КЕНТАУ ӘКІМІ ЖАҢА ҮЙ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

527 көрілім

«Түркістан» газетінің №41 санында Кентау қаласындағы жаңадан пайдалануға берілген үйлердің сапасы туралы тұрғындардың шағымына орай, «Жаңа үйлердің тұрғындары сапасына сый айтуда» деген материал жарық көрді. Соған орай, қала әкімі Даурен Махажанов тұрғындармен кездесіп, мән-жайға қанықты.
Кентау қаласында 10 көпқабатты тұрғын үй жуырда кезекте тұрған тұрғындарға бес санат бойынша пайдалануға берілген болатын.
Жаңа көпқабатты үйлерді жылыту газ жүйесіне арналып жасалынған. Күн суыта бастаған соң тұрғындар тарапынан арыз-шағымдар көптеп түсе бастады. Осы тұрғыда қала әкімі Даурен Махажанов аталмыш үйлердің тұрғындарымен кездесті.
Кездесуде бірнеше маңызды мәселелер қаралды. Атап айтқанда: жылумен қамтамасыз ету, жол, үйді жекешелендіру.
Даурен Сабитұлы бүгінгі таңда газ жүйесін қосу бойынша арнайы штаб құрылып, мәселелерді шешу мақсатында тиісті шаралар атқарылып жатқанын атап өтті. Қыс айларына дейін газ жүйесін қосуға тиісті шаралар қаралып, атқарылып жатқанын айтты. Газ қосылғанға дейін тұрғындар электр пештерін пайдаланады.
Жарық ақысы көбейеді деген сауалға, «Энергопоток» ЖШС басшылығымен келісе отырып, жарық ақысы орташа есеппен 16 теңгеден асырылмайтын болды. Бұл тек жаңа 10 үйдің тұрғындарына ғана көрсетілетін көмек.
Автокөлік жүретін жаңа жолдың құрылысы қазан айының соңына дейін аяқталып, қоғамдық көліктер жүргізіледі.
Ал, үйді жекешелендіру бойынша көтерілген сауалға қала әкімі заң талаптарына сәйкес жүргізілетінін түсіндіріп өтті.
Қала әкімі аулада тұрып, тұрғындардың бірқатар сауалдарына жауап берді. Сонымен қатар, сол аймақтан ашылған штабта тұрғындарға жеке қабылдау өткізді.
Даурен Сабитұлы «Мен сіздермен біргемін. Мәселелерді тиісті мекемелермен бірлесе шешетін боламыз. Әр апта сайын осы штабта қабылдау өткізіп, өздеріңізбен жүздесіп отырамын. Үйдің құрылысы бойынша анықталған кемшіліктер кепілдік мерзіміне сәйкес, мердігер тарапынан бес жыл бойы жөнделетін болады. Ол жұмыстар біздің бақылауда болады» – деді.

Ескендір ЕРТАЙ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы