ДЕПУТАТТАР 15 ТҰРҒЫНДЫ ҚАБЫЛДАДЫ

651 көрілім

«Nur Otan» партиясы қалалық филиалының бекітілген кестесіне сәйкес, осы аптада қалалық мәслихат депутаттары Ғаппар Сәрсенбаев, Ақиқат Абдуллаев, Сүлеймен Арыстанов, Тәжібек Мұсаев қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындар мәселесіне назар аударды.
Қалалық мәслихат депутаты Ғаппар Амантайұлының қоғамдық қабылдауына қала тұрғыны зейнеткер Манзура Жапарова газ мәселесі бойынша келді. Айтуынша жылу жүйесін үйіне әлдебір алаяққа (жылу жүйесін құрып беремін деп ақшасын алып жоқ болған) алдануына байланысты орната алмаған. Өзі ІІ топ мүгедегі және астма ауруымен ауырады екен. Мәслихат депутаты мәселені толығымен тыңдап, тиісті арнайы маманға хабарласып, оны қабылдау орнына шақыртып, мәселе оңынан шешімін тапты. Манзура Жапароваға міндетті түрде прокуратураға барып арыздану керектігін айтты.
Жалғыз басты екі баланың анасы Гүлнара Искакова үй алу мәселесін алға тартып, 2015 жылы үйге кезегіне жазылған. Қазіргі уақытта 203-ші кезекте, үйдің кезегі өте жай жылжитындығына наразылығын білдірді. Бұл мәселе бойынша Ғаппар Амантайұлы қалалық тұрғын үй инспекциясы және тұрғын тұрғын үй қатынастары бөліміне хабарласып мән – жайды анықтап, үйді келесі жылдың көктемінде заң талабына сай ала алатындығын анықтап берді.
Ал, үш балалы, жалғыз басты ана Мөлдір Сәрсенбаева бір қызы талма ауруымен ауыратынын, қазіргі таңда Алматы қаласында жолдама арқылы емделіп жатқанын жеткізді. Сол қызын емдетуге қаражаты болмай, әлеуметтік жағдайы төмен, тұратын баспанасының да жоқ екенін айтты. Мәслихат депутаты тұрғынның мәселесі бойынша әкімдікке жолдама жіберетіндігін және кәсіпкерлерге тұрмыс – жағдайын айтып, міндетті түрде көмектесуге ықпал жасайтындығын мәлімдеді.
Қалалық мәслихаттың депутаты Ақиқат Махмудұлының қоғамдық қабылдауына келген екі азамат Саят Түймелі және Дәулетхан Оспан қоғамдық ұйым құру жөнінде ұсынысын білдіріп, соған қолдау көрсетуін сұранды. Тұрғындардың мәселесін тыңдаған Ақиқат Махмудұлы оған оң баға беріп, ашылуына барынша ықпал жасайтындығын жеткізді.
Ал, көп балалы ана Шахла Маматсалиева әлеуметтік көмекке мұқтаж екенін және азық-түлікпен қамтамасыз етсе деген өтінішін жеткізді. Депутат Ақиқат Махмудұлы азаматшаның отбасын өз қаражаты есебінен бір айлық азық түлікпен қамтамасыз етіп, Шахла Атажанқызының алғысына бөленді.
Қалалық мәслихат депутаты Сүлеймен Арыстановтың қоғамдық қабылдауына жалғыз басты ана Ботакөз Файзиева пәтеріне жылу жүйесін орнатуға көмек беруін сұрады. Бұл мәселе бойынша Сүлеймен Тұрсымбайұлы азаматшаның үйіне жылу жүргізіп беретінін жеткізді.
Ал, көпбалалы жалғыз басты ана Гүлзира Әбдірахманова бір бөлмелі пәтерде екі отбасы күнелтіп отырғанын, тұрғын үй мәселесіне көмек қолын созуын сұранды. Депутат Гүлзира Әмірәліқызының өтініші бойынша өзінің қалада орналасқан баспанасының бірін ұсынып, тұрғынның мәселесін шешіп берді.
Қалалық мәслихат депутаты Тәжібек Мұсаевтың қоғамдық қабылдауына келген Мейрамкүл Сапаралиева ата-енесінің үйін баласының атына аударып берген, «Түркістан Су» коммуналдық мемлекеттік мекемесінен айыппұл келгенін, осы мәселеге көмек беруін, астмамен ауыратын қызын сау деп мүгедектік топтан шығарып тастағанын, «Ақзере-ТМ» ЖШС мекемесі дәрі-дәрмекті түгел бермейтіндігін алға тартты.
Жалғызбасты ана Анаркүл Утебаева мүгедектік есебінен тұрғын үй кезегіне тіркелген. Қазіргі таңда 210 кезекте, қашан үйге қол жеткізетіндігін біліп беруді сұрады. 4 балалы жалғызбасты ана Айдана Утегенова мен Ақмарал Әлшері әлеуметтік көмек сұраса, Әйгерім Жұманова 4 баласымен жалдамалы пәтерде тұратынын, күннің суытуына байланысты қатты отынмен қамтамасыз етуін, Халила Райымова бөлінген тұрғын үйін әлі күнге дейін ала алмай жүргендігін айтып, бұл бойынша соттың шешімі шыққанын жеткізді. Насикүл Жұманова қаладағы №4 әлеуметтік дүкен дұрыс жұмыс жасамайтындығын айтты. Қоғамдық қабылдауға келген қала тұрғындарының мәселесіне назар аударған Тәжібек Қалманұлы заң шеңберінде шешім қабылдап, ықпал жасайтындықтарын жеткізді.

Қуаныш ТАСЫБАЕВ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы