ЕКПЕ АЛҒАНДАРДЫҢ ҚАТАРЫ КҮН САНАП АРТУДА

1  206 көрілім

Қауіпті вирустан қорғанудың бірден-бір жолы – вакцина. Мұны қала тұрғындары жақсы түсініп келе жатқанын «Талғат» клиникасы ауруханасының егу пункттеріне барып куә болдық. COVID-19 індетінің алдын алу мақсатында еліміздің барлық аймақтарында оған қарсы екпе салдыру науқаны жүргізіліп жатыр. Қаламызда COVID-19-ға қарсы вакцинация басталған сәттен бастап өңірде қатерлі індетке қарсы егу жұмыстары наурыз айында басталды. Алғашқы кезекте медицина қызметкерлері мен мұғалімдер салдырды. Қалада коронавирусқа қарсы вакцина алу мен екпе жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ал қазіргі уақытта денсаулық сақтау саласындағы ең көп талқыланатын тақырыптардың бірі. Сондықтан да біз оны газетіміздің әр санында үнемі жариялап отырамыз.

– Бүгінде вакциналау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Өзім де сәуір айында алғашқылардың бірі болып екпе алдым. Ешқандай кері әсері байқалмады. Жалпы, емхана қызметкерлерінің 80 пайызы екпе салдырды. Қалғаны денсаулықтарына байланысты қарсы көрсетілім болғандықтан, екпе салдыра алмады. Сондай-ақ емханаға күніне 200-300 адам келіп, екпе салдыруда. Бүгінге дейін бірінші компонентін 7600, екінші компонентін 2950-ге жуық адам алды. Әрине, бастапқыда қорқыныш пен күдік болды. Қазір халық вакцинаның тиімділігін түсінді.

Дегенмен екпені алғаннан кейін де «енді маған вирус жұқпайды» деп алаңсыз, медициналық маска тақпай жүруге болмайды. Егілген адамдарға түсіндіріп айтамыз. Оларға арнайы түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Бірінші дозаны алғаннан кейін мұқият сақтанып жүру керек екенін, салқын тигізіп алмауын, екінші дозадан кейін ғана адамның вирусқа қарсы иммунитеті көтерілетіні ескеріледі,-дейді дәрігер Сабира Ирисметова.

Дәрігерлердің айтуынша, коронавирусты жеңу үшін ұжымдық иммунитет керек дейді. Ол үшін халықтың жартысынан астамы індетке қарсы екпе алғаны жөн. Бүгінгі таңда орталық ауруханаға өз еркімен келіп, екпе алып жатқандар бар. Алғаш вакцинациялаудан өткендердің ешқайсысынан қандай да бір теріс әсер байқалмаған. Олар екпені екінші рет қабылдап та үлгеріп жатқанын алға тартады. Ал екінші мәрте екпе салдырғандардың бірі Қымбат Утегенова. Ол «Талғат» клиника ауруханасының мейірбике қызметкері. Айтуынша, өзі жұмыс істейтін мекеме қызметкерлерінің басым бөлігі вакциналаудан өткен. Екпе салдырғандардың барлығы белгілі мерзім ішінде дәрігер бақылауында болған. Осы уақытқа дейін ешбір азаматта асқыну белгілері тіркелмеген. Сондықтан бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғаспақ. Өйткені, екпе салдыру аурудың алдын алудағы ең тиімді тәсіл дейді.

Осы тұста ауруханаға ерікті түрде екпе алып жатқандардың да пікірлеріне құлақ астық.

– Вакцинадан қорықпау керек деп ойлаймын. Менде екпеден соң ешқандай симптомдар байқалмады. Мамандар үш тәулік ішінде дене қызуы көтеріледі, орны қызарады, ісінеді деген еді. Оның бірі де болмады. Қазір өзімді жақсы сезінемін. Қазір екпенің 2-ші компонентін алуға келдім. Өз денсаулығы мен болашағы үшін алаңдайтын әр жанға вакцина салдыруға кеңес беремін, – дейді қала тұрғыны Рая Ыдырысқызы.

– Мен екпе қабылдау қажет деп санаймын. Оның бір ғана себебі бар. Мен өмір сүргім келеді және жақын жандарымның амандығы үшін екпе салу керек деп ойлаймын. Ойлана келе, бүгін екпенің 1-ші компонентін салдырмақшы-мын. Ал екпе мәселесіне келгенде, соңғы кездері көпшілік жастар білікті дәрігерлердің емес, әлеуметтік желідегі тексерілмеген ақпараттарға көбірек сенетіні рас. Баршамыз екпе алсақ, індеттен арыламыз, қалыпты өмірге оралуымызға мүмкіндік береді, – дейді қала тұрғыны Құттыбек Таңатаров.

Күту залында екпе алғандарға мамандар екпеден кейін ұстанатын қағидаларды түсіндіріп жатты. Үш күнге дейін екпе орнына су тигізуге, моншаға түсуге, алкогольді ішімдік ішуге болмайтынын, температура көтерілген жағдайда дене қызуын түсіретін препараттар қабылдау қажет деген кеңестері берілді. Тұрғындарға індетке қарсы жаппай егу жұмыстары қарқынды жүруде. Сондай-ақ белсенділіктері де қуантады. Жастар ғана емес, емханаға тіркелген егде жастағы тұрғындар өз еркімен көптеп келіп жатыр. Мұны халық арасында екпені насихат жұмыстарын жүргізуінің нәтижесі деп білуге болады.

Балдәурен ЖҰМАБЕКОВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы