ӨҢІР КІТАПХАНАШЫЛАРЫ ЖОЛДАУДЫ ОҚЫРМАНДАРҒА ТАЛДАП ТҮСІНДІРУДЕ

1  582 көрілім

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы 2021 жылдың 1 қыркүйек күні Қазақстан халқына жолдау жасады. Жолдауды барлық сала өкілдері, еліміздің барша тұрғындары қолдап, жолдау бойынша жұмыстарды бастап та кетті.
Түркістан облысындағы 393 кітапхана қызметкерлерінің барлығы семинар-кеңестер өткізіп Жолдауды оқырмандарға талдап түсіндіріп , бірауыздан қолдайтындарын білдірді. Кітапханашылар Мемлекет басшысының елдегі барлық сала қызметкерлеріне көңіл бөліп, назардан тыс қалдырмағанына қуанышты. Кітапханашылар ғана емес өңіріміздегі Мекемтас Мырзахметов бастаған зиялы қауым өкілдері Мархабат Байғұт, Нармахан Бегалы, Сая Қасымбек, Гүлнәр Өмірбек Жолдауға қолдау білдіре отырып, кітапханадағы семинар- кеңестердің құтты қонағы болып, оқырмандардың өздерін толғандырып жүрген сұрақтарына жан –жақты, тұщымды жауап берді.
Атап айтар болсақ, биылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі»,-деп аталатын жолдау 7 тармақтан тұрады. Тақырыптарының өзі айтып тұрғандай қоғам өміріндегі ең өзекті бағыттарды қамтиды. Мәселен: Пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық даму; Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру; Сапалы білім беру; Өңірлік саясатты жетілдіру; Еңбек нарығында тиімді экожүйе қалыптастыру; Саяси жаңғыру және адам құқығын қорғау;Ұлттың ұйысуы – одан әрі дамудың басты факторы.
Халқымыздың әл-ауқатын арттыруға арналған бастамалар да көтерілді. Бастама барысында ең төменгі жалақы өсетінін және әлеуметтік жағдайы төмен отбасындағы балаларға оқу барысында берілетін жеңілдіктер көбейеді және шәкіртақы көлемі өседі. Әсіресе, мектеп оқушысы үздік оқып қана қоймай, қоғамдық істерге де белсене араласатын болса, оған арнайы грант белгіленетін болады.
Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары инфляцияның мөлшері өскен сайын бірқатар мамандық иелерінің айлық жалақысы кезең-кезеңімен өсті. Ал биылғы Жолдауда көрсетілгендей, мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы 2025 жылға дейін жыл сайынғы есеп бойынша 20%-ға өсіп отыратынын мәлімдеді.
Президент денсаулық сақтау және білім беру салаларына оң өзгерістер енгізу керек екендігін жеткізді. Әлемді жаулаған індетті жеңудің басты қаруы екпе екендігін айта отырып, вакцинаға қарсы адамдардың арбауына ермеу керектігін, өзіміздің және жақындарымыздың денсаулығы өз қолымызда екендігіне баса назар аударды. Сонымен қатар, отандық фармацевтика саласында өндіріс технологияларын одан әрі дамытып, қажетті дәрі-дәрмекті өз елімізде өндіру керек екендігіне тоқталды.
Еліміздегі Ұлттық банк қана емес екінші дәрежелі банктер де ауыл шаруашылығына және үлкенді-кішілі өнеркәсіптік салаларға қаржылық қолдау көмек беруі керектігін айтты.
Мемлекеттік тіл мәртебесін одан ары көтеру туралы да сөз қозғады. «Қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы, мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі. Сондықтан, қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр деуге негіз жоқ. Ата заң бойынша Қазақстанда бір ғана Мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі. Орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие. Біздің заңнамаға сәйкес, оның қолданылуын шектеуге болмайды.
Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Бұл отаншылдықтың басты белгісі деуге болады. Жастарымыз өзге тілдерді, соның ішінде орыс тілін жетік меңгерсе, бұдан еш ұтылмайды. Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара – әлемдегі ең ұзын шекара. Орыс тілі – Біріккен Ұлттар Ұйымындағы ресми алты тілдің бірі. Сондықтан, бұл мәселеге парасаттылықпен қарауымыз қажет. Еліміз өркениетті диалог пен өзара сыйластық мәдениетін дәріптеуі керек,-дей келіп Мемлекет басшысы Қазақстаннан басқа мемлекеттерде жоқ Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы роліне ерекше тоқталды.- Қазақстан халқы Ассамблеясының бұл саладағы рөлі айрықша. Біз Отанымыз және барлық азаматымыз үшін жауапкершілікті сезінуіміз қажет. Қоғамды ұйыстыру, ұлттық бірегейлікті нығайту ісінде еліміздің тарихи мұрасын және мәдени әлеуетін тиімді пайдалануға баса мән беріледі. Бұл орайда Қазақстанның мүмкіндіктері зор, соның ішінде өзін халықаралық аренада тиімді таныта алады. Дегенмен, бұл мәселеге қатысты саясатымызды қайта қарау қажет. Қазір мемлекет бюджет қаржысын оңды-солды иелене беретін белгілі бір қайраткерлердің ғана жобаларын қаржыландырып отыр. Бұл, әрине, түсініксіз жағдай»,-деп мемлекеттік тіл туралы ойын аяқтады.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында қоғамдағы келеңсіз жағдай ретінде жайылымдық жерлерді алпауытттардың иемденіп алып, жергілікті тұрғындардың мал өрісін тарылтып отырғанына қынжылыс білдіріп, құзырлы органдарға заңсыз әрекеттерді тыюға тапсырма берді.
Еліміздің кей аймақтарында орын алып жатқан қуаңшылық пен жұтқа қатысты ауыл және мал шаруашылығына жеткілікті көңіл бөлу туралы айта келіп, елімізде ветеринар мамандарды даярлаудың жаңа бағыттарына ұсыныс күтетінін айтты.
Парламент палаталарының бірлескен отырысында Жолдау кезінде президентіміз Қазақстанның басты байлығы еліміздің азаматтары екенін ерекше атап өтті. «Сіздердің амандықтарыңыз – менің Президент қызметіндегі ең басты мақсатым әрі тілегім!»,- деді.
Әсіресе, төртінші бастамасында қоғамның ең әлсіз тобы туралы баяндады.
«2020 жылдан бастап 600 мыңнан астам педагог пен дәрігердің, әлеуметтік сала қызметкерінің жалақысы өсті. Бірақ, бюджеттен қаржыланатын өзге сала азаматтары бұдан тыс қалды. Бұлар – мәдениет қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілер және басқалар. Сондықтан 2022 жылдан 2025 жылға дейін мемлекет осы санаттағы азаматтық қызметкерлердің жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіретін болады. Тұтастай алғанда, тағы 600 мың отандасымыз бұл бастаманың игілігін көреді»,-деп ерекше тоқталды.
Президенттің Жолдауын жылма-жыл қаржылық қолдауға ие болатын 393 кітапхананың мамандары ерекше қуанышпен қарсы алды. Бұл бізді өзіміздің сүйікті ісімізбен одан да зор құлшыныспен атқаруымызға кепілдік береді. Барша кітапханашылар атынан алғысымыз шексіз.
Жылдағы Жолдау қазақстандықтардың әл-ауқатын, мемлекеттік стратегиялық даму бағдарламасын айқындап отыратын аса маңызды құжат. Ендеше, Жолдаудан туындаған барлық мұрат-мақсаттарды бірлесе атқару – азаматтық парызымыз.

Жанат ШАРДАРБЕКОВА,
Түркістан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы