Тоғыз жолдың торабында орналасқан Ұлы Жібек жолының байырғы жүргегі саналатын Түкістан теміржол вокзалы қалыпты жұмыс істеп тұр. Жұмыс істеп тұрғанда қалай? Шаң мен тас, аяқсыз қалып, жайраған құрылыстың ортасында жолаушы қабылдауға мәжбүр.
Елімізде ең көне теміржол 1904 жылы Түркістан қаласында қаланған. Көненің көзі болған бұл вокзал киелі шаһардың тарихи маңызын арттыра түсетін нысан. Себебі аталмыш нысан өзгермей кеңес өкіметі кезеңінен халыққа қызмет көрсетіп келеді. 2015 жылы араға 15 жыл салып «Қазақстан Теміржол» АҚ-нан 400 млн. теңге қаржы бөлініп, қайта жөндеу жұмыстарынан өткен. Содан бері Вокзалдың жөндеу жұмыстары биыл қайта жаңғырып, құрылысы қолға алынған болатын. Алайда, теміржол вокзалындағы күрделі жөндеу жұмыстары бүгінде белортасынан тоқтап, аяқсыз қалды. Ал вокзал басшысы Қанат Сайдуллаев құрылыс жұмыстарының тоқтау себебін толық білмейтіндігін жеткізіп, аталған нысан құрылысына толықтай қалалық әкімдік жауапты екенін айтты. Екі жыл бұрын қалалық әкімдіктің теңгеріміне өткен вокзалды қала басшылығы Түркістанмен бірге қайта жаңғыртуды көздеген. Мәдени мұралардың тізіміне енген ескі ғимараттың әзірге көркі қашып тұр. Бағыт-бағдар беретін тақтайшалары сынып, өңі кеткен. Аяқжолға салынған тас төсеніштер (бурсчатка) езіліп, жарықшамдардың шынылары ластанған. Қайта жөндеуді қажет етіп тұрған бас қақпадағы құрылыстың біршама уақыттан бері не себепті тоқтап тұрғанын зерделеу үшін қалалық инфрақұрылым және коммуникациялар мекемесіне сұрау салдық. Нәтижесінде сектор меңгерушісі Мейрамбек Момбеков құрылыстың аяқсыз қалу себебін қаржы тапшылығымен байланыстырды.
Түркістан теміржол вокзалы маңындағы құрылыс жұмыстарына ЖСҚ құжаттары әзірленіп, абаттандыру басталған болатын. Алғашқы уақытта қаржының бір бөлігі ғана қаралып, бөлінгендіктен құрылыс жұмыстары тоқтап тұр. Негізгі жұмыстың өткізу уақыты келесі жылға өтпелі болатын. Аталған келеңсіз жағдай тек қаржы тапшылығымен байланысты болып тұр – дейді сектор меңгерушісі.
Сондай-ақ, бұған дейін «Түркістан құрылыс» мердігер компаниясы өз есебінен құрылыс жұмыстарын жүргізіп келгендігін айтады. Жауапты сала өкілінің сөзінен ұққанымызды қарапайым тілмен жеткізсек, мердігерге «сен мына жұмысты істей бер, қаржысын кейін береміз» дегенге саяды. Дәл қазір өз қаржысына мұндай тірлік жасап, тарихи мекенді түлетуге құлықты жомарт жандар жоқ сыңайлы. Ал 40 жылдан астам уақыт теміржол саласында қызмет еткен түркістандық зейнеткер, Сейдулла Жұманов вокзал құрылысына көңілі толмайтынын жеткізді.
Түркістан бұрынғыдай емес, қазіргі таңда туризм орталығына айналды. Сөйте тұра, қаламыздың бас қақпасы саналатын аймағы жайрап жатыр. Бұл тек қонақтарға ғана емес, тұрғындар үшін де қолайсыздық тудырады. 2015 жылы вокзал күрделі жөндеуден өткен болатын. Ол уақыттағы құрылыспен бүгінгі кейпін тіпті салыстыруға келмейді. Осы жұмыстың бас-аяғын қадағалап, жауаптылар қолға алса екен дейміз – дейді зейнеткер.
Белгілі болғандай вокзал маңының құрылысы 2022 жылға өткелі тұр. Оған дейін тарихи мекенге арнайы келетін қонақтар вокзалдың осы тұрпатын көруге мәжбүр. Десе де қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков халықты әбігерге салған мәселені ескерусіз қалдырмай, таяу арада ұтымды шешім қабылдамаса, Түркістанға табан тіреген жолаушылар мен тұрғындардың теміржол вокзал перонында қашанға дейін әбігерге түсетіні беймәлім.
Ғалия БИСЕЙІТ