МҰРАЖАЙ МАЙТАЛМАНДАРЫ

1  016 көрілім

Қазақтан шыққан атақты этнографтар аз болмаған. Атап айтқанда, арыдан бастасақ Бөкей хандығының аумағында дүниеге келген Мұхамед -Салық–Бабажанов, кәсіпқой этнограф Құсайын Тәкежанұлы, Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Шәкәрім Құдайбергенұлы, беріде Әлкей Марғұлан, Ақжан Машанов, Кемел Ақышев, Ақселеу Сейдімбеков, Жағда Бабалықұлы және Өзбекәлі Жәнібеков.

Өзбкәлі Жәнібеков

1970 жылы 23 қарашада Қазақстанның құрамында Торғай облысын құру жөнінде жарлыққа қол қойылған еді. Жас облыстың мәдени өмірінде де айтулы өзгерістер пайда болды. Арқалық қаласы маңызды мәдениет орталығына айналды. 1971-1973 жылдары мұнда педагогикалық институт, екі арнаулы орта дәрежелі оқу орны, облыстық филармония, музыкалық драма театры, тарихи өлкетану музейі ашылды. Қырық сегіз клуб пен кітапхана толық жөндеуден өткізіліп, жиырма екі клуб жаңадан салынып, кітапханалардың жалпы саны 215-ке жетті. Облыстық тарихи- өлкетану мұражайын ашу барысында сол кездегі Торғай облыстық партия комитетіндегі идеология жөніндегі хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков талай қиындықтар мен қызықтарға тап болған еді.

«Шынымды айтсам, осы музейден басталған қазақтың көне тарихы, этнографиясы мен дәстүрлі өнерін зерттеуге құштарлық менің кейінгі шығармашылық ізденістеріме арқау болды»,-деп жазады ол өзінің естелігінде.

Демалыс күндері Торғай даласының әр үйін аралап, ежелгі бұйымдарды жинап, музей жасақтағаны өз алдына бір тарих.

Торғай облысында халық арыз-шағымдарын жеткізу үшін үшінші хатшыға, яғни Өзбекәлі Жәнібековке барғанды жөн санайды екен.

Арқалық қаласы «Ғарыш айлағы» деген атаққа ие болғандықтан, Торғай өңіріне ғарышкерлер қонған кезде Өзбекәлі Жәнібеков «нан мен тұздың» орнына «құрт пен ірімшік» алып қарсы алған екен.

Мұражай майталманы Өзбекәлі Жәнібеков шәкірті Аманжол Найманбайды өзі баулып, оның болашағынан зор үміт күтті.

Аманжол Найманбай ұстазының арманын бағытқа ала отырып, оны жүзеге асыруға талпынды. 1993 жылы «Қазақ ауылы» деген атпен Парижде 8,10,12 қанатты оншақты киіз үйлерді тігіп, франсуздарды таңқалдырған Аманжол болатын.

Аманжол Найманбай

«Көшпенділер» фильміндегі хан ордасынан бастап бүкіл ауылдық киіз үйлері мен монғол үйлерін жасақтап, үнемі басы-қасында жүрді. 1997 жылы Дизайнерлер Одағының құрылуына бастамашы болып, этнодизайн секциясын басқарды.

Өзбекәлі Жәнібеков Сәбит Мұқанов мұражайын ашу кезінде, бұл істі жас суретші Аманжол Найманбайға сеніп тапсырады.

– Әй, мұрт! Сенің жұмыстарың жақсы деседі. Енді мұражайды сен жасақтайсың,-деген екен.

Аманжол Найманбай «Қазмузейдің қайта жөндеу өндірісінде» бас суретші болып жүрген кезде Өзбекәлі Жәнібековке макетті алып барып көрсеткенде.- Не істесең де оның образын табуың керек,- деп лақтырып жібереді. Талапшыл ұстаздың арқасында ол осылай пісіп-жетіледі.

«Қазақ әсемдікке, сәндікке тікелей қатысты дизайн меңгеруге бой ұсынған халық. Осы бағытта қызмет істеп, көзге түсе бастағандардың қатарына мен өзім көптен білетін суретші- дизайнер Аманжол Найманбаевты қосқан болар едім. Өкініштісі, әртүрлі себептермен уақытын өткізіп алды да, о баста орайластырғандарының көпшілігі іске аса қоймады. Өз басым осы суретшінің болашағынан зор үміт күтемін. Оқасы жоқ, әлі кеше емес. Басқасын былай қойғанда, қазақтың киіз үйіне қатысты дизайнның ерекшеліктерін жете түсінетін шебер болғандықтан этнографиялық білім танымға үлес қоса алатын болады. Бәлкім орайына келсе, ол екеуміздің Алматыда қазақ киіз үйінің этнографиялық музейін ұйымдастырсақ деген үмітіміз де іске асар. Суретшінің этномебель өндірісіне талпынысы да қолдауға тұрарлық»,-деп айтып кеткен Өзбекәлі Жәнібеков «Алды- артыма қарайлап өмір кештім» деген жазбасында.

Ұстазы секілді Аманжол аға да көне бұйымдарды байқап қалса, назар салып, зерттеп жүретін. Біздің үйге келген кезде бұрынғы алашаны көріп, мұражайға керек зат екен деп айтып қалды. – Мұражайға пайдасы тиіп жатса, біз үшін үлкен мәртебе,-деп қуанып қалдық.

Ұстаз арманы орындалып, Түркістан қаласынан үлкен аумақта жатқан Әзірет Сұлтан мешіті маңайынан Хан ордасы мен оншақты киіз үйлер тігіліп, этноауыл бой көтерді.

Қарапайымдылықпен қатар турашылдықты ту еткен тұлғаларымыз келешек ұрпаққа мирас болып қалатын мұражайлар қалдырды.

Раушан ТОЙЛАҚОВА, зейнеткер

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы