Биылғы Ұлттық халық санағы бұрынғыдан ерекше. Себебі,он жылда бір келетін Ұлттық халық санағына осы жолы онлайн қатысуға да болады. Ол үшін интернет желісіне қосылған ұялы телефон, компьютер болса болғаны. www.sanaq.gov.kz сайтына кіріп берілген сауалдарды толтыру жеткілікті.
Бұл туралы Түркістан қаласы әкімінің кеңесшісі Қадырболат Мұсағалиев №11 Ж.Жабаев атындағы жалпы орта мектебінде Бекзат мөлтек ауданы тұрғындарына түсіндірме жұмыстары барысында айтты.
«Өткен жылы әлемдегі өтпек болған түрлі шаралар жаппай жайлаған індетке байланысты кейінге шегерілгенін жақсы білесіздер. Мұның арасында елімізде өтпек болған халық санағы да бар. Тәуелсіздік алғалы үшінші рет өткелі отырған санақтың бірінші – дайындық кезеңі өткізілді. Енді екінші – негізгі кезеңі. Бұл 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында өтіледі. Оның ішінде 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында онлайн түрде, 1 қазан мен 30 қазан аралығында үй-үйді аралап, сұхбатшылармен кеңес арқылы жүргізілмек. Бүгін міне осы мақсатта қала әкімдігінің ұйымдастыруымен түсіндірме жұмыстары өтіп жатыр. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші барлығыңызды Ұлттық халық санағына қатысуға шақырамын», – деді қала әкімінің кеңесшісі Қадырболат Қабдырұлы.
Түркістан қалалық статистика басқармасының басшысы Бек Мақсатұлы 10 күн ішінде қала көлемінде онлайн санақтан 1745 адам өткендігін айтып өтті. Бұл ретте тиісті шаралардың атқарылып жатқандығын алға тартқан басқарма басшысы халық санағына қатысушының берген мәліметтері құпия болып сақталатындығын жеткізді.