Алланы бір, Мұхаммед (с.ғ.с) хақ деп таныған мұсылман адамы үшін Жаратушымыз берген екі мейрамның ұлығы Құрбан айт мерекесіне де келіп жеттік. Алланың разылығы үшін құрбандыққа мал шалынып, кең дастархан жайылып, еңбектеген баладан, еңкейген егдеге дейін шат-шадыман қуанышқа бөленетін бұл ұлық мейрам еліміз үшін де ырысы мен берекесі зор. Мерекенің ұлықтылығы – бұл күн мұсылман жұртшылығы өз Жаратушысына жақындауға, жүректегі иманды күшейтіп, тақуалықты арттыратын үлкен мүмкіндік.
«Құрбан» сөзі жақындау деген ұғымды білдіреді. Яғни, сол күні адамзат баласы ерте тұрып ғұсыл құйынып, бойын тазартып, жаңа киімдерін киіп, хош иіс суларын сеуіп, ниеттеніп мешіттерге келіп Құрбан айт намазын оқып, Алладан жарылқау тілеп, дұға етеді. Айт намазы алдында ауыз бекітуге ниеттеніп, намаздан соң шалынған құрбандықтан дәм тату сүннет амал болып табылады. Құрбан айтта құрбандыққа мал шалу – Ханафи мазхабы бойынша (шамасы жеткендерге) уәжіп. Уәжіптігінің дәлелі: Алла тағала Құран кәрімде: «Намаз оқы және құрбан шал»,-деп бұйыруы.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Кімде кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын»,-деп бұйырғандығы, құрбан шалудың уәжіп екендігіне тағы дәлел бола алады. Құрбан шалу белгіленген уақытта және орында жасалынуы керек. Сондықтан, шалған құрбандығыңыз дұрыс болуы үшін белгіленген уақытта бауыздалғаны дұрыс. Құрбандық шалудың уақыты Құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшам намазына таяғанға дейін жалғасады.
Жүсіпбек ҚАСЫМБЕКОВ,
Түркістан қаласының бас имамы.