БАЛАҢЫЗҒА ОЙЫНШЫҚ АЛАРДА ӘСЕРІНЕ МӘН БЕРІҢІЗ

1  018 көрілім

Бала санасы қазірде қоршаған ортада болып жатқан кез-келген ақпаратты тез қабылдайды. Сонымен қатар балалардың өсіп жетілуіне ойыншықтар да әсер етеді. Ойыншықтардың көмегімен балалар достық, махаббат, мейірімділік сезімдерін дамытады, мінез-құлық белгілері қалыптасады. Сондықтан, ойыншықты сатып алмастан бұрын балаға қандай пайда әкелетінін анықтау керек.

Бүгінде балдырғандардың қолынан антистресс ойыншықтарды жиі кездестіреміз. Бұл антистресс ойыншықтар «поп-ит», «симпл-димпл» деп аталады. Поп-ит және симпл-димпл ойыншықтары – саусақпен басуға арналған жарты шарлары бар пластикалық немесе резеңке ойыншықтар, саусақпен басқан кезде ойыншықтар арнайы дыбыс шығарады. Негізінен бұл антистресс ойыншықтар психикалық ауытқуы бар, аутизм дертіне шалдыққан науқастарға арналған ойын құралы. Қазірде бұл ойыншақтар ересектер мен дені сау балалардың қолдарынан үзілмейді. Себебі бұл стресске қарсы ойыншықтар «ТикТок» әлеуметтік желісінің арқасында танымал болды.

Психолог мамандар «симпл-димпл», «поп-ит» күйзеліске қарсы ойыншықтар сау баланың психикасына кері әсерін тигізетінін алға тартып отыр. Қазіргі таңда антистресс ойыншықтарды кез келген сауда орталықтарындағы балалар дүкендерінен таба аласыз. Бағасы да қалтаға қонымды. Орташа есеппен бұл ойыншықтардың бағасы 400 теңгеден басталып, 2500 теңгеге дейін барады. Базар ішіндегі ойыншық дүкендерінің сатушылары ойыншық бағасы қымбат емес, әлеуметтік желіде танымал болғандықтан ата – аналар бір алғанда екі данасынан алады , дейді.

Ал кейбір ата-аналар бұл ойыншықтарды балалардың қолдарына ұстатпаймыз. Өйткені баламның дені сау бола тұрып антистресс ойыншықтарымен ойнағанын құп көрмейміз дейді. Бала бақша тәрбиешісі болып жұмыс жасайтын Жұмакүл Оразбекова балдырғандарым қанша алып бер деп қыстаса да алып бермеймін, себебі бұл ойыншықтармен ойнаса балам тәуелді болып қала ма деп алаңдаймын. Далаға шығып балалармен ойнаудың орнына түрлі түсті ойын құралдары баламның серігі болғанын қаламаймын дейді. Бүгінде 3 баланың анасы Жұмакүл әпкеміз тәрбиеші ретінде ата -аналардың бұл ойыншықты балаларына сатып алмауына кеңес беремін дейді. Бала қоршаған ортамен бірге санасы да қалыптасады, сондықтан да резеңке ойыншыққа жабыспай, керісінше оның орнына ермек – сазбен не болмаса кубик-рубикпен ойнағаны балаларға әлдеқайда пайдалы деп отыр. 6 баланың анасы Шолпан Әліпқызы да баласының стресске қарсы ойыншықпен ойнауға қарсы екенін айтты. Көп балалы ана:

«Жақында ғана бірінші арнадан ресейлік психологтың осы ойыншықтардың бала психикасына зиян екенін айтып жатқанын көріп қалдым. Расымен де сау бала мен жүйке жүйесінде ауытқуы бар науқастың жағдайы екі бөлек. Ойыма неліктен баламның ақыл есі жетілмей қалған науқастарға арналған ойыншықпен ойнауы керек деген сұрақ туды. Баламның қолынан түспейтін бұл ойыншықты енді ойнатпай отырмын», – дейді көп балалы ана Шолпан Дүйсенбекова.

Психолог мамандардың пікірінше антистресс ойыншықтарды жиі қолдану балалардың ойыншыққа деген тәуелділігін арттырады дейді. «Келешек» бөбекжай балабақшасының психолог маманы Майра Әбсадықова бүгінде бұл ойыншықтар ойын-сауық құралы ретінде сұранысқа ие болғанымен шын мәнінде қолдану мақсаты бөлек деп отыр.

– «Топ-ит, симпл-димпл» ойыншықтары, негізі логопедияда пайдасы бар. Себебі антистресс ойын құралы арқылы біз балаларға әр түрлі ойын түрлерін ұсынамыз. Балаларды қызықтыруға арналған ойындарды шығаруда, түстерді ажыратуда ойыншықты қолдануға болады. Ал дәл осы аталған ойыншықтарды дені сау балалардың қолдануына қарсымын. Себебі бала психикасының даму кезеңінде эмоциясын басқаруда өз бетінше емес, антистресс ойыншығына жүгіну арқылы тәуелділік артады. Бұл жас өскіннің мінез-құлқында біршама теріс өзгерістер орын алады дегенді білдіреді. Ол ашуланшақ, агрессияға көп берілгіш болып кетуі ықтимал. Сол себепті ата-аналарға бала психикасына оң әсерін беретін көбіне ағаштан жасалған ойыншықтар мен бау байлау, түйме қадау, сырма жүргізу сынды ақыл-ойды дамытуға арналған жаттығулармен айналысуға кеңес беремін. Онымен қоса ұсақ қол моторикасын қолдануға кеңес беремін. Жоғарыда айтылғандардың барлығы баланың ой-өрісінің дамуына оң ықпал береді. -дейді психолог маман Майра Әбсадықова.

Баланың ой-өрісі қалыптасу кезеңінде ойыншықтар айтарлықтай ықпал етеді. Сол себепті жас өскіннің енді дамып келе жатқан санасын улап алмау үшін дұрыс бағыт бағдар беру әрбір ата-ананың міндеті. Ендігі кезекте балалардың психикасына зиян келтіретін ойыншықтарды қолданбауға кеңес береміз.

Ұлпан АБДІРАХМАН

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы