- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Конституция еліміздің саяси, әлеуметтік, экономикалық дамуының тұрақтылығын да, серпінділігін де қамтамасыз етуге негіз болар бүкіл құқықтық жүйенің мықты тірегі. Конституция халық билігіне, шынайы түрдегі пікір алуандығына, көп партиялыққа, азаматтардың негізгі және ажырамас құқықтары ретінде жеке және саяси құқықтары қорғалуына, әркімнің өз жекеменшігінен айырылмау құқығына негізделе отырып, жеке өмір сүру құқығына, адамның азамат және жеке тұлға ретінде өзінің қабілеттерін белсенді түрде ашу үшін қажетті барлық құқықтар мен бостандықтарға, азаматтардың әлеуметтік құқықтары қорғалуына кепілдік береді.
Конституция барлық мемлекеттік органдардың жоғарыдан төменге дейін ұйымдастырылуы, қызмет істеуінің демократиялық қағидаларын айқындап қана қоймай, олардың құқықтық жағдайларын үздіксіз жетілдіруге мүмкіндік туғызып отыр. Конституция талаптарын орындай отырып және жәй заңдар қабылданып, олар барлық мемлекеттік органдардың құқықтық мәртебесін жан-жақты анықтады. Баса айту керек, бұл заңдар үнемі жетілдірілуде, оларға үнемі өзгертулер мен толықтырулар енгізілуде.
Қазақстан демократиялық үрдістерге сай дамуда тағы бір тарихи кезеңге шықты. Барша халықтың мерейін өсірген басты саяси оқиға – 2007 жылғы Ата Заң – Конституциямызға енгізілген өзгерістер. Еліміздің Парламенті Қазақстан Республикасының Президенті ұсынған Конституциялық түзетулерді мақұлдап, оған Елбасы қол қойғаннан кейін елімізде толыққанды демократияның салтанат құруына нық қадам жасалды. Құқықтық – саяси тұрғы да дамудың жаңа кезеңі қызу қарқын алды.
Осы ретте жаңарған Ата Заңымызға сай өкілетті билік пен саяси партияларда өзіндік құзырларға ие болды. Еліміз іс жүзінде Президенттік басқарудан Президенттік – Парламенттік басқаруға көшуге елеулі қадам жасады. Билік өкілеттіктері мен жауапкершіліктері қайта бөлініп, Мемлекет басшысының бірқатар өкілеттіктері Парламентке берілді. Нәтижесінде, Парламенттің өкілеттілігі елеулі түрде кеңейтіліп, оның құзыры мен мәртебесі арттырылды, мемлекеттік саясатқа ықпал ететін рөлі күшейтілді. Бұл халық қалаулылары арасында үлкен серпіліс туғызды.
Сондай-ақ, енді Конституциялық Кеңестің, Орталық сайлау комиссиясының және Есеп комитетінің құрамының үштен екісін Парламент қалыптастыратын болды. Бұл Елбасының Қазақстанда демократияны дамыту және азаматтық қоғамды қалыптастыру бағытында жүргізіп келе жатқан саясатының жарқын көрінісі екені даусыз. Конституциялық өзгертулердің ішіндегі басты жаңалықтардың бірі – сайлау жүйесінің демократияландырылуы. Еліміздің қоғамдық саяси дамуының нақты жағдайлары ескеріле отырып, Мәжіліс депутаттарының саны арттырылды. Бұдан былай олардың 98-ін пропорционалдық жүйе бойынша партиялық тізіммен сайлау енгізілді. Бұл саяси партиялардың белсенділігі мен рөлінің артуына ықпал етеді. Ал, Мәжілістің қалған тоғыз депутаты мен Сенатының Президент тағайындайтын депутаттарының бір бөлігінің Қазақстан халықтары Ассамблясынан сайлануы – елімізде ұлтаралық келісім мен бейбітшілікті нығайтуға, қоғамымыздың тұрақтылығымен орнықтылығына оң әсер ететіні сөзсіз.
Конституция қабылданғаннан кейінгі 26 жылда қазақ елі барлық салада үлкен жетістіктерге жетіп, іргелі елге айналды. Бірікккен Ұлттар Ұйымында біздің байрағымыз байырғы алпауыт мемлекеттер туымен бірдей асқақтап, мерейімізді асырып тұр. Теңдесі жоқ жетістіктердің бірі ретінде еліміз Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына 2010 жылы төрағалық ету мәртебесіне ие болуын мақтанышпен айтуға болады.
Міне, 26 жыл бойы қазақ елі осынау қолданыстағы Ата Заң аясында белгіленген негіздерге сүйеніп өмір сүріп келеді. Барша жерлестерімді Конституция күні мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, ырыс пен береке тілеймін!
Батырхан САНСЫЗБАЕВ,
Түркістан қалалық Ішкі істер органы және Ұлттық ұлан ардагерлері ұйымы төрағасының орынбасары, ҚР ІІМ-нің Құрметті ардагері