АҚИЫҚ (очерк)

673 көрілім

Бірде көгілдір экраннан ел аузына іліккен танымал әнші  жігіттің тамылжыта орындаған әні маған өте етене жақын, жүректен шыққан ән жүректі тербетеді дегендей ерекше сүйсіндірді. Жүректі тербеткен сазды ән кімдікі еді – деймін бас қатырып. Есіме түсті-ау ақыры. Саз ән құшағында, ой орманында сүңгіп, әлгі сазгердің бет пердесін ашып, оқырман қауымға жеткізуді жөн көрдім.

1.            БАЛАПАН

Аудандық мәдениет үйінің төрағасы қызметін атқарып жүрген кезім. Түскі үзіліс кезінде қызметкерлеріммен жұмыс барысы туралы пікір бөлісіп отырғанбыз. Есіктен қызыл шырайлы, бидай өңді, тау халқының кейпіне көбірек келіңкірейтін мұртты жігіт рұқсат сұрай ішке енді. Сәлем саулықтан кейін әлгі жігіт келген бұйымтайын айтты.

–              Мен, жұмыс іздеп келіп едім.

Біз бір-бірімізге қарадық. Ол селтиіп үн-түнсіз тұр.

Інім, бұл жерге білмей адасып келіп тұрған жоқсың ба?!

–              Жоқ, мен адасқан жоқпын. Сіздермен көршілес Жаңақорған

мәдениет үйінде қызмет еткенмін, – деді ізетпен.

– Талантың тасып, өнерің асып тұрған сегіз қырлы – бір сырлы болсаң, құшақ жая қарсы аламыз. Қандай өнерің бар? – дедім төтелеп. Қай саз аспабында ойнайсың?!

–              Ептеп сырнай, домбыра, гитара.

Дұрыс екен, Әріптесімнің бірі жігіттің аяқ алысын, өнерін байқап көрейік деп ұсыныс айтты.

Мұртты інім сырнайды сызылтып, әншілерді сүйемелдеді. Қос ішектің құлағында ойнап, ақын Қадыр ағамыз «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» – дегендей домбырамен күмбірлете күй тартып, тамылжыта ән, термелердің тиегін ағытты. Өнерлі екені көрініп-ақ тұр.

Сол кездегі аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Вахап Абдураймовтың келісімін алысымен ұжымның бір мүшесіне қабылданған мұртті жігітіміз мәдениет үйінің жетекші жұмысына бел шешіп кірісіп кетті. Бұл 1978 жылдың наурызы болатын. Ал, әлгі мұртты жігіт бесаспап өнер иесі, Түркістанның болашақ ақын, сазгері Әбдікерім Манапов еді. Өнерліге өріс кең, балапан бала жігіттің өнердегі жасы өркендей түсті.

ІІ. ТОМАҒАСЫН СЫПЫРҒАН ҚЫРАН

Іске бейім, мәдениеттің қыр-сырын ұғып атқара білген Әбдікерімді мәдениет бөлімінің басшылығы автоклуб меңгерушісі қызметіне тағайындады. «Жас келсе іске» демекші, өнерпаз жігіт алғаш рет мәдениет бөлімінен комсомол жастар үгіт бригадасын ұйымдастырды. Сол кезде-ақ, өзінің іскерлігімен озат мәдениет қызметкерлерінің қатарынан табылды. Мәдени қызметінің қыр-сырына қаныққан Әбдікерім ауыл еңбеккерлерінің арасында түрлі мәдени шараларды өткізумен қатар, жастардың арасында алғаш комсомолдық үйлену тойын өткізді. «Сегіз қырлы – бір сырлы» өнерпаз Әбдікерім автоклуб жұмысында өзіндік із, өзіндік қолтаңбасы бар мәдениет қызметкері екенін тағы да айқындай түсті. Әуесқой фотограф, қылқалам шебері автоклуб жұмысын жандандырып, түрлі тақырыпта жылжымалы стенд, альбом, буклет-қаттама, көшпелі кітапхана, қызықты тақырыптық кештер, концерттер ұйымдастыра біліп, өзгелерге үлгі болды. Ол кезде әр жылы аудан көлемінде малшылар тойын өткізу үрдіс мереке болатын. Аудан хатшысы Мұхамедрасул Исақов «Малшылардың биылғы тойын ерекше есте қаларлықтай етіп ұйымдастыру керек. Мәдени шараны жоғары дәрежеде «Коммунизм» қолхозында мәдениет сарайында өткізіңдер», – деп тапсырма берді. Аудандық атқару комитетінің төрағасы Әбдірашит Жансейітов аңқылдаған ақ көңіл, аузын ашса көмейі көрінетін кеңпейіл, көпшіл азамат еді. Бізбен ақылдаса келіп, малшылар тойында ақындар айтысын ұйымдастырайық, малшыларымыз марқайып қалсын, озаттарымызды дәріптейік, кемшілікті тежейік. Ақындарды жұптаңдар, шаруашылықта араласып көрсін, білсін, ақын жүрегімен жырласын. Ақындар айтысын ұйымдастыру мәдениет үйіне ерекше парыз. Ақындарды жұптау, оларды дайындау үлкен жұмыс, – деп шешті.

Аудан, қала көлемінде айтқан жерден суырып салатын суырып салма ақындарымыз жоқ болатын. Бар болса да олар белгісіз еді. Не істеу керек?! Жазған құлда жазық жоқ. Өлең, жыр жазып жүрген жазба ақындарымызға қолқа салып айтысқа шақырдық.

Ақындарымыз.

– Ау, біз қалай айтыс ақыны боламыз. Мұндай қабілетіміз болмаса көп алдында масқара боламыз ғой, – деп қобалжып, ат тонын ала қашты.

– Ешкім туа бітті айтыс ақыны болып туған жоқ. Ақын айтыс-тартыста шыңдалады. Жазып, бір-біріңді тартып, жұлқылап көріңдер. Сендерден ақын шығады, – деп Әбекең нақты шешім айтты. Ақындар жұпталды. Айтысқа Нұрмақаш Егетаев, Қаныбек Сарыбаев, Түгелбай Ботақараев, Төребай Шериев, Әбдікерім Манапов, Әбдінасыр Әбдіраимов айтыстың жүгін арқалап Түркістанда алғаш рет арқалы ақындар тобын бастады. Бұл Республикамыздың 60 жылдық мерекесіне арналған тұңғыш айтыс еді. Ақындармен иық тіресіп сахна төрінде өнер көрсеткен Әбдікерім Манапов сол жолы әкеге тартып туған ұл екендігін паш ете жеңімпаз болып, алғаш рет томағасын сыпырған қыран болып көкке самғап еді.

Сол-сол екен, өнерлі жігіттің асығы алшысынан түсе берді.

«Малшы ауыл маршруттарымен» атты бет плакаты республикаға таратылды. Іле-шала 1982 жылы облыстық ақындар айтысында атақты бөгендік Көпбай Омаровпен тең түсіп, 1984 жылы қайын-жеңге айтысында Надежда Лушникованы жеңді. Сол жылы Мәскеуде Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне қатысты. «Өнер-егіз» дейді халық. Әбдәкерім мерейлі, мәдениетті еңбектерінің жемісінен 1982 жылы аудандық мәдениет үйіне басшы болып бекітілді. Тумасынан өнерді серік етіп, өнерде еңбек еткен жігітке ұжымды басқару үлкен абырой және сын еді. Әбдікерім өзіне жүктелген міндетті атқара білді.

Халықтың театры қашанда актерлерге зәру. Сол кездері әлі есімде. Тахауи Ахтановтың «Күшік күйеу» қойылымындағы басты кейіпкерді  сомдап, музыкамен көркемдеген. Сол жылдары ақын Қаныбек Сарыбаевтың сөзіне жазған әнін Әбдікерім шығарған тың туындыға «Қаратау қарлығашы» болсын деп ат қоюға ұсыныс айтқаным күні бүгінге дейін әлі есімде. Мәдениет үйінен «Шұғыла» үгіт бригадасын басқарып, режиссер де, сценарист те өзі болып, игі істерді атқарды. Сазгер ақын Әбдікерімнің қыл қаламынан туған «Күнгей мен көлеңке», «Ура, ура емес», «Арақ атаңнан қалған ас па?!» сынды сценарилер республикалық халық шығармашылық шығарған топтамаға енді. Әсіресе, оның «Қайран халқым» публицистикалық туындысы Ақмола, Алматы қалаларында қойылып, ол басқарған ұжымға «халық» атағы беріліп еді. Ондағы жылдар басты аудандық мәдениет бөлімін басқарған тұсында халықтық ұжым саны 4-ке жетуі де тікелей Әбдәкерімнің ерен еңбегі екенін біреу білсе, біреу біле бермейді.

– Міне, томағасын сыпырған қыран ақын сазгер алыстарда межелеп самғай ұшып қанат қақты.

ІІІ. АТАҒА ТАРТЫП ТУҒАН ҰЛ

Санқырлылық әлемінде аса дарынды адамдар болса керекті. Әбдікерім де сондай жан. Ол бүкіл одақтық «Жалын» шығармашылық фестивалінің үш дүркін лауреаты болса, біріншіден ақындығы, екіншіден актерлігі, үшіншіден көпшілік театрландырған жұмыстарды ұйымдастырушылығы үшін марапатталған. Сан рет халықаралық, республикалық ақындар айтысының жеңімпазы атанған ол, бір өкініштісі – Оңтүстік Қазақстан облысының бас ақыны болып тұрғанда айтыстан қол үзіп кеткені. Өнерімен Анкара, Стамбул, Ташкент, Бішкек сынды қалалардың талғампаз тыңдармандарын тәнтті еткен Әбекең, соңғы жылдары 50 шақты сазды-мәнді ән жазған сазгерлігімен де ел, халық аузына ілікті. Туған жер, Ұлы Отан, руханият, сүйіспеншілік, махаббат – әндерінің арқауы. Сонымен қатар, Әбекең қарымды қаламгер. Ондағы очерк, толғаулардың авторы, оның бірнеше дүниелері топтама кітапқа енді. «Домалақ ана», «Күләйна», «Сауран» сынды поэмалары мен өлеңдері республикалық, облыстық басылымдарда жарық көрді. Әуесқой этнограф есебінде  жинастырған 600-ден астам жәдігерліктері Кентау қазақ кәсіптік колледжінде мұражай болып тұр. Халық ақындарының мұрасын сақтап, жинақтаушы ретінде де бірқатар жетістіктерге  қол жеткізді. Оның орындауындағы «Құлан ақыны болып», Бизар термелері алтын қорға жазылған. Қарап тұрсақ, қыруар тірлік. Түркістан қаласының Құрметті азаматы, ҚР мәдениет қайраткері Әбдікерім Манапұлының «Айнам-ау» әніне бейне клип түсірілгенін естігенде: «Ұл әкеге тартып туса игі, әке жолын қуса мұрагер деген осы екен», – деп ерекше сүйсіндім.

Әркімнің еңбегінің өз абырой желісі бар, оны ешкім де жоққа шығара алмайды. Бір ақиқат шындық Әбдікерімнің ақиық ақын, сазгер болып шыңға қонақтап қонғаны. Халық айтқандай: әкеден бала тумай ма, әке жолын қумай ма?! Иә, Әбдікерім Қазақстанның халық ақыны Манап Көкеновтың «Қызыл отау» мәдениет үйінде дүниеге келген ұлы ғой.

Мәдібек ТІЛЕУБАЙҰЛЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы