АЙТЫСКЕР АҚЫН ӨМІРДЕН ӨТТІ

898 көрілім

Әбдікерім Манапов ҚР Мәдениет қайраткері, ақын, Түркістан қаласының Құрметті азаматы, еңбек жолын Түркістан аудандық мәдениет үйінен бастап, директорлық қызметке дейін жоғарылап, қажырлы еңбек етті. 2007 жылдан «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы директорының мәдени-көпшілік жұмыстары жөніндегі орынбасары, кеңесшісі, республикалық «Ясауи мұрасы» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарды. Айтыс сахнасында сөз сүлейлерімен үзеңгі қағыстырып, қазақтың жауһар өнерінің жампозына айналды. Әбдікерім Манапұлы өзінің саналы ғұмырын Түркістанның мәдениет саласын дамытуға арнады.  

Әбдікерім Манапов 1955 жылы 30 наурызда өмірге келген, білімі жоғары. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетін тәмамдаған. Әбдікерім Манапов еңбек жолын автоклуб меңгерушісі қызметінен бастаған.

   Бұдан соң мәдениет үйінің директоры, қалалық-аудандық мәдениет бөлімдерінің меңгерушісі, қалалық «Тұран-Жарнама» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарды. 2007 жылдан «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы директорының мәдени-көпшілік жұмыстары жөніндегі орынбасары, кеңесшісі қызметін атқарды.

   2016 жылдың ақпан айынан бастап «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайында бас редактор қызметіне тағайындалды. Музейдің ғылыми қызметкерлерінің жазған мақалаларын қарап, баспаға басуға басшылық жасады. Музейдің төл баспасы «Ясауи мұрасы» газетінің жарыққа шығуына көп үлес қосты. Мұражайда өтетін әрбір іс-шараның жақсы өтуіне, ұжымды ұйымдастырып атсалысып келді. 

   Әбдікерім Манапов Түркістан қаласының Құрметті азаматы атанды. 2006 жылы ҚР мәдениет және ақпарат министрлігінен «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталды. Сондай-ақ, ҚР Мәдениет министрлігінің дипломдары мен құрмет грамоталары, КСРО жазушылар, сазгерлер Одағының арнайы дипломдарымен марапатталды. Әбекең көптеген қазақ әндерінің, ән жинақтарының авторы. Ұжым арасында беделді, сыйлы,  мінезі ашық, адал, өз ісінің нағыз жанашыр маманы болды. Отбасылы, ұл-қыздарынан немерелері бар. Адамдық қасиеті мол азаматтың бейнесі түркістандықтардың жүрегінде ұзақ сақталатын болады. Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.

Н.ТҰРАШБЕКОВ, М.ТАҢҒАТАРОВ, Ж.ҚҰЛБАЙЫМБЕТОВ, Ж.ӘЗІРЕТБЕРГЕНОВ,  Ә.ӘБДІҚАДІРОВ, Е.ТӘЖІБАЕВ,

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы