ӘДІЛЕТТІҢ АҚ ТУЫН ЖЫҚПАЙ КЕЛЕМ

856 көрілім

Түркістандық жазушы, педагог Елтай Бимахамбетұлы тоқсанға таяп қалса да, қоғамдық істерге белсене араласып, еліміздегі саяси-экономикалық мәселелерге қатысты пікірлерін ешбір бүкпесіз баспасөз бетінде жариялап келеді. Шындықтың бетіне тура қарай алатын сирек тұлғаның бірі Елтай атамызды сұхбатқа тартып, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін тарқатуды сұраған едік.

– Елтай ата, тоқсан жас қалай екен?

– Бәрінен бұрын көзімнің көрмей қалғандығы қиын тиіп тұр. Осы тұрғанда сені де бұлдыратып көремін. Дәрігерге барып едім. Ота жасауға келмейді. Қарттықтың салдары дейді. Осы кезге дейін көп оқыдым. 15 кітап жаздым. Алғашқы «Тасаттық» деген драмамды 1964 жылы жаздым. Комедия. Атейстік тақырыпқа арналған шығармамды Түркістанда, Шорнақта мектептерде қойып жүрді.

– Одан кейінгі туындыңыз?

– Одан кейін сол жылы «Соңғы арбакеш» деген кітап шығардым. Ол арбаның орнына жаңа техникалардың келіп жатқандығы туралы кітап. Ол кезде де кітап шығару оңай болған жоқ.

– Сіз осы уақытқа дейін 25 драмалық шығармалар жазған екенсіз? Ұстазыңыз кім?

– 1962 жылы Шымкенттегі «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясына барған кезімде жазушы, драматург Әлжаппар Әбішевпен кездесіп қалдым. Мен ол кезде Шорнақтағы Фрунзе атындағы қазақ-өзбек орта мектебінде директор болатынмын. Мені редакция қызметкерлері Әлжаппар Әбішевпен таныстырды. Ептеп драма жазып жүргендігімді айтты. Ол кісі дереу «Тасаттық» атты драмамды сұратып алды. «Сенде драманың дәні бар екен. Арамшөбін қаптатып алмай, дәнді дұрыстап өсір» деп кітабыма алғысөз жазып берді. 1962 жылы белгілі драматург Әлжаппар Әбішевтің «Сәт сапар» тілеуімен алғашқы туындым «Қарақұрт» атты бір актілі комедиям жарық көрді. 1964 жылы Оңтүстік Қазақстан өлкесі атейстік тақырыпқа жабық конкурс жариялап, «Тасаттық» атты бір актілі комедиям осы жабық конкурста бірінші орынды иеленді.

– Жақында 25 драмалық шығармаңызды екі томдық жинақ етіп шығарыпсыз. Бұл есіл еңбегіңізді ескеріп жатқандар бар ма?

– Иә, дұрыс айтасыз. Көзім көрмеген соң, «Шалқар» радиосын тыңдаймын. Өткен жылы радиодан журналист бір үлкен жазушымен әңгімелесіп отырғанда, «қай жанр қатты ақсап жатыр?» деген журналистің сұрағына «Ең қиындық көріп отырған драма» деп жауап берді. Ең мықты деген жазушы асып кеткенде, алты драма жазады екен. Содан ұшып тұрып, барлық жазған драмалық шығармаларымды жинақтағанымда 25-ке жетті. «Сахнаның сәні» атты екі том етіп шығардым. 2019 жылы Шымкентте қойылды.

– Қандай шығармашылық ұйымдармен араласып тұрасыз?

– 2008 жылы Қазақстан Журналистер ұйымының мүшесі, 2010 жылы Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі болдым. Соңғы кітабымды Кентаудың «Еркін» баспасынан шығардым. Бірақ, жасыратыны жоқ драматургия төрт аяғынан ақсаулы.

1984 жылы «Жалын» баспасынан «Оралу» повесім, 1986 жылы осы баспадан «Тарғыл мысық» атты әңгімелер жинағым жарық көрді. 1985 жылы «Мәдениет және тұрмыс» журналының 5-санына «Тасыған төгілер» атты бір актілі пьесам жарияланды. 1989 жылы «Жұлдыз» журналының 11-санына «Сағыныш» атты көлемді әңгімем жарияланды. 1992 жылы «Қос қуаныш» атты бір актілі және 1993 жылы «Зауал» атты бір актілі пьесаларым Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен «Біздің сахна» атты жинаққа енді.

– Елтай ата, қазіргі өмірдегі драмаға келсек, балаларыңыз, келіндеріңіз ойыңыздан шығып отыр ма?

– Жеті ұл, бір қызым бар. Бір күні ойланып отырсам әрқайсысы әр жақта жүр екен. Балаларым Оралда, Атырауда, Қарағанды, Қызылорда, Алматыда тұрады екен. Барлығы бойдақ. «Бұлар ертең орыс, кәріс, неміске үйленіп кетсе қайтемін» деген ой келді. Содан барлығын жұмыстан шығарып, Түркістанға көшіріп алдым. Түркістан маңындағы қазақ қыздарына үйлендірдім. Қазір бәрінің де үйлері, бала-шағалары бар. Тұрмыстары жақсы.

– Сізді көп адамдар шындықтың бетіне тура қарай алатын қайраткер тұлға сипатында сыртыңыздан аңыз етіп айтып жүреді. Шорнақтың аудан орталығы болуы керектігін ең алдымен қозғаған сіз екенсіз.

– Мен Шорнақтың қайта аудан орталығы болуы керектігін Парламентке де, Үкіметке де дәйектеп жаздым. Соңында «Шындық жеңеді» деген кітабыма да енгіздім. Олар оны жергілікті әкімдік шешеді деген жауап берді.

«Басқа жақты білмейміз, біздің ауылдық округтеріндегі халықтың тыныс-тіршіліктері тап қазіргі заманның талабынан көш төмен. Қала әкімінің сан түрлі тірлігімен қолы босап, ауылдарға қарауға, шынын айтсақ, уақыты да жоқ, қолы да тие бермейді. «Су аққан жерінен қайта ағады» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Сол үшін аудан орталығын бұрынғы өзінің орнына қайта көшіру керек. Бұл-ауылға да, жерге де, тіпті елге де өте пайдалы. Шорнақ селосының қақ ортасынан темір жол жарып өтсе, іргесінен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автожолы өтіп жатыр. Бұған қоса сырттан әкелінетін көмір, түрлі құрылыс материалдарын вагондарымен қоятын кірме жолы да бар. Әділін айтсақ, облыс көлемінде аудан орталығы болатын әрі тиімді Шорнақ сияқты елді мекен атымен жоқ»,-деп жаздым. «Халық қаласа, хан түйесін сояды» деген міне осы. Қазір Сауран ауданының орталығына жан бітіп, алыс-жақыннан адамдар көшіп келе бастады. Барлық мемлекеттік органдар орнықты. Ғажап емес пе?

– Әп,бәрекелді! Сізді Ата Заңның да қатесін шығарған деп айтады. Осы рас па?

– Иә, мына кітабымда сол мақала да бар. «Ата заңымызды қазақша аудармасы ажарсыз, ағайын!» деп аталады.

Менің қолымда екі Конституция бар. Оның біреуі -2010 жыл «Елорда» баспасынан шыққан сұрғылт түсті. Ал, екіншісі 2012 жылы Алматыдағы «Юрист» баспасынан шыққан туымыздың түсі сияқты жасыл көк. Бірақ, екеуінің сырт көріністері екі түрлі болғанымен, ішкі мазмұндары мен жазылуында ешқандай айырмашылық жоқ. «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүние жүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз»,-деп құрмалас сөйлем арқылы отырып етістігін (баяндауыш) 5 рет қайталау арқылы күрделі ойды білдірген. Сөйтіп, сөйлемдерді шұбалаңқы етіп, сөйлемнің ажарын төмендетіп жіберген. Ал, бұл сөйлемдерді: «Біз тарихи ортақ тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекет құрып, еркiндiкті, теңдiкті және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғып, дүние жүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды мақсат етіп, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жауапкершілікті жоғары қойып, өзіміздің егемендік құқығымыздың негізінде осы Конституцияны қабылдаймыз»,-деп жазғанды жөн көрер едік.

– Ата Заңды аударғандарды таза қос жауырынымен жерге қадаған екенсіз. Сіздің Алматыдағы діни мүфтиятты Түркістанға көшіру керек деген де бастамшылығыңыз бар екен. Оны қалай дәйектеп отырсыз?

– Мұны мен БАҚ жариялап, соңында «Шындық жеңеді» деген кітабыма да енгіздім. Тарихқа жүгініп, ақиқатын айтар болсақ,Түркістан сонау ықылым заманнан бері яғни, Ақсақ Темір мен Тоқтамыстан бастап, Керейұлы Бұрындық хан мен Тәуекел ханның кезінде де, Еңсегей бойлы ер Есім хан мен әз-Тәуке заманында да және қасқа жолды Қасым хан мен Абылайханның тұсында да мәдениеті мен қолөнері, сауда-саттығы мен шаруашылығы шалқып,өркендеп дамыған «екінші Мекке» атанған қала. Сондай, ақ бұрынғы Ресейдің кезінде де Түркістан ескерусіз қалған жоқ. Түркістанға 1887 жылдан бастап уезге бағынбайтын дербес шаһар деген мәртебе берілді.

2001 жылы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өткен Түркістан қаласының 1500 жылдық торқалы тойында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Алматы ғылым мен әдебиеттің орталығы, Астана саясат пен әкім-шіліктің орталығы, Түркістан –хал-қымыздың рухани астанасы. Біздің бұл үш қалаға деген көзқарасы-мыздың ерекше екенін жасырмай айтуымыз керек»,- деген болатын.

1996 жылы Рәтбек қажымен кездесіп, Түркістаннан медресе ашамыз деген ойымызды ол кісі құптамады. Сосын ауылға келгесін қолыма қалам алып «Көшіңіз Түркістанға, берем кеңес» деген өлең жаздым.

Реке, ау білесіз ғой діннің күйін,

Барады күннен күнге болып қиын.

Талай жас кіріп жатыр басқа дінге,

Үйінде ата-анадан болмай тыйым.

Ісіңіз өнбей қойды берекесіз,

Көп сынға төзіп жүрсіз, ер екенсіз.

Қалтайдың өзіңізбен кездескенде,

Кеткен жоқ әрбір сөзі келекесіз.

Барлық дін Алматыда араласты,

Ап жүру қиын болды қара басты.

Мүфтидің сондай жерде отырғаны,

Меніңше бұдан былай жарамасты.

Алматы мешітіңіз бітер емес,

Сияқты ашылуы бізге де елес.

«Екінші Мекке» дейді Түркістанды,

Көшіңіз осы жаққа берем кеңес,-деп жаздым. Бұл өлең оқырмандар тарапынан үлкен қолдау тапты.

Өздеріңіз жақсы білесіздер, Түркістан облыстың орталығы болмаса да, осы қаланың бір өзін-де қазіргі талапқа сай салынған 16 мешіт бар. Түркістан көне дәуірден бері діннің орталығы болған. Бұл өңірде төл халқымыздың бұрынғы өткен дәуірлерде өмір сүрген жақсылары мен жайсаңдары осында жерленген.

Қысқасы, Түркістан-Алматыдай жер сілкінісі жиі болатын елдің шеті мен желдің өтінде емес, діннің орталығы болуға өзінен-өзі сұранып тұрған қасиетті де киелі әрі өте қолайлы жалғыз қала. Олай болса, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын Түркістан қаласына неге көшіруге болмайды?,-деп жаздым. Нәтижесі жайлап, біртіндеп шығып келеді.

– Сіз қанша жыл «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы болдыңыз? Көше атын ауыстыру мәселесі де ең даулы нәрсе емес пе?

– Түркістан қаласындағы «Қазақ тілі» қоғамының тұңғыш төрағасы қызметін 21 жыл атқардым. Нешетүрлі жағдайлар бастан өтті. Түркістанның көшелерінің атын ауыстыру кезінде ата-бабаларының есімдерін ұлықтағысы келгендер болды. «Елге еңбегі сіңбеген адамның атына көше беру дұрыс емес» деп мен ондайларға үзілді-кесілді қарсы шықтым. Сол үшін жақтырмағандар да болды.

– Сіз бас бәйге алған «Батаменен ел көгерер» атты сайысқа қанша адам қатысты?

– 2001 жылы Түркістан қаласында Тәуелсіздіктің 10 жылдығына байланысты өткен батагөй ақсақалдардың «Батаменен ел мен ер көгерер» атты республикалық бірінші байқауына қатысып, 12 облыстан келген 42 ақсақалдың арасынан үздік шығып, бас бәйгенің жеңімпазы атандым.

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы Жарлығымен ұйымдастырылып, 2014 жылы 19 қыркүйекте Астанада өткен «Мерейлі отбасы» ұлттық бірінші байқауына қатысып, осы байқаудың да үздік жеңімпазы атандым.

– Түркістан түрік халықтарының рухани астанасына біртіндеп айналып келеді. Бірақ айналада кемшіліктеріміз көп. Соларды Сіз секілді абыз ақсақалдарымыз айтып, тежеп отырғаны дұрыс. Мәселен, мен өлік шығарылып жатқан үйден ас ішуге қарсымын. Осы туралы не дейсіз?

-Басқа облыстарға қарағанда, Түркістан облысында өзбек ағайындар көбірек тұратыны белгілі. Осы ағайындар өлік шыққан үйде үш күн өткенше, дастархан жаймайды. Тіпті ол үйден су да ішпейді. Ал, біздің қазақ өлген нәресте болсын, мейлі қарт кісі болсын кемі бір қара сойып, дастарханды тойдағыдай жайнатып қояды. Өлген адамның ет жақын туыстары улап-шулап, жылап-сықтап жатқанда, бата жасап келген кісілерге қалай ас батады? Осыны неге түсінбейміз? Қалайша ойланбаймыз? Ислам дінінің өлік шығару туралы шариғаты барлық мұсылмандар үшін бірдей емес пе?

Соңғы кезде өзбек ағайындардың осындай өнегелі де жақсы салт-дәстүріне түркістандық бауырлар да біртіндеп көше бастады. Сондықтан бұл ала-құлалықты жою үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына барлық облыстардың имамдарының бастарын қосып, осы мәселені арнайы қарап, жан-жақты талқылап, бір жүйеге келтірілсе, үлкен сауап әрі айта-айта жүретін игі істің бірі болар еді.

– Тоқсанға аяқ арттыңыз, еңбегіңіздің зейнетін көріп отырсыз ба?

– Иә. Мен Түркістан ауданына қарасты Шорнақ селосындағы Фрунзе атындағы қазақ орта мектебінің жанындағы интернатта жатып оқып, осы мектепті 1951 жылы бітірдім. 1953 жылы Алматы-дағы Абай атындағы пединституты-ның филология факультетіне оқуға түсіп, оны 1957 жылы тәмамдадым. Жоғары оқу орнының берген жолдамасымен келіп, Түркістан ауданы мен қаласында оқу-ағарту және мәдениет саласында 40 жылдай басшылық еттім. 1992 жылдан бастап Сәттар Ерубаев мұражайын ұйымдастырып, соның алғашқы директоры болдым. Түркістан қалалық «Қазақ тілі» қоғамын басқардым.

Азды-көпті еңбегім еленіп, «Құрмет» орденінің иегері атандым. Лениннің 100 жылдығы медалімен, үш рет Социалистік жарыстың жеңімпазы медалімен, Ұлы Жеңістің 45,50,60,70 жылдық медалдерімен, көптеген «Алғыс хаттармен» марапатталдым. Түркістан қаласының құрметті азаматымын. Қазақстан Жазушылар Одағы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесімін.

Қазірдің өзінде қалалық «Қ.А.Ясауи кесенесін қорғау» қоғамдық бірлестігінің, ономастикалық комиссияның, соғыс және еңбек ардагерлері пленумының белсенді мүшесімін.

Кезінде абыроймен қызмет атқарып, Түркістан ауданы мен қалалық кеңестерінің бірнеше рет депутаты болдым. Енді міне, жұбайым Елена Төлеуқызы екеуміз сегіз ұл, бір қыз тәрбиелеп, құдайға шүкір, 35 немере мен 27 шөбере сүйіп отырған өнегелі үлкен шаңырақтың иесіміз.

– Үлкен рахмет. Сіздер-дей сөзі мен ісі темірқазық-тай тұрлаулы, атқаны тиіп, айтқаны орындалатын, жастарға жол көрсетер абыз ақсақалдарымыз барда, жолдан жаңылмай-тынымыз хақ. Ата жүзге жетіңіз!

Ескендір ЕРТАЙ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы