 14 жылдан асыпты. Біздің назарымыз да егде жастағы осы азаматқа түсті:

«Бұған дейін ауылда түрлі жұмыстар жасадым. Осы компанияда жүріп қаладағы №19 және Р.Исетов атындағы №20 жалпы орта мектептерді және Шәуілдірде әуежай, Шиелі мен Кентауда жол салдық», – деп ірі нысандарға тоқталып өтті. Әрине, осынша жылда атқарған істер мұнымен тоқтап қалмақ емес. Дегенмен жұмысшы барлығын айтып, мақтаныш сезімін көрсеткісі келмеді. Нағыз адал, ақкөңіл, еңбекқор деп осы кісіні айтса керек-ті.

Ұлы мен қызы және екі немересі бар Жүйнек ауылының тұрғыны Түркістанға қатынап жұмыс істейді. Күннің ыстығы да, суығы да оған еш әсер етпейді, үйреніп қалғанмын дейді. Алатын ақысы болса айына 130-150 мың теңгені құрайды. Бұл сомаға қанағаттанатынын айтып, осы ісін шынайы ұнатып істейтінін аңғардық.

«Бізбен бірге сәулетті дамытып жүрген жастар да көп. Еш мойымай, тез үйреніп кетеді. Олардың еңбекқорлығы, адал ақша адал іспен келетіндігін түсінетіні қуантады. Дегенмен, кейде өзіміздің қолымыздан жасалған жұмыстарға тұрғындар немқұрайлық танытып, алақанда ұстаудың орнына, бұзып кетеді. Біздің еңбегімізді түсінсе екен. Әркім өз қаласына, өз Отанына екінші үйіндей қараса нұр үстіне нұр болар еді. Қазір жұмыс қызып жатыр. Бұдан басқа Жібек жолы көшесі, Б.Саттарханов даңғылын да жасап жатырмыз. Түркістанда жұмыс көп. Облыс орталығы болмай тұрып та Түркістанның құрылысы тоқтаған емес», – деп кейіпкеріміз өз ұсынысын да жеткізді.

Ақыл-ой, ұшқыр қиялын сызбаға түсірген сәулетшілердің ойын шындықпен жанастыратындар да – құрылысшылар. Осындай қара жұмысты өмірлік кәсібі еткен еңбек адамдары әрдайым зор құрметке ие. Олар өз қолтаңбасын қалдырып қана қоймай, өз ұрпақтарына мақтана айта алады. Ел дамуы үшін жасаған ісімен өзгеге сабақ болмақ.

Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы