ТҮРКІСТАННЫҢ КЕЛБЕТІ – МӘДЕНИЕТІМІЗДІҢ АЙНАСЫ

802 көрілім

Қадірменді түркістандықтар!
«Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.
Киелі Түркістандай жерде туған,
Түріктің тәңірі берген несібі ғой», – деп Мағжан ақын жырға қосқан қасиетін дүйім жұрт қадір тұтқан Түркістан қаласының өркен жайып, гүлдене түсуі бәріміз үшін маңызды. Бұл ретте Елбасы Н.Ә.Назарбаев сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев бастап, тарихи мекенімізге арнайы мәртебе беріп қана қоймай, оған айрықша көңіл бөліп отырғаны баршамызды қуантады. Қазіргі таңда, Түркістан қаласының дамуындағы өзгерістер жыл немесе ай көлемінде ғана емес күн сайын түрленіп, түлей түсуде.
Айтайын дегенім, барша түркістандықтар таза, жасыл желекті және мәдениетті қауіпсіз қалада өмір сүргіміз келеді. Шаһардың көркі мен тазалығын сақтау жергілікті атқарушы билікке тапсырылғанымен, әрбір туған жерін қадір тұтатын саналы азамат өзі тұратын ортаның таза, әрі қолайлы болуына үлес қосуы керек. Яғни, қала тазалығына тек арнайы қызметкерлер жауапты деген жаңсақ пікір қалыптаспауы тиіс. Әрбір елін, туған жерін қадірлейтін азамат қаланың таза болуына да алаңдағаны жөн. Біздің сүйікті шаһарымызды сырттан біреу келіп шашып немесе бүлдіріп кетпейді, сол сияқты тазаламайтыны да анық. Мен сіздерге түркістандық ардагерлер атынан және қарапайым тұрғын ретінде Үндеу жолдағым келеді.
Түркістан күн сайын көркейіп, аллеялар мен демалыс орындары көбейіп келеді. Көгалдандыру жұмыстарына да мән беріліп, жасыл желектер мен гүлдер егілуде. «Бір тал кессең, он тал ек», деген дана халықтың бүгінгі мирасқоры ретінде келер ұрпаққа сәнді де сапалы мұра қалдыру мына біздердің аманатқа адалдық танытудағы ұлы міндетіміз деп есептеймін. Сондықтан қаламыздағы барлық мекемелер мен кәсіпорын ұжымдары, әрбір тұрғын біз экологиялық жасыл және таза қалада тұратынымызды мақтан тұтып, соған сай табиғатымызды аялай білуіміз тиіс.
Қазіргі күні Түркістан қаласында бұрын-соңды болмаған жаңа жобалар іске асырылып жатыр. Түнде жүрсеңіз аяқжолыңызға дейін жарық түсіп, төңірегіңіз жасыл кілеммен көмкерілген. Десе де көңілге кірбің ұялататыны тұрғындарымыздың осындай дүниелерді аяқасты етуі жанға батады. Керісінше туған қаламызға шын жанашырлық танытатын тұрғындар осы игі бастамаларға қолдау білдіріп, шаһардың шырайын ашуға өз мәдениетіміз арқылы үлесімізді қосуымыз қажет. Демек, әр адам өзі мекен ететін жерін қорғап, таза ұстауға тиіс. Қоршаған ортаны сақтау адамның өзінен басталатындығын әрқайсымыз жете түсінуіміз керек. «Тазалық – денсаулық кепілі», сондықтан экологияға жауапкершілікпен қарау әр тұрғынның азаматтық парызы болуы шарт. Болашақ ұрпаққа таза табиғат әлемін қалдырамыз десек, әркім өз ісіне, әрекетіне салғырт қарамағаны жөн.
Тарихи мекеніміздің дамуына қаншама жан атсалысып, бойындағы күш-қуатын сарп етіп жүр. Осындай істерді ұйымдастырып, аз уақыт ішінде елеулі жетістіктерге қол жеткізген Түркістан облысының басшысы Өмірзақ Естайұлы Шөкеев өңіріміздің әлеуетін арттырып, аянбай еңбек етіп келеді. Өздеріңіз білетіндей елді әбігерге салған пандемия кезінде Түркістандағы жұмыс қарқыны басылған жоқ. Әлі алда қыруар шаруа күтіп тұр. Міне, осындай қат-қабат тірліктердің нәтижесі біздің ынтымақ-бірлігіміз бен мәдениетіміздің жоғарылығымен өлшенеді. Қала тізгінін ұстап, жас та болса бас болып жүрген Нұрбол Әбдісаттарұлы Тұрашбеков күн сайын уақытпен санаспай жауапты сала өкілдерінің жұмысымен әрбір нысанның басына барып танысуда. Орын алған мәселелер бойынша шұғыл шешім қабылдау жолдарын қарастырып, оған тиісті алғышарттар жасап келеді. Дегенмен Түркістанның түрленуі жауапты қызметкерлердің ғана міндеті емес. Оған көп болып, халық болып жұмылуымыз қажет. Яғни, біздің үлесіміз атқарылған жұмыстарға ұқыптылықпен, жауапкершілікпен қарап, өз ортамызды таза ұстауға дағдылану. Сондықтан барша түркістандықтарды өзіміздің қаламыз бен ауламыздың тазалығы үшін маңызды әрі ортақ игі іске қолдау көрсете отырып, киелі Түркістанымызды гүлдендіру жолында жұмыла жұмыс жасауға шақырамын!

Балтабай АЖЕКҰЛЫ,
Түркістан қаласының «Құрметті азаматы»,
қалалық «ардагерлер кеңесінің» пленум мүшесі,
Түркістан облысының Әділет заң
кеңесшілері палатасының төрағасы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы