ҚҰТЛЫҚТЫҢ ҚҰТТЫ ҚОНЫСЫ

576 көрілім

Қала іргесіндегі Бірлік ауылы қазір Түркістан қаласының аумағына ресми түрде кірген. Түркістанның жаңа әкімі Нұрбол Тұрашбеков Бірлік мөлтек ауданының жауапты өкілі етіп, Мәмір Алданазаровты тағайындады. Түркістан қалалық Ақсақалдар алқасы төрағасының орынбасары Тайыр Абдуалиев ақсақалдың бастауымен Бірлік ауылына бет алдық. Мұнда өткен жылы ковит індетінен қайтыс болған жеке кәсіпкер Құтлықхан Вахаповтың жылдық асы беріледі екен. Көзі тірісінде қолындағы барын жоқ-жітіктен аямай, қамкөңіл жандарға қашанда қамқор болып жүрген Құтлықханның адами һәм азаматтық істерін ауылдастары айтып тауыса алмайды. Өткен жылы Мақтаралды су басқан кезде де өзбек мәдени орталығының ұйымдастыруымен он тонна азық-түлік, киім- кешек, көрпе-төсек апаруды ұйымдастырып, оны таратудың да басы қасында Құтлықхан өзі жүрген көрінеді. Қазір міне орнында бар оңалар дегендей әкесі Құтлықханның биыл 60-қа толар тұсында балалары мен туыстары ісін жалғастырып, Бірлікте заманауи спорттық сауықтыру кешенін іске қосты.
Түркістан қалалық Ақсақалдар алқасы төрағасының орынбасары Тайыр Абдуалиев ақсақалдың айтуынша, Құтлықхан ауыл шетіндегі күлді қоқысты тазалап, мақтаны тереңдетіп өңдейтін цехты іске қосқан екен. Осы аумағы төрт гектар жер бұрын ауылдың күл қоқыс төгетін орыны болған екен. Мұны тазалап ретке келтірген Құтлықхан Вахаповтың негізгі ойы мақтаны қалдықсыз өңдеп, мата шығару ғана емес, киім-кешек, көрпе-төсек тігуге дейін жеткізу арманы болған екен. Қазір мұнда аяқ киім цехында әзірге «Бірлік» фирмасының таңбасымен жаздық аяқ киімдер тігіледі. Бұған сұраныс жоғары. Сонымен қатар, автобаза, асхана, монша, сауна, Түркістанда жоқ жабық үлгідегі футбол алаңы бар. Барлығы жүзге жуық адам жұмыспен қамтылған.
Өндірістік кешеннің басшысы Әбсадық Мырзакәрім таяу болашақта жеміс түрлерінен тосап дайындайтын цехты іске қосуға әзірлеуде. Заманауи футбол алаңының іргесіндегі жетпіс соттық жерге алманың төрт түрі, алша, шабдалы, алмұрт, шие, қара өрік өсіріп, оның да өнімдерін қалдықсыз табиғи түрде елге ұсынуды армандаған екен. Көзінің тірісінде кәсібін дөңгелентіп қана қоймай, ауылдастарының қас қабағына қарап, ақсақалын тыңдап, ініге қамқор болған Құтлықхан Вахапов еңбек еткен адамының дұрыс демалып, сауығуы да тиіс деген тәртіпті ұстанған екен. Әсіресе, мынадай заманауи бассейнді Түркістанның маңайынан көрген емеспіз. Бәрінен бұрын мұнда бүлдіршіндер, балалар, ересектерге арналған бөліктері бар. Тәртіп қатаң болуы үшін бейнекамера орнатылған. Бөлек күзет қызметі де бар. Қауіпсіздік шаралары қатаң сақталады. Халал азық-түлігі, сусындары даяр. Бәрі де табиғи. Қымыз, қымыраны осы ауылда өндіріледі.
Ақсақалдар өзара ақылдаса келіп, Құтлықхан Вахаповты жылдық асын беру рәсімі кезінде салауатты өмір салтын ұстанған кәсіпкердің атынан футболдан балалар мен жасөспірімдер арасындағы Құтлықхан Вахапов атындағы турнир өткізді. Өндірістік- спорттық сауықтыру кешенінің атында Құтлық Вахаб деп қоюға бәтуаласты. Бір-бірімізді көзіміздің тірісінде қадірлейік. Бірлік пен ынтымақтың қадірін барында бағалайық дескен ақсақалдар Құтлық Вахабқа құран бағыштады.
Бір ғана адамның осыншама қыруар істі қалай қатар атқарғанына ауылдастары таң қалысып отыр. «Ат тұяғын тай басар» дегендей әкесінің ісін шашау шығармай, тиянақты басқарып, әрі қарай жалғастырып әкеткен балалары мен туыстарына да бірліктіктер дән риза. Міне, «жақсының аты өшпейді» деген осы. Өнегелі өмір сүрген жеке кәсіпкер Құтлықхан Вахаповты ауылдастары мақтан тұтады.

Ескендір ЕРТАЙ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы