ШЫРАҒЫ ЖАНБАЙ ЖАТЫП СӨНГЕН ЛОГИСТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҚТЫ ЭКО БАЗАР АЛМАСТЫРМАҚ

588 көрілім

    Түркістан қаласында осыдан 6-7 жыл бұрын мемлекет есебінен логистикалық орталықтың жобасын әзірлеп қолайлы орыннан құрылысын бастағаны жөнінде ел алдында жария етілген. Ондағы мақсат несібесін жеранадан іздеген диқандар үшін көкөніс сақтайтын қоймалар, теміржол тұйығы, сауда орындары салынып шаруалар өз өнімдерін делдалсыз саудалауға мүмкіндік жасау болатын.  Алайда, содан бері бірнеше уақыт өтті бүгінде логистикалық орталық туралы жақ ашқан шендіні көрмедік.

    Мәселені тарқатып айтсақ, Түркістан қаласы әкімдігінің 30 мамыр 2014 жылғы № 767 қаулысына сәйкес құрылысы жоспарланған сауда-логистикалық орталығына 20,0 гектар жер телімі бөлініп, мемлекеттік актісі алынған. Жергілікті бюджеттен 4,4 млн. теңгеге орталықтың инфрақұрылым құрылысына ЖСҚ әзірленіп, жобалық сметалық құны 243,9 млн теңгені құраған еді. Аталған орынға 2016 жылы 10 жоба орналасып, 67 жаңа жұмыс орындары ашылады деп жоспарланған. Сол кезде 2 кәсіпорынға барлығы 3,4 гектар жер көлемі бөлініп берілген.

    Одан бөлек аймақтық үйлестіру кеңесінің ұсынуымен орталыққа жоба құны 162 млн. теңге құрайтын «Ер-Аман» шаруа қожалығы орналасып өз жұмысын бастаған болатын. Сонымен қатар жүгері өнімін экспорттаумен айналысатын «Кәусар Нұр» ЖШС жылына 3000 тонна өнім өндіретін жоба, аймақтық үйлестіру кеңесінің назарына ұсынылған еді. Дегенмен орталықтың жұмысы тоқтаған соң, бұл жобалардың ешқайсысы жұмыс жасап жатқан жоқ.

    Орталық жұмысының тоқтау себебін Түркістан индустриалдық аймағы бөлім басшысының орынбасары Руслан Жұмашбеков былай деп түсіндірді:

    «Негізінде сауда логистикалық орталығы бізге қарамайды. Дегенмен қазір бұл орталық мүлде жұмыс жасап жатқан жоқ. Қалалық әкімдіктен жер беріліп, жұмысы басталғанымен бүгінде тоқтап қалған. Кезінде Түркістан қалалық әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының балансында болған болатын, бірақ қазір жұмысы тоқтап тұр»- деді.

    Бір қызығы қалалық бизнесті қолдау және туризм бөлімі мемлекеттік мекемесінің бөлім басшысы Эльмира Тұңғышбайқызы «сауда логистикалық орталықтың индустриалды аймақтың қарамағында»,- деп мәлімет берген еді. Алайда индустриалды аймақтың мамандары бұл ақпаратты жоққа шығарып отыр.

    Жауапты мекемелердің мамандары игерілмей қалған жобаларға қатысты мардымды жауап бермегеннен кейін, басқа мамандардан мәлімет алуды жөн көрдік. Кезінде қалалық кәсіпкерлікті қолдау және туризм бөлімі мемлекеттік мекемесінің бөлім басшысы болып 2021 жылдың тамыз айына дейін қызмет жасаған қазір қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлжамал Даханова сауда логистикалық орталықтың жұмысы неліктен тоқтап қалғанын былай түсіндірді:

    –       Жалпы  орталыққа 20 гектар жер телімі қалалық индустриалды аймақтың жанынан берілген болатын. Бірақ, қалалық әкімдіктің шешімі бойынша ол жерге үлкен кәсіпкерлік жоба құрылатын болған соң, берілген жерді  мемлекет мұқтажына қайтып алды.

    Бұл мәліметті әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының мамандары растап отыр. Мекеме балансында болған уақытта жерді игеруде жеке инвестор таппағанын және жоспарланған жобаларды іске асырып үлгере алмағандығын жеткізді.

    Гүлжамал Даханованың айтуынша, ендігі кезекте қазір қалада жаңа экологиялық базар құрылып жатыр. Бұл базар барлық азық-түлік тауарларды көтерме бағамен сатылатын ең ірі экологиялық сауда орнына айналмақ.

    Облыс басшысы Өмізақ Шөкеевтің Өзбекстанға барған іссапарында Ташкент қаласының әкімі Джахонгир Артыкхуджаевпен кездесіп, «Артел» компаниясымен тұрмыстық техника шығаратын кәсіпорын ашу туралы келісімге келген еді. Қалада жылына 1 млн тұрмыстық техника шығаруға уағдаластық жасасқан болатын. Көрші ел инвесторлары Түркістанның индустриалды аймағында газ плиталары мен су жылытқыш құрылғыларын өндірмек. Дәл осы компания бүгінде экологиялық базармен бірлесіп, транспорттық логистикалық орталықтың міндетін атқаруда, Өзбекстан мен Түркия елдеріне тауар айналымын жүргізеді деп жоспарланып отыр. Ал экобазар болса бүгінде сауда логистикалық орталықтың міндетін атқарып отырған жайы бар.

    Жаңа эко базар сауда орталығының бас директоры Бақнұр Аюбектің мәліметінше құны 10 млрд. теңгені құрайтын сауда кешенінің құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың 20 қараша күні толығымен аяқталады деп жоспарлануда.

    Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарын жылдамдату барысында 400-ге жуық құрылысшылар жұмылдырылған. Бүгінде кешен дәстүрлі ауылшаруашылық нарығының және заманауи жайлы сауда орталығының артықшылықтарын біріктіретін жаңа форматтағы фермерлер базары болып табылады. Экобазарда 3000-ға жуық сауда орындары, оның ішінде: 900 орындық азық-түлік пен көкөніс және кептірілген жемістерге арналған жай, 1500 орындық  киім-кешек сатуға арналған мекен, 500 орындық тұр-мыстық тұтыну тауарларына және жиһаздарға арналған мың шаршы метр орын ұсынады. 

    Бұл мекен жайдың тұсына теміржол телімі тартылып, су, газ жүргізіліп, үлкен жүк көліктеріне арналған автотұрақ, заманауи жабдықталған терминалдық қоймалар да қарастырылған.

    Қорыта айтқанда, жоғарыда мақаламызға арқау болған логистикалық орталыққа бөлінген қаражат мөлшері аз емес. Бұл ретте жауапты мекемелер тек атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы мәлімет беріп, игерілмей қалған жобалар жайлы ақпаратты жылы жауып қоя салмай ел алдында барлық мәселені тең ұстаса екен дейміз. Қыруар қаржы талап ететін осындай ғұмырсыз жоба-лар ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кете берсе шенділердің «ел үшін еңбек етіп жүрміз» деген сөздерінен не үміт, не қайыр?

Ұлпан АБДІРАХМАН,

Айнұр БАЙТУҒАН

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы