«9 АЙДА ТҮРКІСТАНҒА МИЛИОННАН АСТАМ ТУРИСТЕР КЕЛДІ»

804 көрілім

Бүгін қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков Өңірлік коммуникациялар қызмет алаңында 2021 жылдың 9 ай қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстар туралы есепті баяндама жасады. Журналистерді толғандырған бірқатар сұрақтарға жауап берді.
Қала әкімі: «Түркістан ертеден Түркі әлемінің киелі бесігі саналып келді. Ғасырлар бойы Қазақ хандығының және бүкіл түркі әлемінің саяси әрі рухани орталығы болған Түркістанның тарихында 2018-жылы 19-маусым алтын әріптермен жазылды.

Бұл күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа жария түрде қол қойып, көне шаһарға облыс орталығы мәртебесі берілді. 2020 жылы Үкімет Түркістанның Түркі әлемінің орталығы ретінде 2035 жылға дейінгі мәдени-рухани дамуының Бас жоспарын бекітті. Бұл қала құрылысының, құрылымының, көлік және инженерлік коммуникацияларының, тіпті көгалдандыру мен абаттандыру жүйесінің кешенді жоспарының бас құжатына айналды», – деп атап өтті.


Түркістан қаласының экономикалық көрсеткіштерінен мысал келтірген шаһар басшысының айтуынша, экономиканың басты көрсеткіші болып табылатын жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдың 9 айында 158,5 млрд. теңгені немесе 2020 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім +20,5 %-ды құрады. Оның ішінде өнеркәсіп саласына 8,6% (13,6 млрд.теңге), ауылшаруашылық саласына 3,5% (5,6 млрд.теңге), орындалған құрылыс жұмыстары 60,0% (95,1 млрд. теңге), тауар айналымы және қызметтерді өткізу көлеміне 27,9 % (44,2 млрд.теңге) тиесілі. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 200 542,9 млн. теңгені құрады.
Үдемелi индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында «Өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасына» құны 11106,4 млн теңгені құрайтын 15 жоба енгiзiлген. Осы кәсіпорындарда 1007 жұмыс орын ашу көзделген. Өнеркәсіп көлемін арттыру мақсатында қолданыстағы 40 гектар жер телімі қосымша 310 гектарға ұлғайтылып, инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуде. Осы аймақта жалпы құны 85 млрд 344,4 млн.теңгені құрайтын 23 жаңа жобаны 3451 жұмыс орнымен іске қосу жоспарлануда.
2021 жылы өнеркәсіп саласында жоба құны 2 млрд 754,0 млн.теңгені құрайтын 4 жоба іске асырылды және 1367 жұмыс орны құрылды. Бүгінгі таңда кәсіпкерлік саласында 11 578 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер жұмыс істеп тұр. 2020 жылдың тиісті мерзімінде қалаға келушілер 615 211 туристі құраса, биылғы жылы бұл көрсеткіш 82,8 пайызға артты. Үстіміздегі жылы 40 мың шаршы метр сауда алаңы бар «Керуен-сарай» кешені іске қосылды. 510 орындық драма театры жұмысын бастап, алғашқы спектакльдерімен көрермендерін қуантуда. Халықаралық әуежай пайдалануға берілді. Бұл нысандар қала туризмін дамытуға елеулі серпін берді.
Қазіргі таңда қаламызда 11 киелі нысан мен мұражай, 6 рухани-мәдени
нысан, 4 туроператор келушілерге өз қызметін ұсынуда. Осы жұмыстар, жалпы туризмді дамыту бойынша мәдени-рухани орталықтың жұмысының қарқынды дамуына әсер етуде. Нәтижесінде 2021 жылы қаңтар-қыркүйек айларында Түркістан қаласына келуші зияратшылар мен туристер саны 1 124 503 –ға жетті.
Түркістан қаласының тоғыз айдағы негізгі көрсеткіштеріне тоқталған қала әкімі Нұрбол Тұрашбековке қойылған сұрақтар негізінен қаланы таза ұстау, құрылысы аяқталған көп қабатты үйлерді газбен қамту, пәтерлерді жалға алу жайы, мемлекет мұқтаждығына жерлерді алу тәртібі, Бас жоспарға сәйкес қызыл сызықта қалып қойғандар тағдыры, кеше ғана бұзыла бастаған «Азиз» базарының жайы да айтылды. Барлық сұрақтарға тиянақты жауап қайтарған қала әкімі өзекті жайларды қала халқы болып, бірлесіп шешуге шақырды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы