- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Нарықтың нар көтермес ауырлығына covid-19 індеті келіп қосылғанда, карантинге қатысты кәсібін өрістете алмай, кідірістеп, кедейшіліктің қамытын киіп қалғандар көбейді. Осыған орай қала әкімшілігі мен кәсіпкер Айжани Нұрланованың «Менің кәсібім» бағдарламасы жиырмаға жақын отбасыға үлкен қолдау көрсетті.
Бұл бағдарламаның басқа жобалардан айырмасы жаңадан кәсібін бастағысы келген жандарға «балық берме қармақ бер» әдісін қолданып, қолынан келетін іске қатысты құрал-жабдықтарын алып береді. Сонымен қатар, кәсіпкер ісін толық игеріп алып кеткенге дейін қадағалап отырады.
Жақында «Менің кәсібім» бағдарламасымен жұмысын бастаған түркістандық шебердің үйіне, жоба авторлары барып, өз стилімен қыз жиһазы әсем сандықтың жаңаша түрін жасап жатқан Әмин есімді жігіттің шеберханасын көріп, танысты. Әмин Абдулбайысұлының айтуынша, қазір жұмысы сәл саябырсып қалғанымен тұрмысқа шыққан қыздарына әсем сандыққа тапсырыс берушілер жиі кездеседі. Бір-бірінен естіген көрші-қолаңдары да көмектерін аямайды.
Белгілі кәсіпкер Айжани Нұрланованың бастамасымен басқа да кәсіпкерлер тарапынан шынайы қолдау тауып отырған жоба бойынша Түркістан қаласында 16 отбасы қамтылды. Кедейшіліктің шегіне шыққан көп балалы отбасы иелеріне қаржылай көмек көрсетілмейді. Оның қолынан келетін кәсібін ашуға тиісті құрал-жабдықтарын жеткізіп береді. Ол үшін түрлі құжаттар толтырып, пайыздық үлес те алынбайды.
Қазіргі таңда бұл жобаға облыс бойынша 64 отбасы іліккен екен. Ал, Түркістан қаласындағы отбасылары ешкі өсіру, үйінде бәліш пісіру, сандық жасау, құрақ көрпе тігу секілді тұрмыстық жағдайларын тезірек көтеруіне мүмкіндік әперетін отбасылық қажеттіліктерін өтейтін кәсіптерін таңдаған көрінеді.
Облыстық жұмыспен қамту басқармасы бастығының орынбасары Нұржан Нұрашевтың баяндауынша, түркістандықтардың «Менің кәсібім» жобасының түпкі мақсатын түсінген бірқатар кәсіпкерлер республиканың барлық өңірлерінде қарапайым халыққа қолдау көрсете бастады. Себебі, банкілік операциялар мен түрлі несиелерден титықтаған қара халықтың мүшкіл халін тек кәсіпкерлер ұғынып отыр.
-Бұл бюджеттен тыс жасалынып жатқан жоба. Сондықтан менің Түркістан өңірі ғана емес, барлық облыстардағы осы жобаға шын жүрегімен атсалысып жатқан кәсіпкерлерге алғысым шексіз! Себебі халықтың ішіндегі кедейшіліктің ең төменгі шегінде өмір сүріп жатқан отбасыларына қол ұшын созған іскер жандардың қатары күн санап көбейіп келе жатыр. Атын атап, түсін түстемеймін. Себебі олар өздерін жарнамалағанды жақтырмайды. Бұл бір жағынан өзін жарнамаласа, ісі қайырымдылық болып табылмайды. Кәсіпкерлердің шын жүрегімен көмектесіп жатқандығын мен де түсінемін. Өйткені олардың барлығы да осындай қиындықты кезеңнен, тар жол тайғақ кешуден өткен. Біреуден біреуі естіп, қайырымды жандардың шынайы қамқорлығының нәтижесінде кедейшіліктің қамытын серпіп тастап, өз кәсібін ашуға тәуекел етіп, нәтижесінде ондаған жылдардан соң еңсесін көтеріп, елмен бірге көтерілгендері көп. Біздің де аяққа тұрып кетуімізге себепші болған ағаларымыз бар. Кәсіпкерлер айтады: «біз кедей отбасылардың үйіне үнемі азық-түлік тасып жүргенше, осылай қолына қармақ беріп, ісінің нәтижесін көрген кезде, балаша қуанасың» дейді. Мысалы осы жолы да екі үйді аралап шықтық. Әбен есімді шебердің қыз балаға жасау ретінде берілетін өзіндік дизайнымен жасалған сандық-кебежесі оның өзін ғана қуантып отырған жоқ. Отбасымен қоса, соған үлес қосқан біздің де үлкен қуанышымыз болып отыр. Бастапқыда бұл жобаға көп адамдар да, кәсіпкерлер де сенбеді. Өз бастарынан өткендіктен тәуекелге бел буып, мүмкіндік берді. Берілген мүмкіндікті пайдаланып, бұл кісілер сенімді ақтады. Мен ол кісілердің сенімді ақтағанына өте риза болып тұрмын. Өйткені жобаның авторы болғандықтан оның жемісті, нәтижелі болуы менің ғана қолымда емес қой. Қатысушыларымыз үмітімізді ақтаса, аяқтарынан тұрып кетсе соған қуанамыз. Мемлекеттің де басты мақсаты- тұрмысы төмен жандарды кедейшіліктен құтқару болып жатыр. Осыған титтей де үлесіміздің қосып, нәтижесін көрсек қуанамыз. «Менің кәсібім» жобасына қатысушылардан ешқандай құжаттар, бизнес жоспар талап етпейміз. Қатысушының қолынан келетін кәсібіне қажетті құрал-жабдықтардың түгел тегін жеткізіп береміз. Сенім сертінің үдесінен шығып жатқан отбасы мүшелерінің қай-қайсысының да көзінен ұшқын көрген кезде, ісіміздің дұрыс бағытта екендігіне көз жеткізіп жатырмыз, -дейді жоба авторы, Айжани Нұрланова:
– «Менің кәсібім» жобасы 2019 жылы қыркүйекте басталды. Карантин жағдайына байланысты жұмысымыз аздап баяулады. Алайда, оған қатысушылар біздің сайтымызға шығып, өзінің өтінішін қалдырады. Біз барлығын бірдей қамти алмаймыз. Үнемі кәсіпкерлерден көмек сұрай беруге де болмайды. Сондықтан біз Мемлекетке ұсыныспен шыққалы отырмыз. Себебі бұл жобаға халықтың сұранысы басым болғандықтан бюджетке енгізудің мүмкіндіктерін қарастырып көрсек деген ойдамыз. Біздер құжатсыз құрал-жабдық әпергенімізбен ол отбасын жауапкершіліктен босатпайды. Соған байланысты біз жыл бойына бұл кісілердің жұмысын көріп отырамыз. Себебі адамда түрлі пендешіліктер болады. Тағдырдың қиындығына төзе алмай немесе қолына ақша пайда болған соң кәсібін тастап кетуі де ғажап емес. Бір ғана Түркістан облысында осы жобаға жүзден астам адам қатысуға тілек білдіріп отыр. Неліктен 65-тен астам адам ғана қабылданды дегенге келсек, жүздеген кедейшілікте өмір сүріп жатқан адамдардың ішінен өзінің тілегіне орай кәсібін дөңгелетіп әкете алады ау дегендері таңдалды. Мәселен, тегін беріп жатқан нәрсенің сұрауы болмайды деп ойлау күпірлік. Ол сізге жасалып отырған мүмкіндік. Арыңызбен берілетін жауапкершілік. Сенімнің сертінен шыға алсаңыз, кедейшіліктің де кебінен құтыла аласыз деп біз олардың әрқайсысымен әңгімелесу жүргіздік. Соның барысында екі отбасы болса, нағыз қатты мұқтаж болып отырғанына жеткіздік. Біздің жобаның басты ерекшелігі – кәсіпкер қатысушыға ақшалай емес, тек кәсібін бастауына қажетті құрал-жабдықтарын ғана алып береді. Олардың арасына ешкім де түспейді. Арнайы қор, банкілік операция деген болмайды. Жалпы елімізде жомарт жандар қатары көбейіп келеді. Олардың дені осындай қиындықтан өткен орта кәсіпкерлер. Мынадай жағдай болады. Адам үй жағдайында кішігірім кәсіппен айналысқан.Айналысып жатыр. Бірақ қолы қысқа. Кәсібін дамытуға қаржысы жоқ. Қолында саймандарының тозығы жеткен. Ескі кәсібі тұрып қалды. Жақсы электрик делік. Асып кеткенде елу алпыс мың теңге тұратын қажетті екі үш құралды алайын десе, шиеттей жеті сегіз баласының тамағынан артылмайды. Мұқтаждығына қол жеткізе алмай жүр. Біздің аналарымыз үйде жоқтан бар жасап, нанды пісіріп, артылғанын сатып, бізді жеткізді. Заман өзгерген жоқ. Кедейшілік әлемде бар дүние. Оның сыртында жығылған үстіне жұдырық болып, індет те келіп килікті. Бұл жоба республика аумағында кеңінен қолдау табатындығына сенімдімін. Себебі, біз жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған қазақпыз.
Бұл бастамашылыққа енді әкімдіктер, жұмыспен қамту басқармалары, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы қолдау көрсете бастады. Бұл бастама жалпыхалықтық сипат алса, нұр үстіне нұр. Ескендір ЕРТАЙ