ҒАЛЫМДАР ОТБАСЫ

1  053 көрілім

Түркістан облысы, Сауран ауданы, Абай ауылының тұрғыны Әбдібек қажы Бейсенов ақсақалдың отбасын жұртшылық өкілдері «ғалымдар үйі» деседі. Себебі, бұл киелі шаңырақтан бес бірдей ғалым шығып отыр. Әбдібек қажыны «дала академигі» әрі батагөй қария десе, міне оның орнын кіші ұлы Әлжан басты.

ӘЛЖАН ҚАЖЫ ОБЛЫСТЫҢ «БАС БАТАГӨЙІ» АТАНДЫ

 Жаңа жыл қарсаңында Түркістан облыстық Қоғамдық даму басқармасына қарасты Облыстық Рухани жаңғыру кеңсесінің «Дәстүр мен ғұрып» арнайы жобасы аясында ұйымдастырылған облыстық «Батаменен ел көгерер» онлайн байқауы өз мәресіне жетті. Байқауға облыс көлемінде 13-63 жас аралығындағы 17 үміткер қатысты. Байқау қорытындысының нәтижесінде 1-орынды Кентау қаласы, (қазіргі Сауран ауданы) Абай ауылынан қатысқан Әлжан Әбдібекұлы иеленді. Әлжан қажы Әбдібек ақсақалдың сүт кенжесі. Әкесі қасынан тастамай өзінің бойындағы бар өнерін үйреткен. «Дала академигі» атанған ақсақалдың дән өсірудегі тәжірибесі мен тәлімін алып қана қоймай, салауатты өмір салтын ұстанып, дінге ерте бой ұрған. Әлжанның ең үлкен ерлігі – ол қарттыққа бой алдырған әкесін Меккеге қажылық сапарға апарып, онда күннің ыстығы мен миллиондаған нөпір халықтан өте алмаған кезде, арқалап алып, жеті мәрте Қағбаны айналып өткен: Әкесі арқасында ботадай боздап жылап, баласына батасын бергені әлеуметтік желіге шығып кеткені белгілі. Енді міне «Ата көрген оқ жонар демекші» өзі де облыстың батагөй ақсақалына айналып отыр.

ОБЛЫСТЫҢ АБЫЗ АҚСАҚАЛЫ ӘБДІБЕК ҚАЖЫ

Түркістан қаласының «құрметті азаматы», батагөй-абыз ақсақал, қаламгер Әбдібек қажы Абылайұлы Бейсеновтің мектеп бітіргеніне 65 жыл толуына орай «Үлкендер жолы – ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып» атты практикалық-танымдық конференция өтті. Оған өңірдегі ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, «Бөбек» Ұлттық ғылыми практикалық орталығының Обсерватория директоры, «Алтынсарин» және «Қазақстан ғылымына қосқан қомақты үлесі үшін» төсбелгілерінің және тағы басқа ғылым-білім саласындағы көптеген марапаттардың иегері, теориялық физика және астрофизика саласы бойынша қазақтың тұңғыш ғалым қызы Нұрзада Бейсен қатысты. Әбдібек ағамыздың перзенттері шетінен өнерпаз, нағыз «сегіз қырлы, бір сырлының» өзі. Олар ғылыми конференцияның әрін кіргізді.

Қазір Сауран ауданы, Абай ауылының қадірменді қариясы, Түркістан қаласының «құрметті азаматы», қаламгер, батагөй Әбдібек қажы Бейсенов 1934 жылы Түркістан қаласы, Абай ауылында «Батыр баба Ер Жаманбайдың қара шаңырағы» немесе «Үлкен үй» деп атап кеткен Жаманбай батырдың жетінші ұрпағы Тобағабыл бидің шаңырағында дүниеге келген.1938 жылы әкесі Абылай Бейсенұлы «халық жауы» деген жаламен ұсталып, артынан соғысқа алғы шепке кетіп, содан хабар-ошарсыз кеткен. Ал анасы Шәрипа Құрышбайқызы 1938 жылы өмірден озған. Ол қазіргі Абай (бұрынғы Ақтөбе ауылы) ауылында орта мектептің табалдырығын аттайды.1947-1948 жылдары Қазақстан КП ОК-нің ұйымдастыру бөлімінің жауапты нұсқаушысы қызметін атқарып жүрген әкесінің інісі Әбілбек Тобағабыловтың шақыртуымен Алматы қаласында мектепке барады.

1948 жылы Түркістан қаласындағы қазіргі Ахмет Байтұрсынов (бұрынғы Ленин мектебі) мектебіне білім алуға ауысып келіп, оны 1955 жылы жақсы бітіріп шыққан. Мектепті бітіре сала ауылға келіп, колхоз жұмысына араласады. Сарыағаштағы Қапланбек ауылшаруашылық техникумының агрономия мамандығына оқи жүріп, сол жерде комсомол комитетінің хатшысы, кәсіподақ ұйымының төрағасы сынды қызметтерді қоса атқарған. Оқуын ойдағыдай бітіріп, қызмет жолын Ордабасы ауданы, Исаханов ауылында агроном қызметінен бастайды. 1966 жылдан бастап Куйбышев (Бабайқорған) совхозында механик, гидротехник, артынан ұзақ жылдар бойы агроном болып қызмет атқарады. Тоқсаныншы жылдары Кеңес Одағы құлап, совхоздар тараған тұста, Әбдібек ақсақал өңірде алғашқы болып, Абай ауылында ауыл шаруашылығы кооперативін құрып, егін, бау-бақша егумен айналысады. Көптеген ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтиды. Көп өтпей зейнеткерлікке шығып, сол жылы Түркістан төңірегінде алғашқылардың бірі болып, «Ақтөбе» шаруа қожалығын ашады. Содан бері аттан түспей, ауыл шаруашылығы саласымен үзбей айналысып, Тәуелсіз мемлекеттің дамып-өркендеуіне еңбегін сіңіріп келеді.

«ТЕМІР ТОЙДЫҢ» ТАРЛАНДАРЫ

Әбдібек ағамыз 1955 жылы Мес ата ауылындағы Әмір бидің қызы Ұлпатшаға үйленеді. Міне, осы Ұлпатша әжемізбен отасқанының 65 жылдығы желтоқсанның 7-сінде өткізілді. Себебі, тап сол күні Ұлпатша қызды алып қашып әкеліп, Абай ауылына келін етіп түсіріпті. Мұны «темір той» деп атайды. Себебі, жарты ғасырдан астам уақыт бойы бір-бірінің ыстық суығын көтеріп, бір шаңырақ астында тұруға шыдас берген, жүйкесі темірдей жандарды сипаттаса керек. Ұлпатша әжейдің айтуынша, «дала академигі» атанған агроном Әбдібек ағамыз үй шаруасына олақ, түздің адамы болғанға ұқсайды. Үйдің барша тіршілігі мен бала тәрбиесі осы Ұлпатша әжейдің міндетіне кірген. Оның сыртында ертелі-кеш арылмайтын қонақтардың ас-суын қамдап, қабақ шытпай күтіп алып, шығарып салу да мойнында. Осы шаңырақтағы он баладан өрбіген ұрпақтары бүгінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде халық шаруашылығының әр саласында қызмет етіп жүр. Бір үйде бес ғалым бар.

Өмірлік серігі Ұлпатша – батыр ана. Былтыр отасқандарына 65 жыл толып отырған Әбдібек ата мен Ұлпатша әже екеуі он баланы дүниеге әкеліп, өсіріп, тәрбиеледі. Он баладан 70-тен астам немере, шөбере бар. Балаларының бәрі бірдей жоғары білімді. Бес перзенті – ғалым, 3 ғылым кандидаты, екі магистрант және бір халықаралық тренер – аға оқытушы (профессор, доцент, аға оқытушы). 18 немересі жоғары білімді және 4 немере магистрант, 5 немересі студент. Балаларының бәрі – ән-жыр өнерінің майталмандары.

Бүгінде кіндігінен сексеннен астам ұрпақты өрбіткен Әбдібек атаның отбасы «Аялы алақаны ақ әженің», «Үлгілі отбасы» атты отбасылық байқаулардың бас жүлдесін иемденсе, өзі республикалық деңгейде екі мәрте өткізілген «Батаменен ел көгерер…» байқауларында «Нартай» және «Молда Мұса» атындағы аталымдарды жеңіп алды. Еңбек және тыл ардагері, Ардагерлер кеңесінің мүшесі, ел ағасы болған шақтан бастап ақындық, жазушылықпен айналысып келеді.

Абыз ақсақалдың қаламынан көптеген жырлар түрлі деңгейдегі басылымдарда жарияланып жүр. Сондай-ақ, 2017 жылы өмірлік танымдық тұрғыда және саналы ұрпақ тәрбиелеу мәселесінен ой қозғайтын «Бақыттың бастауында» атты кітабы жарыққа шықты.

Әлі де аттан түспей, өзі құрған «Ақтөбе» шаруа қожалығын басқарып жүр. Осы жасқа келгеніне қарамастан, ауыл-аймақтың тарихы мен шежіресіне, жастарға тәлім-тәрбие беру, оларды патриотизмге тәрбиелеуге өзінің зор үлесін қосуда. Осы тұрғыда ақсақалдың республикалық, облыстық газет-журналдарда өлеңдері мен ой-пікірлері, қоғамдағы мәселелер туралы мақалалары жарияланып тұрады. Сонымен қатар, отандық телеарналарда отбасы және ұрпақ тәрбиесіне қатысты ақыл-кеңестерімен бөлісіп отырады. Атап айтар болсақ солардың бірі, отбасы мүшелерімен 2011 жылы Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай ҚР Президентiнiң жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссиясының ұйымдастыруымен өткізілген «Хабар» арнасындағы «Сонымен солай дейік..» арнайы бағдарламасына «Бақытты отбасын құру формуласы» атты телебағдарламаға Бейсеновтар отбасы арнайы шақырылып, қатысты. Сол жерде Әбдібек ата мен Ұлпатша әже және балалары қойылған сауалдарға жауап берді. Ата мен әже он баланың жоғары білімге қол жеткізіп, әрқайсысының әртүрлі салада абыройлы қызмет атқарып жүрулеріндегі берген тәжірибелерін ортаға салған болатын.

2017 жылы Әбдібек Абылайұлы мен Ұлпатша Әмірқызы екеуінің отасқанына 62 жыл толуына орай Түркістан қаласында «Рухани жаңғыру»  бағдарламасы аясында өнегелі отбасының мерейтойы құрметіне арнап жергілікті әкімдік пен мәслихат депутаттары және басқа да құзырлы органдардың ұйымдастыруымен «Әзірет Сұлтан» тарихи музейінің мәжіліс залында республикалық конференция (дөңгелек үстел) өткізілді.

Дөңгелек үстелде еліміздің көптеген аймақтарынан келген құрметті қонақтар «Рухани жаңғыру» бойынша өздерінің ойларын ортаға салып, сөз сөйледі. Келген қонақтар абыз ақсақалдың «Гауһар той» мерейтойына жүрек жарды лебіздерін жеткізді. Атап айтқанда, ҚР Ардагерлер ұйымы орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, т.ғ.д., профессор Өмірзақ Озғанбайұлы, қазақтың ірі ақыны Қасымхан Сейітханұлы Бегманов, Қырғыз елінен келген құрметті қонақ Бапанова Жарқын Базанқызы, ҚР ҚР БҒМ өкілі Көптілеуова Бағым Әубәкірқызы, «Бөбек» ҰҒПББСО-ның бірқатар басшылары, бірқатар жоғары оқу ордаларының академиктері мен профессор ғалымдары, көптеген ардагерлер мен ақсақалдар және жергілікті депутаттар сөз алып, сөйледі. Сондай-ақ, жиынға барша қажылар, алыстан келген құда-жекжат пен ағайындар, жастар мен ақсақалдың ұл-қыздары да қатысты. Шарада «Гауһар той» иелеріне құттықтауын арнайы жолдаған хаттардың арасында Әбдібек Абылайұлынан бата алған ұлтымыздың мақтанышы Халық Қаһарманы, ғарышкер Айдын Айымбетовтің де жылы лебізі оқылды.

Мерейлі отбасының өнегелі өмірлерінен сыр шерткен елімізге белгілі қаламгер-журналистердің арнайы дайындаған «Ғұмырдария» атты деректі фильмі көрсетілді және бірқатар республикалық басылымдарда жарыққа шыққан мақалалар мен «Ontustik» телеарнасы бейнесюжет көрсетті. Ауылдастары «дала академигі» деп атап кеткен Әбдібек Абылайұлы өмірінің көп жылдарын көптеген елді-мекендердегі бау-бақша, егін шаруашылығын дамытуға арнады. Кеңес үкіметі ыдырап жатқанда кооператив құрды. Ауыл азып-тозған тоқырауда жұмыссыз қалған талай отбасын жұмысқа жұмылдырды, көпке пана болған кісі.

ӘЛЖАН ҰЛДАРДЫҢ СҮТ КЕНЖЕСІ

Түркістан облысының бас батагөйіне айналған Әлжан қажы Әбдібек ақсақалдың сүт кенжесі. Мамандығы мәдениет саласы бойынша, өзі өнерге жақын. Ауыл-аймақтың той-жиындарында келіннің бетін ашатын, той басқаратын өнері бар. Өзі жыршы, термеші.

«Ұлдар жиналып, әкемізді Меккеге апарайық деп ниет еткенде, әкесін қасына ертіп, жетектеп қажылыққа бірге барып келген қажы баламыз. Отбасымыздың жеке кәсіпкерлік шаруашылығын басқарады. Үш баласы бар. Сонымен қатар, ауыл арасындағы ағайын арасындағы түрлі іс-шаралар мен арағайындық істердің бел ортасында жүреді. Былайша айтқанда, ауыл медиаторы», -дейді журналист Телман Бейсенов.

1992 жылы Түркістан индустриалды педагогикалық техникумының ұйымдастыруымен қала және аудан бойынша жастар арасында өткен «Жігіттің сұлтаны» байқауының бас жүлдесінің иегері атанды. Әлжан қажы Әбдібекұлы АБЫЛАЕВ, жыршы, термеші, «Ақтөбе» шаруа қожалығының жетекшісі. Түркістан индустриалды педагогикалық техникумын механик мамандығы бойынша тәмәмдап, одан кейін Орал қаласындағы Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті-нің Мәдениет және өнер факультеті-нің Мәдени-тынығу жұмысы мамандығы бойынша білім алған.

БАЛА КЕЗДЕН КӨП КЕЛІННІҢ «БЕТАШАРЫН» ЖҮРГІЗДІМ

Облыстың бас жүлдесін алып, «батагөй» атанған Әлжанмен қысқаша сұхбаттасудың сәті түсті. Он баланың кішісі, ата-ананың кенжесі, қара шаңырақтың иесі, ата-ананың сүйікті ұлысыз, жалпы, ата-анаңызға ризасыз ба?,-деген сұрағымызға: « Әрине ата-анама ризамын, себебі «әке көрген оқ жонар» демекші, мен әкемнен өнердің түр-түрін үйрендім. Мені өнерге үлкен деңгейде баулыды. Бала болып, ес білген кезімізден білетініміз, кейбір ауылдағы тойлар әкемсіз өтпейтін. Себебі көп тойларды әкем жүргізетін. Сонда асабалықпен қатар, жаңа түскен келіннің бетін ашып, беташарды өткізетін еді. Кейде әкем маған қолыма оқтау ұстатып, өзі келіннің бетін ашып, керемет тәрбие беретін. Сонда өзім жас баламын, қолымда келіннің бетін ашуға берілген оқтау. Әкем келін иіліп сәлем салатын үлкендер жайлы өзінің құрастырған ода жыр жолдарын домбырасын қағып-қағып жіберіп айтып жатады. Сөйтеді де пәленшеге «бір сәлем» деген кезде мен қолымдағы оқтаумен иіліп сәлем салғалы жатқалы жатқан келіннің бетіндегі орамалға оқтауды созып, бетін бүркеп тұрған орамалды сәл ғана көтеріп ашуым керек. Сосын ары қарай жыр жолдары келесі адам жайлы айтылып, жалғасып кете береді. Сондай да, кейде қаптап қызықтап қарап тұрған адамдардың көз жанарынан қаймығамын ба әлде қысыламын ба білмеймін, әйтеуір аздап тосылып тұрып қаламын да, асығыстап үлгерейін деген мақсатта асып-сасып еңкейіп жатқан келіннің тұмсығын бұза жаздаған кездер де болған. Кейіннен өсе келе әкем маған беташарды толықтай үйретті. Ешкімнің көмегінсіз ашқан ең алғашқы беташарым әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Қателеспесем, 1983 жылы жазда ғой деймін. Ол кезде мен 6-шы сыныпты бітіріп, үш ай жазғы демалыстамын.

(Жалғасы бар)

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы