КІТАПТЫ ТӨРГЕ ОЗДЫРҒАН ТҮРКІСТАН

1  292 көрілім

Түркі дүниесінің рухани астанасы деген мәртебемізге сай жәдігер шаһарда күн аралатып рухани әлемімізді байытар шаралар жиі өтіп жүр. Қала күні қарсаңында Түркістанда «ПарақTimes» кітап жәрмеңкесі өткен болатын. Екі күнге ұласқан бұл кітап мерекесінде түркістандықтардың рухани байлыққа сұранысы зор екенін байқатты.

Бұл жөнінде газетіміздің өткен санында жариялаған болатынбыз. Түркістан қаласы әкімдігі мен «Серпіліс» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен осы шараның ұйымдастырушысы, жоба авторы қор төрайымы, «Қызмет» баспа үйінің директоры Бейсенкүл Нарымбетовамен тілдескен едік.

МАҚСАТЫМЫЗ – КІТАП ОҚУДЫ НАСИХАТТАУ

«Жалпы, мен жүрген жерімде айтып жүремін: негізі, кітапқа жақын жанмын, кітаптың өнімімін деп. Осы кезге дейін қандай жетістікке жетсем де кітаптың арқасында жеттім деп ойлаймын. Әлбетте, отбасында ата-анамыз адал болуды, кісінің ала жібін аттамай арлы болуды бойымызға сіңірді. Одан әрі қалыптасуымызға, парасат пен ой-өрісіміздің дамуына кітап оқудың ықпалы зор болды.

…Басынан айтайыншы, 2019 жылы Шымкентте кітап фестивалі өтті.Сол кезде қалалық ішкі саясат бөлімі хабарласып, бұл шараға қаражат қарастырылмаған еді аздап қысылып тұрмыз, демеушілік етесіз бе,-деді. «Кітаптың алдында қарыздар едім. Кітап, басылымның арқасында нан жеп жүрміз ғой. Қарыз парызымды өтейін», деп бірден келістім. Сол фестивальде кітап саудасының жай-жапсарын, халықтың кітапқа деген ынта-ықыласын байқадым. Іштей осындай жоба жасау керек деген ойға келдім. Ұжымда кітап оқитын жастар көп. Ортаға салып талқыладық. Кітап жәрмекесін өткізсек қайтеді? Оның атын қалай атаймыз? Сонымен, ұтымды, үйлесімді жоба атауына бәйге жарияладық. Кеңесе келе «Парақ times» деген атқа тоқтадық. Оны ұсынған газетіміздің тілшісі, журналист, өлкетанушы Сейдалы Дүйсебайұлы. Көпшілікке оның мәні ұнады. Яғни: кітаптың өзі парақтаудан басталады. Tіmes деген уақыт дегенді білдіреді. Маркетингтік тұрғыдан да өтімді, тартымды. Екінші мағынасы: біздің өміріміздің әр күні жаңа парақтан басталады. Алланың рақымымен таңертең тұрамыз, ол параққа не жазамыз, жақсы дүние жазамыз ба, жаман нәрсе ме, іс әрекетіміз қалай болады? Осындай бейнелі ой пайымдар болды. Өміріміздің әр парағын кітап парақтаудан бастасақ деп, кітапты төрге оздырсақ деген ниетпен бұл жоба дүниеге келген болатын. Зерттеп көрдік: Ресейде, Жапонияда, тіпті 3 млн ғана халқы бар Моңғолияда кітап оқу дәстүрі мықты қалыптасқан екен. Жобаның сценарийін жазып, патенттедік. Сөйтіп, кітап жәрмеңкесін биылғы жазда тұңғыш рет үшінші мегаполисте өткіздік. Жәрмеңке ашық алаңда өтті. Қонақтар шақырылды, Алматы, Нұр-Сұлтаннан бастап еліміздің бірнеше қалаларынан баспалар өз өнімдерін алып келіп қатысты. Баспалар өзінің жаңа өнімдерін таныстырып, кітап дүкендері желісі жұмыс істеді. Шатыр астында сұхбаттар, кітап таныстырылымы өтті.

Жәрмеңкені өткізудегі басты мақсат – кітап оқуды насихаттау. Оқуға құштар ұрпақ қалыптастыру. Сонымен қатар, баспа-полиграфия өндірісінің, кітап саудасы желілерінің деңгейін сараптап отыратын алаң қалыптастыру. Мұны бәрі сценарийде қамтылған».

« – Ал, «ПарақTimes» жобасына қолдау қалай болды?» деген сауалымызға Бейсенкүл ханым былай деп жауап қатты.

«Осы жәрмеңкелерді өткізу барысында «кітап оқылмайды» деген пікірдің жаңсақ екеніне көзім жетті. Халық оқиды екен. Оқуға құштар балалар да бар.

3D форматты шыққан кітаптарды балалардың қызыға қарап, аналарына «алып бер» деп жылап тұрғанын көрдім. «Қазіргі балалар кітап оқымайды. Газет емес гаджет қарайды» дегені бос сөз. Қасаң пікір. Баланың қолына кітап ұстатсақ кітап қарайды, телефон берсек телефонға бейім болады. Шын мәнінде кітап оқылады. Кітаптың аурасы да ғажап.

Жобаны жүзеге асыруда көп кедергілерге кезіктік. Мемлекеттік қызметшілер тарапынан түсінбеушіліктер де болды. Жобаны бір сәттік өтпелі іс-шарамен шатастырады. «Бұл коммерциялық жоба ғой» дегендер де болды. Лауазымды тұлғадан осыны естігенде не айтарымды білмедім. Бұл коммерциялық жоба емес, әлеуметтік жоба. Елді, әлеуметті кітап оқуға шақыру. Неге екенін білмеймін, кітапты насихаттауға келгенде бюджетте қаржы болмай қалады. Кейде болмашы, пайдасы шамалы іс-шараларға қыруар қаржы бөлініп, өткізіліп жатады. Қаражат жағынан көп мәселе туындайды.

Бұл ретте Түркістан қаласы әкімдігіне алғыстан басқа айтарым жоқ. Бізге орын берді. Қолдау көрсетті.

КІТАП ОҚИТЫН ӘКІМ

…Өткенде ораза кезінде зекетімізді кітап түрінде берсем деген ой болды. Мейірхан Топанбай есімді Түлкібас ауданында тұратын ақын-аудармашы жігіт бар (мүмкіндігі шектеулі). Сол жігітке кішігірім тосын сый жасап «Ақиқаттан аттамайық достар» деген кітабын шығарып берген едік. Сол кітапты бірінші жәрмеңкеде таныстырылымын өткіздік. Бұл игі дәстүр екінші жәрмеңкеде де жалғасты. Бұл жолы Салтанат Мадиярқызының «Шахмат» атты жыр жинағын шығарып тосынсый жасадық.Сондай-ақ, жәрмеңкеде Сейдалы Дүйсебайұлының «Таңғажайып Түркістан» және Мадина Айтпенбетованың «Сайрамнан Түркістанға дейін», ХҚТУ ғалымдары Л.Динашева мен А.Паланың «Түркі мемлекеттерінің тарихы» атты кітаптарын шығарып, тұсаукесерін өткіздік.

…Түркістанда өткен жәрмеңкеге келген қала басшысы Н. Тұрашбеков мырза Мейірханды сұрады. «Ол өзі өте дарынды жігіт, талантты қаламгер. Мейірханның кітабы болса алайын» деп, сол кітапты сатып алды. Менің таңғалғаным: бұрын жұмыс істеп кеткен аудандағы жас қаламгерді елеп, есінен шығармай, сол баланың жазатынын, кітабы шыққанынан хабардар болуы. Демек, Түркістанның әкімі кітап оқитын азамат. Әлбетте, бұған сүйсіндім. (Жалпы, әкімдерді мақтап, ұпай жинап не көзге түсу табиғатыма жат).

ДӘСТҮРГЕ АЙНАЛДЫРУ КЕРЕК

Серікбол ХАСАН, балалар ақыны, «Мұнара» республикалық газетінің бас редакторы:

«Кітап жәрмеңкесі – кітаптың насихатын арттыратын, оқырман мен авторды табыстыратын құтты кездесу. Түркістан төрінде өтіп жатқан «ПарақTimes» кітап жәрмеңкесі де жоғары деңгейде ұйымдастырылыпты. Көптеген жаңа кітаптың тұсауы кесілді. Алыс-жақыннан қаламгерлер жиналып, әдебиет төңірегінде сырлы сұхбат құрып, бір жасап қалды. Кітап жәрмеңкесі осындай жылы жүздесулер мен шабытты шақтарды сыйлап келеді. Одан бөлек «ПарақTimes» қаншама баспалар мен кітап дүкендерінің өз кітаптарын оқырмандарына таныстыруына, сатылымын жақсартуына жол ашып келе жатыр. Демек мұндай жәрмеңкелердің еліміздің барлық қаласында өткізілгені дұрыс. Кітапсүйер қауым үшін мереке болары сөзсіз. Мен осымен екінші рет бұл жәрмеңкеге қатысып отырмын.Осы ретте кітаптың жанашыры, журналист Б.Нарымбетоваға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Кітап жәрмеңкесін өткізіп, қаншама көңілге шуақ сеуіп, ризашылығына бөленіп жүрген жақсы адамның бұл бастамасы әлі де жалғасын тапса деп тілейміз».

Ерлан Жүніс, ақын «Егемен Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі:

«Түркі жұртының кіндігі Түркістанда өтіп жатқан кітап мерекесіне келгенімізге бек қуаныштымыз. Кітапты төрге оздырып, насихаттап, жүректен жүрекке жетер лебіздер айтылып, жылы жүздесулер сыйлаған бұл кітап мерекесі төрт қақпалы Түркістанның атына да, затына да лайықты. Мұндай игілікті іс-шараны ел көлемінде өткізіп дәстүрге айналдыру керек деп есептеймін».

ТҮЙІН

…Жәрмеңкеде Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент қалаларының баспа үйлері, кітап дүкендері, кітапханалары оқырмандарға кітаптарын ұсынды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген ақын-жазушылар, жас қаламгерлер түркістандық оқырманмен жүздесті. Атап айтсақ, Ерлан Жүніс, Серікбол Хасан, Есболат Айдабосын, Айдар Сейдәзім, Абай Қалшабек, Мұқағали Кенжетайұлы және өзге де ақын-жазушылар шығармаларынан шашу шашты. Жәрмеңкеде «Қазақ энциклопедиясы», «Қызмет», «Отбасы хрестоматиясы», «Шашу», «KHAN COMICS», «Қазбілім», «Шың» «Shygylakitap» баспа үйлері «Qazyna кітап» , «Kitapal» кітап дүкендері желісі кітаптар ұсынды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, өз өнімдерін сатуға алып келген баспалар мен кітап дүкендері желісі де риза болып қайтыпты. Әсіресе, «Қазақ энциклопедиясы» баспасы қоржындарын қағып алып келген кітаптарды түгелге жуық сатыпты. «Жай байқап, көрелік» деп келген «KHAN COMICS» баспасы да біршама кітап сатыпты.

Әтіргүл ТӘШІМ, журналист

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы