Құрбан айт – мұсылмандардың ұлық мерекесі. Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ, адамның пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады. Күллі мұсылман жұртшылығын бір-біріне жанашыр болуға, қамқорлық жасауға, қиналғандарға көмектесуге, жағдайы нашарларға қарасуға, өзара мейірімді болуға шақырады.
Айт күндері құрбан шалу – ғибадат. Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Құрбандық шалудағы ең маңызды жайт оны – Аллаһқа арнап сою. Жағдайы бар адамға Құрбан айтта құрбандыққа мал шалу – Ханафи мәзһабында уәжіп. Оған аят-хадистерден мынадай дәлелдер бар: Алла тағаланың Құран Кәрімде: «Намаз оқы және құрбан шал» («Кәусар» сүресі, 2-аят) – деп бұйыруы құрбан шалудың уәжіптігін білдіреді.
Мұсылман адам амалымен жете алмайтын сауапқа ниеті арқылы жетеді. «Әркімнің ісі ниетіне қарай бағаланады. Мүмінге ниеттенген нәрсесінің сауабы беріледі» және «Мүміннің ниеті амалынан қайырлы» деген секілді хадистер қай істе де мұсылман баласын ниетін таза ұстауға шақырады. Сол себепті құрбандық шалуға шамасы жоқ мұсылмандар: «Раббым, мүмкіндік нәсіп еткеніңде мен де құрбандық шалар едім», – деген ниетте болса, мейірімді Раббымыз оған да құрбандық шалған жанның сауабындай сауап жазады.
Кез келген мал құрбандыққа жарамайды. Мәселен, қой, ешкі, сиыр, түйе секілді төрт түлік жарамды болса, ал, үйрек, қаз, тауық, түйетауық, елік секілді аң-құстар құрбандыққа жарамсыз. Бұларды құрбандық ретінде шалу харамға жақын мәкрүһ болып табылады. Өйткені, мұнда мәжусиларға (отқа табынушылар) еліктеушіліктің нышандары бар. Төрт түліктің еркектері де, ұрғашылары да құрбандыққа жарамды. Құрбандыққа жарайтын қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса, құрбандыққа жарамды. Ал ешкі міндетті түрде бір жасқа толған болуы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады. Құрбандық мал сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер болмауы қажет. Сондай-ақ, ғибадат ретінде бауыздалуы шарт.
Мүмкін болса құрбандық шалатын жан өз құрбандығын өзі шалғаны мұстахаб (ұнамды іс). Дегенмен өкілеттік беру арқылы басқа адамға да бауыздатуға болады. Құрбандық шалатын жанның мұсылман болғаны абзал. Құрбандық шалған кезде сойылатын жердің таза болуына мән беріңіз. Құрбан шалатын аймаққа төрт түлікті ұрмай-соқпай апарып, құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызу қажет. Одан соң құрбан шалушы малды қинамай жұмсақ бауыздауға көңіл бөлуі керек. Малдың көзінше жалаңдатып пышақ қайрауға болмайды. Пышақ өткір болуы тиіс. Құбылаға қарата жатқызғаннан кейін оң қолымен «Бисмиллаһи, Аллаһу акбар» деп бауыздайды. Құрбандық малды басқа адамға сойғызған кісі мал бауыздалып жатқанда «Бисмиллаһи, Аллаһу акбар» деп қоса айтқаны жөн. Малдың қаны толық ағып біткенше күтіп, жаны бойынан толық шығып болғанға дейін оның терісін сыпыруға болмайды. Құрбан шалғаннан кейін сол маңайдың тазалығына да көңіл аударыңыз.
Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) құрбан шалудың уақытына байланысты бірнеше хадис риуаят етілген. Бәрә ибну Азибтің риуаяты бойынша: «Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын ісіміз – намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбанымызды шалу. Кім осылай істесе, біздің сүннетімізге ергені. Ал кімде-кім бұдан бұрын құрбанын шалатын болса, бұл құрбанының отбасына берілген еттен айырмашылығы жоқ. Бұның құрбан болуы мүмкін емес», – делінсе, басқа бір хадисте: «Кімде-кім намаздан бұрын құрбанын шалса, қайтадан шалсын», – деп, намаздан бұрын шалынған малдың құрбандыққа есептелмейтінін ескертеді.
Бай болсын, кедей болсын құрбан айтта шалған құрбандығының етін жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахаб. Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне, олар бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі. Бірақ шалынған малдың етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға да болады. Егер құрбандық шалған адам аса дәулетті болмаса және жанұясында адам саны көп болса, онда құрбандықтың етін түгелдей өзінің отбасына да қалдыра алады.
Алла Тағала Құран Кәрімде құрбанның еті турасында былай дейді: «Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер».
Құрбанға шалынған малдың ешқандай бөлшегінен қасапшының ақысы ретінде төлеуге болмайды.
Хазірет Әлидің былай дегені риуаят етілді: «Алланың Елшісі (с.ғ.с.) түйелер құрбандыққа шалынған уақытта басында тұруымды және терілері мен жүндерін таратуымды әмір етті. Олардың ешбір нәрсесін қасап ақысы ретінде беруге маған тыйым салды. «Қасап ақысын біз өзіміз береміз», – деді».
Құрбандыққа шалынған малдың терісін кедейлерге, қайырымдылық қорларына беруге болады.
Қой немесе ешкі іспетті ұсақ малды құрбандық ретінде тек бір адам ғана шала алады. Ал түйе немесе сиыр секілді ірі-қара малдарды бір кісіден жеті адамға дейін бірігіп немесе бір адам жеке өз атынан да соя алады. Құрбандық шалуға біріккен кісілердің барлығының ниеті құрбандық құлшылығын өтеу мақсатында болуы керек. Егер осы адамдардың ішінен біреуі құбандыққа тек ет алу ниетімен қосылса, барлығының да құрбандығы құрбандық ретінде саналмайды.
Жақсылап ғұсыл құйынғаннан (денені толықтай жуу) кейін әдемі, таза киімдерін киіп, үстіне хош иіс сеуіп, мешітке айт намазына бару – мұстахаб (жақсы амалдарға жатады). Айт намазын оқығаннан кейін құрбан шалу міндеттелген жандар құрбандықтарын шалады. Айт күні мұсылмандар көрші-қолаң, туыс-туғандарын аралап, «Айт құтты болсын» айтысады. Айт күндері мейлінше көтеріңкі көңіл-күйде, жылы жүзді, кешірімді болуға тырысу керек. Ренжіскен кісілер қайта табысып, айтта бір-бірін кешіріскені жөн. Ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, арнайы бас сұғу, жетім-жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, қолынан келсе, көмектесу, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады. Бұған қоса, әке-шешесіне, жанұясындағы жандарға, көрші-қолаң, жора-жолдастарына мүмкіндігінше кішігірім болса да сәлем-сауқат, сый-сыяпат жасап айт мейрамын ерекше өткізуге де болады. Айтта осындай амалдарды жасау қоғамдағы адамдардың бір-біріне деген жылылықтары мен сыйластықтарын барынша арттырады.
Құрметті мұсылман бауырлар! Құрбан айтта Ұлы Алла Тағала барша ниеттеріміз бен тілектерімізді қабыл етсін! Әмин!
Мұсабек АҚТАМБЕРДІ,
Түркістан облысы бойынша
өкіл имамы.