- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Түркістан қаласындағы Туризм және меймандостық университетінің алдындағы алаңшада еңбек жәрмеңкесі өткізілді. Түркістан қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ұйымдастырған жәрмеңкеге жиналғандар түрлі ақыл-кеңестер алып, бірқатары кәсіпорындарға жұмысқа жолданды.
Бұл жолы ұйымдастырушылар борышкерлер, абақтыдан шығып қазір қоғамға бейімделіп жатқандар, сантехниктер, дәнекерлеушілер, әрлеушілер, жүргізушілер секілді құрылыс кәсіпорындарына қат мамандық иелерімен кездесті. Бір қызығы, жұмыс іздеп жүргендердің дені 35-ке дейінгі жастар. Оларға кем дегенде 250 мың теңгеден төмен емес жұмыстар қажет. Себебі, құрылыс кәсіпорындарында жасайтын құрылыс көлемі бойынша тапсырыс алғандар қалаған жалақысын өздері белгілейді. Себебі, құрылыс нысанын неғұрлым тез аяқтаса, соғұрлым табысы да мол. Ал, енді бір құрылыс кәсіпорындарында күнделікті кесте бойынша жұмыс жасап жүргендердің айлығы бюджеттік мекемелер секілді мардымсыз. Түркістандық жастардың дені мол жалақы алу үшін алыс шетелдерге дейін жол тартуда. Оңтүстік Кореяда жұмыс жасап жатқандар мен Ресейдің Амур облысында «Росгазпром» кәсіпорнының алып құрылыс алаңындағы құрылысшылар миллион теңгеге дейін табуда.
Еңбек биржасында егде адамдардың қарасы көрінбейді. Мамандар 63 кәсіпорыннан 114 мамандық иелеріне екі мыңға жуық жұмысшылар керек екендігін анықтаған. Алайда, ол кәсіпорындардың өкілдері келмегендіктен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі сол кәсіпорындарға жолдама берумен шектеліп отыр.
Онда барған жұмысшымен кәсіпорын иелері тағы да кездесіп, әңгімелеседі. Сұрыптайды. Сынап көреді. Жұмысқа қабылдау, қабылдамауды жеке кәсіпорын иелері шешеді. Ендеше, бір жұмысты екі жұмыс қылмай, кәсіпорын өкілдерінің осы еңбек биржасында болуын қамтамасыз ету керек еді. Өкінішке орай, олай болмады.
Мамандар да кәсіпорындарда тек күзетші, дала сыпырушы, техничка секілді мамандықтар болмаса, үлкен кісілерге сұраныс жоқ екендігін айтады. Бұл мамандықтарға барғандардың айлық жалақысы елу-алпыс мың теңгеден аспайтындығына қынжылыс білдіріп, қайтып кетіп жатқандары бар. Барлық азық-түлік түрлерінің бағасы шарықтап тұрған кезде, айлық жалақының көтерілмеуі қарапайым халықты қинап тұр.
«Түркістан-ақпарат»