«ӘЖЕНІҢ ОТБАСЫНДАҒЫ БЕДЕЛІ ЖОҒАРЫ»

673 көрілім

Жаңадан құрылған Сауран ауданы мемлекеттік мекемелер кеңселеріне орналасып, толық іске кірісті. Күні кеше Қоғамдық кеңес құрылып, оның құрамына бірқатар қоғамдық бірлестіктер кірді. Сауран ауданындағы Әжелер алқасының төрайымы болып Бексұлу Жолдасбекова сайланды. Осыған орай, Бексұлу әжемізбен жаңа ұйымның алдағы жоспары, отбасы институтындағы әжелердің рөлі туралы сұхбаттасудың сәті түсті.

Куәлігіңіз бүгін қолыңызға тиіп, Сауран ауданы Әжелер алқасының төрайымы болып сайланып отыр екенсіз, құтты болсын! Қызметіңізді қандай іс-шаралардан бастағалы отырсыз?

Құттықтағаныңызға рақмет! Жақында әжелер алқасының төрайымы етіп сайлады. Одан кейінгі пленумда куәлігімізді берді. Ақсақалдар алқасының пленум мүшесі, Әжелер алқасының төрайымы болып іске кірісіп жатырмын. Түркістан облысы көлемінде бекітілген Әжелер алқасының Ережесі бар. Соған сай он екі ауылдың Әжелер алқасының төрайымдарының басын қосып, жылдық іс-жоспарын бекітіп, жұмыстарымызды жасауымызға мына ковид індеті көп кедергі келтіріп отыр. «Көпшілік жерге халық жиналмасын» дегесін сәл саябырлап отырған жайымыз бар.

Ақсақалдар алқасының үш құрамнан тұратын: «Тәртіп. Тазалық. Көгалдандыру» деген ұраны бар ғой. Сіздердің Әжелер алқасының қандай ұраны бар?

Әже деген үйдің ұйытқысы. Ақылманы. Әже отырған үйде бірінші тәртіп болуы керек деп ойлаймын. Тәртіп бар жерде тазалық болады. Тазалық бар жерде береке болады. Ібіліс айналдырмайды деп ойлаймын. Сауран ауданының құрылғандағы мақсаты – өкіметті халыққа жақындату болып отыр. Біз де осы өкіметті халыққа жақындату мақсатында халықты тәртіпке шақыру әрекетін жасаймыз. Оның ішінде –бала, қыз, келін тәрбиесі. Міне, бастапқы жұмысымызды осыдан бастасақ деп отырмыз.
Мен өзім жасымнан темірдей тәртіпті жақсы көремін. Соны ұстанамын. Бірінші кезекте тәртіпті жолға қою керек. Бауыржан Момышұлы айтқандай: «Тәртіпке бағынған құл болмайды». Тәртіп болмаған жерде ысырап та, берекесіздік те, кесел де, бұзақылық та болады. Сондықтан біздің бірінші мақсатымыз үйдегі, отбасындағы тәртіптен бастаймыз. Сосын көшедегі, көпшілік орындағы, мекеме ішіндегі тәртіп, қызметкерлердің арасындағы қарым-қатынастағы тәртіп қатаң қадағалануы тиіс. Мен бұл мәселелерді үнемі сыни тұрғыда да айтып келе жатырмын. Қырық жылға таяу мұғалім болып халықтың баласын тәрбиеледік. Сондағы айтатын ұраным –бірінші тәртіп болуы керек. Ол үшін өзіміз тәртіпті болуымыз керек. Әжелер, аналар, әкелер, аталар тәртіпті болуы тиіс. Жалпы, республикамызда отбасындағы тәрбиені жүзеге асыру үшін әжелер институты құрылуы тиіс деген пікірді қолдаймын.

«Тәрбие тал бесіктен басталады» десек, кішкене сәбилердің өзін тәрбиелеп жатқан интернет. Қолынан ұялы телефонын жұлып алсаңыз, кез-келген сәби шалқасынан түседі. Кей келіндеріміз сәбидің қолына ұялы телефонды ұстатып, теледидардың ішіне кіріп кетіп «Кел, танысайық», бүкіл шаруасын жиып қойып, үш сағаттық «Қалаулымды» көріп отырады. Осы дұрыс па?

Интернетті қарама деп ешкімге тыйым сала алмаймыз. Интернеттің көп пайдасы да бар. Мәселен, келіндер қысқа дайындық барысында тосапты қалай жабуды интернеттен көріп, сол бойынша қақпағы атылып кетпейтін сапалы, әрі көпке шыдайтын етіп, әзірлейді. Интернетті мүлдем көрмесін дегенге қосылмаймын. Алайда, ол сәбидің, баланың қасында бір адам тұрақты ісін қадағалап отыруы керек деп ойлаймын. Әсіресе, ата-ананың бақылауында болғаны жөн. «Балам, қызым, келінім не көріп отырсың?» деген сұрау болатын болса, олардың түнгі үш-төртке дейінгі уақытын жоғалтпауына кепілдік болады.
Телефон шұқып, ұйқыдан қалатын балалар көбейді. Әр отбасында да осындай кемшіліктер бар. Бәрібір бала тығылып пайдаланады. Әжелер мен аналарға айтар ем. Ұзатылған қызбен телефонмен байланысуды екі-үш жылға дейін доғару керек деп ойлаймын. Себебі, мен бүгін мынаны істедім. Үйдегілер «үй» деді. Мен «бүй» дедім деп «Келинка Сабина» құсап, СМС жазып отырса, одан пайда жоқ. Ол отбасының шырқын бұзады. Ұзатылған қызға анасы: «Екі жылға дейін хабарласпа. Өзіңнің өміріңе өзің иелік ет!»,- деп қатал тапсырса, сонысы жөн болады. Мәселен, менің де бір қызым бар. Соны осындай тәртіппен ұстап отырмын.
Бізде Шорнақта Құрбанбай Рысбеков атындағы мектеп интернат бар. Біз сол тоғыз жылдық мектеп интернатта оқып, білім алдық. Соны 11-жылдыққа айналдырса деген ұсынысымды бір-екі жиналыста айттым. Менің ойлағаным сол мектеп-интернаттың түлектері әрі мектептен мамандық алып шықса екен деймін.
Балалар төрт немесе тоғызыншы сыныптан соң, қалаға қатынап оқиды. Таксимен жүруге қиналады. Қаншама ағайын-туғанның үйінде жатқанымен ол бала жасқаншақтау болып өседі. Қанша айтқанмен ата-ананың бауырындағы жылылыққа ештеңе жетпейді. Мектеп-интернатта болса, көпшілікпен араласып пысып, жетіледі. Қоғамға араласуды үйренеді. Жеке өзінің қарақан басын емес, көпшілік қамын жейтін азамат болып өседі.
Менімен қатар мектеп-интернатта бірге оқыған сыныптастарым үлкен-үлкен қызметтер атқарып, қазір еліне сыйлы ақсақалдар мен әжелерге айналды. Қазір Астанада, Алматыда, осы жақын маңдағы ауылдарда, облыста тұрады. Әлі күнге дейін интернатта бірге оқыған небір-небір сыныптастарым бір-бірімізбен әлі күнге дейін араласып, хал жайымызды, денсаулығымызды сұрап, жиындарда кездесіп тұрамыз.

Өркениетті елдерде зейнетке шыққан жандарға бір медбике бекітіліп беріледі. Сіздің шағын аудан бойынша тіркелген медбикеңіз бар ма?

Менің жағдайымды сұрап тұратын медбике де, онколог дәрігер де бар. Олар келіп қан қысымымды өлшеп, жай-жағдайымды біліп тұрады. Шымкенттегі онкология есебінде болғандықтан, айына бір рет барып тексеріліп, дәрілерімізді әкеліп аламыз. Олар да үнемі дәрілеріңіз түгел жеткізілді ме де сұрап отырады. «Алдыңыз ба?» деп сұрайды. «Алдым» деп ризашылығымды айтамын. Басқа зейнеткерлерге де осылай дәрігерлік көмек болып жатыр деп ойлаймын.

Сұхбатыңызға үлкен рахмет!

Ескендір ЕРТАЙ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы