ШАХМАТТАН ХАС ШЕБЕРІ 700 ЖАЗУШЫҒА МАТ ҚОЙДЫ

908 көрілім

Түркістандағы жаңа әкімшілік басқару аймағындағы жақында ғана ашылған №28 мектепке бүгінде 85-жасты еңсерген Жақсыбек Бейсенов ақсақал «Тәуелсіздіктің 30 жылына – 30 кітап» акциясына қатысып, жаңа мектепке өмір бойы жинаған 2170 кітапты сыйға тартты. Шахматтың хас шебері осылайша акцияға қатысуға асықпай жүрген түркістандық кітапсүйер қауым мен ақын-жазушыларға мат қойды.
28 мектептің директоры Ләззат Нысанқұлованың айтуынша, биылғы қыркүйекте ашылған мектепте оқушылар саны 400-ге де толмаған. Көп кабинеттер толық жабдықталмаған. Кітапхана орны бос.

“Ал, мына Жақсыбек атамыздың бірден 2170 кітапты сыйға тартуы ғажап құбылыс болды. Себебі, кітапты кітапханаға бекітіп алудың құжаттарын толтыру, актілеу секілді азапты жұмыстары көп. Ал, көргені көп ақсақал бір ақ күнде төбемізден інжу-маржан құйғандай болды. Бүкіл балалар кітапханадан шықпайды. Себебі, мұнда балалар әдебиетінен бастап, әлемдік классика, энциклопедиялық, ауыз әдебиеті, ертегілер, шахмат әлемінің сардарлары туралы неше түрлі кітаптар бар”, – дейді мектеп директоры ризашылығын білдіріп.
Мектеп қабырғасындағы «Өнегелі өмір жалғасы – ұрпақтар сабақтастығы» атты облыстық семинарда сөз алған Назарбаев атындағы зияткерлік мектептің директоры Балкан Қасымов кітапхананы бір аралап шыққан соң: «Мен мұнда кемінде бес миллион теңгенің кітаптары бар ау деп топшылап едім. Бірақ, көп жылдар бойы жинаған, сан түрлі саладағы, әр жылдары шыққан тарихи жәдігерлерді көргенімде, шынында баға жеткісіз құндылық екендігіне көз жеткіздім. Шахматшы атамыз кітапханаға «Тәуелсіздіктің 30 жылына – 30 кіта тапсырамыз деп асықпай жүрген зиялы қауымның 700-іне бірден мат қойды», – деп жариялады.
Жаңа әкімшілік орталығында ашылған жаңа мектепке кітаптан басқа бес шахмат тақтасын тапсырған Жақсыбек Бейсенов ақсақал демеушілігімен мектепте шахматтан турнир өткізілді. Қадірменді қария Түркістан облысының атағын республикаға шығарып жүрген ағайынды шахматшылар Амантайтегі Нұрбақыт пен Жарылқасынның ойынына төрешілік етіп, ақыл-кеңестерін аямады. Семинарда сөз сөйлеп, жаңа білім ордасының ұстаздарына аталық ақ батасын берді. Ұсынысын да жасырмады.

Менің ойымша, осы мектептен Жансаямен келісе отырып, шахмат клубын ашып, ынталы балаларға сабақтан тыс уақытта аптасына екі рет шахмат ойынының қыр-сырын үйретуіміз керек. Себебі, өмірдің өзі шахмат ойыны секілді күрмеуі көп, – дейді қадірменді қария.
Түркістандық Жақсыбек Бейсенов ақсақалды қалалықтар шағын шаһардың қоғамдық өміріне қызу араласқан қадірменді қария ретінде жақсы таниды. Жақсыбек Бейсенов 1936 жылы Түркістан қаласы, Абай ауылында дүниеге келген. Сұрапыл соғыс басталғанда небәрі 5 жаста ғана болған екен. Әкесі және оның екі бауыры да әскер қатарына алынып, ал Жақсыбек Бейсенов сол жылдары масақ теріп бел жазбай еңбек еткенін айтады. Бидайды қолмен оратын, ол заманда комбайн болмаған соң өгіздерді қосақтап, ортасына ағаш байлап қойып жанына бидайларды тастап соның үстінен өгіздерді айдайтын. Солай жасаған соң өгіздің аяғымен бидайдың сабағынан бидай бөлініп шығады да сабаны бөлек бидайы бөлек болып ажырайтын. Одан басқа қырман айдаймыз, масақ тереміз. Мақта егеді. мақтаға су жүретін арықтар дайындайтын едік. Ішетін аста тапшы болды. Түстің кезінде жұмыс жасаған адамдарға ғана бір тостақ быламық беретін, кейде бір литр айран беретін. Ол кезде 7-8 жастағы балалар толыққанды жұмысшы адамдар болып саналатын. Бізде балалық шақ деген дәурен болмаған. 10 жасқа толғанда ғана 1 сыныпты бастағанбыз. Мектепке барған кезде киім тапшы болып оқуға жалаң аяқ барғанымыз есімде. Тек 4-5 сыныптарға өткен кезде ғана аяқ киім кие бастадық, – деп жадында жаңғырған өткен шағын тебірене есіне алады.
Әкесі Абылай Бейсенов соғыстан оралмаған, анасы Шарипа Құрышбаева 1937 дүние салған. Ағасы мен екеуі әкесінің інісінің қолында тәрбие алып, өседі. Жақсыбек Бейсенов 1956 жылы Фрунзе ауданындағы орта мектепті бітірген соң, Алматы ауыл шаруашылық техникумын есепші мамандығы бойынша аяқтап, Семей облысы, Аягөз ауданындағы «Сергиополь» кеңшарында қатардағы есепші болып еңбек жолын бастайды. Алматы халық шаруашылығы институтын бітіреді. Оңтүстік Қазақстан облысы, Қызылқұм ауданындағы «ҚожаТоғай», «Овцевод» кеңшарларында бас есепші болып қызмет атқарып, зейнетке шығады.
Зейнетке шыққан соң да Қазақстан қаржы министрлігіне қарасты Оңтүстік Қазақстан облысындағы дәрменсіз борышкерлермен жұмыс жасау комитетінің банкроттық мекемелерінде конкурстық меңгерушісі болып қызмет атқарған. Елге сіңірген елеулі еңбектері ескеріліп, құрметке бөленген Жақсыбек Абылайұлы «В.И.Лениннің туғанына 100 жылдық» медалімен және Одақтық, Орталық партия комитетінің Құрмет Грамотасымен марапатталады. 1981 жылы облыстық партия комитетінің Құрмет тақтасына енгізіледі. Республикалық Ардагерлер Кеңесінің, облыс-қала әкімінің құрмет грамоталарымен және тағы да бірнеше төсбелгілермен марапатталған. Қазіргі таңда Түркістан қалалық Ардагерлер ұйымының және Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі. Түркістан қаласының Құрметті азаматы.
Жақсыбек көкеміз бүгінде үлкен бір өніп-өскен әулеттің баталы қариясы. Бүгінде елге сыйлы, үлкен шаңырақтың отағасы, немерелері мен шөберелерінің сүйікті атасы. Өмірлік жұбайы Орынай Бәкірқызы екеуі 7 ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан 25 немере, 30 шөбере сүйіп, бүгіндері солардың қызығын қызықтап, немерелерінің тәтті қылығына тоймай отырған жайлары бар. Ұл-қыздарының барлығы жоғары білімді, өмірден өз орындарын тапқан жандар. Осының барлығы әке өнегесі, ана мейірімі арқасында деп білеміз. Қазір немере-шөберелерінің ортасында отырған қария оларға үнемі төзімділік пен еңбекқорлықтың парқы жайлы жиі айтады. Иә, біз болашағы жарқын, бағыты айқын Тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз. Бүгінгі ұрпақ бұл азаттықтың қалай келгенін әрине біледі. Балаларымыз бақытты балалық шағын сезініп еркелеп өсіп, жайлы орындарда білім алып, мамандық иесі атанып туған ел төрінде еркін өсіп келеді. Қаншама елдің бірлігінің бұзылған уақытында тату – тәтті ғұмыр кешіп жатқан біздер, шынымен де бақыттымыз. Бұл Тәуелсіздік, бұл бақыт біздерге осындай батыр азаматтарымыздың ерлігі, еңбегі Отанына, жеріне деген адалдығының арқасында келіп жетті.
Жақсыбек Абылайұлын өзгелерден ерекшелейтін екі қасиеті кітапқұмарлығы мен өміріне шахмат ойынын арқау етуі. Кітап арқылы әкесі Абылай аманаттаған адалдық пен туралықты ту етті. Шахмат өнері шаруашылықтың шиырланған есеп-қисабын шешу амалдарын тамыршыдай тап басуына көмектесті. Жақсыбек ақсақалдың бала кезден қалған дағдысы кітап жинап, оған мөр басып ешкімнің алуына мүмкіндік бермейді екен. Шахмат мәселесіне келгенде де шашасына шаң жұқтырмай желіп тұр. Зейнет жасында болса да, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, аға буын өнегесін жастарға үлгі етіп, патриоттық, еңбексүйгіштік рухта тәрбиелеуде талмай қызмет етіп келеді. Соңғы кезде ковид індетіне байланысты сыртқа шықпай отырғандықтан шахмат ойынына сыралғы әріптесі әрі сырласы Шора Исмолдаев ақсақал екеуі өзара жиі турнир өткізеді.
Жәкең көп мұсылманның арманы – қажылық парызын 2007 жылы өтеп келді. Ендігі арманы қалада балалар арасында шахмат ойынын барынша насихаттаудың тың түрін тауып, өсер жасты ойлы өнерге баулу. Үйіңде қартың болса, жазулы хаттай деген мәтел Жақсыбек ақсақалға арналғандай.
Ескендір ЕРТАЙ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы