ПАНДЕМИЯ САЛҚЫНЫ КӘСІПКЕРЛЕРДІ ШЫҢДАДЫ

1  031 көрілім

Бүкіл әлемдік пандемиялық ахуал, ең алдымен, кәсіптік салаға үлкен соққы әкелгені белгілі. Бүгінге дейін covid-19 инфекциясынан қанша шығын келгенін ешқандай мемлекет есептеп көрген жоқ. Дегенмен, карантиннен кейінгі жағдай қандайда бір мемлекеттің экономикасын әлсіреткені сөзсіз. Қазақстанда карантиндік жүйе мерзімі жалғаса беретін болса жалпы ішкі өнім көрсеткіші төмендейтіні анық. Бұл ең алдымен, халыққа әсер етіп, мемлекеттің өсімін тоқтатады. Әрине, бұл ретте ең көп зардап шегетін орта және шағын бизнес өкілдері. Дамыған елдердің барлығы қазіргі таңда ішкі өнімнің құлдырап кетпеуіне көп көңіл бөлуде. Ал қауіпті індеттің кесірінен елімізде енгізілген төтенше жағдай режимі түркістандық шағын және орта бизнес өкілдерінің табысына әсер етіп үлгерген екен.

Мысалы түркістандық «MEDI» той ұйымдастыру орталығының продюсері Елнұр Душанов індет басталғалы бері шығынға батып, кәсібін тоқтатуға мәжбүр болғандардың бірі. 2017 жылдан бері тоқтаусыз жұмыс жасап келе жатқан орталық, карантин енгізілген жылдан бастап құрдымға кеткен. Үздіксіз жұмыс жасап, кәсібін дөңгелетіп үйреніп қалған орталық басшысы қол астында істеген 15 шақты қыз-жігіттердің барлығын амалсыздан ақысыз демалысқа жіберген. Елнұр елге індет енді жайлап, алғаш рет карантин енгізілген уақыт – той ұйымдастыру орталығының табысына балта шауып, аяққа тұрмастай шығын әкелгенін айтады.

– Карантиннің салдары біздің орталыққа қатты әсер етті. Індет басталғалы кеңсемізді өткізуге мәжбүр болдық. Сонымен қатар, бастапқыда қабылдап қойған бірнеше тапсырыстан бас тартуға тура келді. Алдын ала берілген ақшаларды түгелімен иелеріне қайтардық. Қазіргі таңда біздің орталық жұмыс жасап тұрған жоқ – дейді Елнұр Душанов.

ТОЙҒА БАРАТЫН СОЛ АДАМДАР БАЗАРДА, КАФЕДЕ ҚҰЖЫНАП ЖҮР

Бірнеше жылдан бері үздіксіз жұмыс жасап келе жатқан той орталығына келер жылы 5 жыл толады екен. Продюсер бірнеше жылдық тәжірибесі бар, ел ішінде атағы да белгілі болып қалған «MEDI» той ұйымдастыру орталығын басқа кәсіптік салаға бағыттау ойында жоқ. Қазақстанда тойға 5 жыл мораторий жарияланса да, орталық басшысы бұрынғыдай кәсібін ары қарай жалғастырып кететініне үмітті.

– «Қойдың зары қасқырдың құлағына жетпейді» демекші, біз сияқты орталықтың мәселесін кім түсінеді дейсіз. Сонда да жақын күндері жұмысқа кірісеміз деген үміт бар. Меніңше тойға да, ашық қосымшасы арқылы кіретіндей жағдай жасағаны дұрыс. Тойға баратын сол адамдар базарда, кафеде құжынап жүр. Той біз сияқты жандардың табыс көзі, кәсібі. Тойды тоқтату бізге айтарлықтай зиян әкелді – деп, Елнұр Душанов тойды өткізуге қатты қысым жасамауын сұрайды.

Той біз үшін сауық құратын жиын болғанымен, өзгелер үшін бизнес, тұрғылықты кәсіп. Елнұр секілді табыс көзі тікелей тойдан болатын адамдар енді қайтпек керек? Карантиндік талаптарды сақтай отырып, жоғарыда айтылған ашық қосымшасы арқылы аз қонақ қабылдап тойды өткізуге рұқсат етер болса біраз орталықтың кәсібі алға басары анық. Пандемияның басталғанына екі жылға жуық уақыт толды. Ендігі кезде, дәл осы инфекциямен талаптарды ескере отырып, қалыпты өмір сүруге бейімделуге көшу қажет. «MEDI» той ұйымдастыру орталығы продюсерінің талабы осы қозғалысты қажет етіп тұрған секілді.

ОНЛАЙН САУДА ЖАҚСЫ ТАБЫС ӘКЕЛДІ

Алайда індет кезінде табысы артқан шағын бизнес иелері де бар екен. Мәселен, Пакиза Әділқызы ел ішінде індет күшейіп, карантин енгізілген уақытта бірден кәсібін онлайн жүйеге ауыстырған.

– Мен мерекелік кештер мен туған күндерге арнап безендірілген шар сатамын. Кәсібімді нағыз карантиндік талап күшейіп, енді инфекция тарап жатқан уақытта бастаған болатынмын. Бастапқыда маған да қиын болды. Кейін келе тауарларымды әлеуметтік желілер арқылы сатылымға шығаруды жоспарладым. Нәтижесінде, онлайн сауда жақсы табыс әкелді – дейді Пакиза.

Карантин кәсіпкерлерге ғана емес, қарапайым халыққа да ғаламтор желісінің шексіз мүмкіндігін дұрыс пайдалана алуды үйретті. Онлайн арқылы кәсібін дөңгелетіп отырған Пакиза айына шамамен, 300 мыңға жуық ақша табады екен. Қазіргі таңда табысының басым бөлігі онлайн тапсырыс арқылы келуде. Бір қызығы, тапсырыс індет уақытында, яғни, онлайн жүйеге ауысқаннан кейін арта түскен. Демек карантин уақытында көпшілік онлайн саудаға көбірек жүгінген болып тұр.

Өкінішке қарай, сovid-19 инфекциясынан кейін елімізде өз кәсібін тоқтатқан адамдар қатары артқан. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында бизнеске басымдық беріп, оны қолдау үшін Үкіметке біраз тапсырма берген болатын. Яғни, бизнес саласында да реформа жасалып, Үкімет біртіндеп бизнесті реттеудің жаңа әдісін енгізді. Есеп-қисап тапсыру, рұқсат қағазы мен лицензия алудың процедуралары жеңілдеп, мыңдаған талаптар қайта қаралды.

Жоғарыда аталған екі кәсіп өкілдерінің бүгінгі ахуалына қарап, бизнес әлемі күннен-күнге дамып, талабы арта түскенін байқаймыз. Жасыратыны жоқ, бүгінде Елнұр секілді той ұйымдастыру орталықтары түгелімен құрдымға кетті. Тіпті бұл сала ғаламтор арқылы сатылымға да шыға алмайды. Сондықтан, продюсердің той өткізуге қатты қысым болмауын сұрап, үміттенетіндей жайы бар.

Ғалия БИСЕЙІТ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы