ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ – ДАМУДЫҢ ТЫҢ ТЕГЕРШІГІ

1  318 көрілім

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «ХАЛЫҚ БІРЛІГІ ЖӘНЕ ЖҮЙЕЛІ РЕФОРМАЛАР – ЕЛ ӨРКЕНДЕУІНІҢ БЕРІК НЕГІЗІ» атты Қазақстан халқына Жолдауында өңдеу өнеркәсібінің үлесі тау-кен өндірісінен де артып түскендігін атап өтті.
«2020 жылдың қорытындысы бойынша, индустрияландыру жүзеге асырылып жатқан 10 жыл ішінде тұңғыш рет өңдеу өнеркәсібінің экономиканы дамытуға қосқан үлесі тау-кен өндірісі саласынан асып түсті. Орта мерзімдегі мақсатымыз – 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейтіп, 24 миллиард долларға жеткізу. Ал, еңбек өнімділігін 30 пайызға арттыру. Әзірленіп жатқан «Өнеркәсіп саясаты туралы» заң өңдеу өнеркәсібінің алдында тұрған сауалдарға жауап беруге тиіс. Соның бірі – шикізатқа қол жеткізудің қиындығы. Отандық өнеркәсіп үшін шикізат тауарларының бағасы қолжетімді, ал көлемі жеткілікті болуы керек деген қарапайым ережені енгізуіміз қажет»,- деп ерекше атап өтті.
Бұл ретте геологиялық ақпараттың жетімсіздігі соған орай, Ұлттық геология қызметін құру жайына тоқталды.
«Сапалы геологиялық ақпараттың инвесторларға қолжетімділігін арттыру қажет. Осыған орай, түрлі ведомстволарға бағынатын бытыраңқы мекемелердің негізінде тиімді Ұлттық геология қызметін құру керек. Бұл орган жер қойнауын кімге және қалай беруді шешетін монополистке айналмауға тиіс. Оның міндеті – инвесторларға кешенді қызмет көрсетіп, қолдау білдіру. Жер қойнауын пайдалану саласына, әсіресе геологиялық барлау және жер қойнауын кешенді зерттеу ісіне тың серпін қажет».
Мен еңбек жолымды қарапайым мемлекеттік қызметтен бастап, саты-сатымен өсіп әкім орынбасары, әкім қызметтеріне дейін көтеріліп, соның ішінде Түркістан қаласы әкімінің орынбасарлығын жеті жылдан астам уақыт абыроймен атқардым. Биыл қала әкімінің орынбасары лауазымында зейнетке шықтым. Түркістан қалалық мәслихаттың жетінші шақырылымына депутат болып сайландым. Тәуелсіздік мерекесіне орай, «Ерен еңбегі» үшін медалімен марапатталдым. Маған ел мен жерге қызмет ету бағы бұйырды. Кентау шаһарына қарасты Ащысай поселкесінде туып өстім. Кентаудың Кеңес Одағының қарамағындағы үлкен шахта болғандығын, қаланың тірек кәсіпорны ретінде оның әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын көтеруге серпінді дамытуға мүмкіндік бергенін көп қала тұрғындары әлі күнге дейін айтады. Қазіргі таңда Кентаудың трансформатор зауыты өз өнімдерін Еуропаға, Қытайға дейін шығаруда. Бізде алдағы жылдары осындай индустриалды бағдарламаға сәйкес, Ұлт саясатына орай, өңдеу өнеркәсібінінің мүмкіндігін барынша, молынан пайдалануымыз керек.
Қала әкімінің орынбасары болдым. Бұл қызметті төрт жыл бойы, қала әкімі болған 2017 жылдың желтоқсан айына дейін ойдағыдай алып жүрдім. Жаңа облыс орталығы болып құрылған Түркістан шаһарының тарихи бет бұрысынан кейін өзіме әбден таныс бұрынғы жұмысыма қайтып оралдым. Бұл қызметті үш жылдай өз деңгейінде алып жүріп, атаулы орынды күні кеше қалалық мәслихатқа депутат болып сайланғаннан кейін босаттым. Еңбек жолымның соңғы жеті жылдан астам уақытын қала әкімінің орынбасары қызметіне арнап, сол жолда тер төгіп орынбасар қалпымда зейнетке шықтым. Қарап отырсам екінің біріне бұйыра бермейтін бақ екен. Бұл да болса халқымның, ел-жұртымның еңбегімді таудай етіп бағалағаны, көрсеткен биік құрметі деп түсіндім.
Ауыл шаруашылық бөлімін басқарып тұрған кезде шаруалар мәселесіне, соның ішінде суармалы жерлерді көбейтуге көп қарекет жасадым. Мәселен, Жаңа Иқан ауылында сыйымдылығы 7.5 млн текшеметр болатын, 1,5 мың гектар жерді суаруға қауқарлы «Иқан су» қоймасының қажетті жоба-сметалық құжаттарын жасап, осы мәселені арнаулы қозғадық. Бұл жобаны қалалық әкімдік, соның ішінде біздің ауыл шаруашылық бөлімі мұрындық болып айналыстық. Сол кезде жоба салынады деген аймақта қоныстанған отбасылар бар болатын. Солардың барлығын мемлекеттік мұқтаждыққа байланысты жер телімін алу аясында қалалық бюджет есебінен қаржы беріп жаңа орынға қоныстандырып дайындап қойғанбыз. Қазір осы жобаның бас жоспары дайын болды. Енді тек қаржы бөлу мәселесі қалды. Енді біз бас болып көтерген мәселе соңына шығуға жақын.
Ал, сол бөлімдегі кезде қолға алған енді бір жоба Сырдариядан «Арыс-Түркістан» каналына су әкелуді жүзеге асыратын «Машинный» канал салу мәселесі болатын. Ұзындығы 41 шақырым болатын «Машинный» каналы екі жерден қойылған насостың көмегі арқылы су құяды. Бұны арнаулы, қыр-сырын білетін мамандар көмегімен жоспарлап, сол тұстағы облыс әкіміне қайта-қайта ұсындық. Жазып та, барып та айттық. Ауыл ақсақалдары арқылы да жеткіздік.
Ондағы ойымыз келешекте Шорнақ ауылдық округіне су өте қажет. «Арыс-Түркістан» каналының соңы болғандықтан су жетпей де қалады. Ал дариядан су алынса атаулы ауылға еркін жетумен бірге, қосымша көптеген жерлер игерілетін еді деп ойладық.
Қазір бұл жобада қолдау тауып жоспары жасалынып жатыр. Бұл көптеген ауылдық округтерді суландыру мақсатының құлшынысы еді. Енді бір жоба Қарашық өзенінің төменгі сағасынан жалпы сыйымдылығы 1,7 млн текшеметр су жинайтын суқоймасын салған болатынбыз. Осының арқасында бүгінде 300-400 гектар суармалы жер шаруалардың игілігіне жарап жатыр. Осының барлығы шаруаларға деген айрықша қолдау, ерекше көмектің бір парасы болса деген ниеттің іске асуы болатын. Бұл дегеніміз қаншама жұмыс орнының ашылуына оң әсерін тигізіп, 1,5 мың гектар аумақтың игерілуіне мүмкіндік береді. Тіпті мемлекет салығына кіріс те кіргізеді.
Мемлекет басшысы: «Ұлт жоспары аясында басталған реформаларды соңына дейін жеткізген жөн. Атап айтқанда, геологиялық ақпараттың ашық цифрлық мәліметтер базасын құрып, оны инвесторлар үшін қолжетімді ету керек. Жер қойнауы – ұлттың байлығы. Оны пайдалануға беруді оңаша кабинеттерде «бармақ басты, көз қыстымен» шешу заңсыз деп танылуға тиіс. Тиісті органдар бұл мәселе бойынша бақылау жасауды қамтамасыз етеді».
Біз бәрінен бұрын, қала маңындағы өндіріске, өңдеу кәсіпорындарына, ауыл шаруашылығына суармалы егістікке керекті жерлерді ешқандай бұлталақсыз, заңды түрде ресімдеу арқылы халық шаруашылығын серпінді дамыта аламыз.

Тәжібек МҰСАЕВ,
Түркістан қалалық
мәслихатының депутаты.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы