- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Қазақстан әлеуметтік-экономикалық жаңғыру мен нарықтық қоғамның жаңа кезеңіне аяқ басқалы тұр. Дамыған елдердің әлемдік тәжірибесі көрсетіп отырғандай халықтың қаржы саласына байланысты сауаты неғұрлым жоғары болса соғұрлым бәсекеге қабілеті арта түсетіні айқындалады. Соңғы төрт жылда экономикалық жаңа реформалар енгізіліп, қазақстандық тұрғындарды жаппай кәсіпке баулу жұмыстары қолға алынды. Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті жолдауында мұнай дәуірі аяқталғанын айтып, әлемдік нарықтың мүлде жаңа ахуалына дайын болу керектігін ескертті.
Жалпы еліміздің экономикалық стратегиялық бағыты күні кеше ғана талқыға түспегені белгілі. Бұл туралы Елбасы тәуелсіздік алған жылдардан бері айтып келеді. Соңғы бірнеше жыл көлемінде халықты жаппай бизнеске бағыттау жоспары артып, түрлі жобалар қолға алынды. Мысалы Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банк қолдауымен 2017 жылдан бері жүзеге асып жатқан – «Zhas Project» жастар корпусын дамыту жобасын айтсақ болады. Аталмыш жобаның ең тиімді тұсы сол, әр жобаға миллион теңгеден қайтарымсыз қаражат беріледі. Бұл қозғалыс – жастарға кәсіби және көшбасшылық дағдыларын жетілдіруге, оған қоса халыққа пайдалы әлеуметтік жобаларын жүзеге асыруға зор мүмкіндік ашты.
Ең алғашқы болып жобаны іске асырып көрген төрт өңірдің ішінде Түркістан облысы да бар болатын. Осы жоба арқылы балаларға робот жасап үйрету курсын ашқан Бейбіт Амангелдіұлы алғашқы жұмысқа кіріскен уақытта небәрі он сегіз жаста болған. Студент кезінде қолға алған жоба бүгінде жұмыс жасамай жатқанын айтты. Оның себебін ары қарай жалғастыруға қаржы жетіспеуінен деп түсіндірді.
– Төрт бала бірлесіп жасөспірімдерге робот жасау технологиясын үйреттік. Жоба шарты бойынша үш ай тегін курс жасадық, үш айдан соң ақылы болды. Сол кездің өзінде 120-140 адам біздің курсқа қызығушылық танытып, қатыса бастады. Жоба мерзімі аяқталғаннан кейін жұмысымызды ары қарай алып кете алмадық – дейді Бейбіт Амангелдіұлы.
Алайда бастапқыда асығы алшысынан түсіп, кейіннен құлдырап кеткен жалғыз Бейбіттің ғана жобасы емес екен. Кентау қаласынан қатысушы жас кәсіпкерлерге менторлық еткен Сұлтан Азат та жоба арқылы «Мирас» құс фирмасы атты кәсіп бастаған. Бір өкініштісі, қайтарымсыз грантты жеңіп алған ментор бастаған кәсіптің өзі бүгінде тоқтап тұр. Аталған бизнес екі жылға жуық жұмыс жасаған. Бірақ карантин салдарынан тоқтата тұруына тура келгенін айтады. «Zhas Project» арқылы Кентау қаласынан бірінші жылы 18 жоба грант жеңіп алған. Өкінішке қарай, оннан астам бизнестің ешқайсысы бүгінде жұмыс жасамайтын болып тұр. Бұл әрине бір ғана Кентау қаласындағы көрсеткіш. Республика деңгейінде ұйымдастырылып, кәсіпкерлік қабілетті арттыру үшін бағытталған жоба жеңімпаздары неліктен жоспарды әры қарай өз бетінше алып кете алмауда?
Дайын бизнестің жалғасы болмауының бірден-бір себебін экономист-сарапшы Мақсат Халық бизнес туралы сауаттың аздығынан деп бағалады. Ал бизнес әлемінде еркін құлаш сермеу үшін – мықты қазақша тренерлер қажет екен. Ол қазақ тілінде жүргізетін бизнес-тренерлер аз екенін айтады. Ауқымды жобалардың көбісінің нәтижесіз болып жатуының себебі осы деп санайды.
– Байқаймын, қазір қоғам қазақ тіліне қандай мұқтаж болса, экономикалық өркендеуіміз де тілдің зардабын тартуда. Бүгінде ауыл кәсібін арттыру жобалары қолға алынып жатыр. Ал ауылда кімдер тұрады? Әрине 80% қазақ тілді орта. Біздің бизнеске бағыттаушы тренерлеріміз көбіне қай тілде үгіт-насихат жүргізеді? Орыс тілінде. Мүмкін, қазақ тілінде бизнес-тренер жүргізетін адамдар бар шығар. Алайда нақты көмегі тиетін, мықты тренерлердің біразы орыс тілді. Өңірлердегі кәсіптік қабілетті дамытудың бірден бір жолы – бизнес әлемінің қыр-сырын түсінікті тілде жеткізе алуда – дейді Мақсат Халық.
2017 жылы Түркістан облысынан 100 жоба қайтарымсыз грантқа ие болған. «Zhas Project» жобасының баспасөз хатшысы Салтанат Әшірбайдың орташа есеппен Түркістан өңірінен 30%-ы қазірге дейін кәсіптерін жалғастырып отырғанын айтады. Ал экономист-сарапшы 30 пайыздың іске асуы салыстырмалы түрде жақсы бағалауға болады дейді.
– Бізде іскерлік орта әлі қалыптасып үлгерген жоқ. Әсіресе өңірлер, аймақтар бойынша алып қарасақ кәсіпкер деп айтатын адамдар өте аз. Ондай ортаны өмірге әкелу үшін мұндай жобалардың қолға алынуы ауадай қажет. Жоба нәтижесіз болғанның өзінде іскер азаматтарды дайындауға үлес қосады. Сондықтан бизнестегі құлау мен құлдыраудан шошымау керек. Дамыған елдерде алғашқы қолға алынған жобалардың 5 пайызы ғана нәтижелі болады екен. «Zhas Project» жобасының 30 пайызы өз жұмысын әлі күнге дейін жалғастырып отырса жақсы нәтиже – дейді Мақсат Халық.
Оның ойынша, мемлекет тарапынан қайтарымсыз грантқа бағытталып жатқан кішігірім жобаларды пайдаланып қалғысы келетін азаматтар да жоқ емес. Ондай адам өзімен қоймай ел экономикасына да орасан зиян әкеледі екен. Сондықтан қайтарымсыз грант беретін жобалардың саны емес, одан қандай нәтиже алғаны маңызды.
«Zhas Project» қатысушылары үшін аталмыш жоба үлкен тәжірибе алаңы болған сыңайлы. Себебі ресми мәлімет 30 пайыз іске асты деп ақпарат бергенімен, біз хабарласқан бірнеше кәсіпкердің жобасы бүгінде тоқтап тұр. Робот жасаушы Бейбіт те, ментор Сұлтан да қазіргі таңда түрлі кәсіптік жобаларда бағын сынап жүр. Яғни, «Zhas Project» жобасына ұсынған кәсіптері бүгінде нәтижесін бермесе де, елімізде жүзеге асып жатқан басқада жобаларда бой көрсетуде. Демек, олар бизнес әлемінен алыс кеткен жоқ. «Zhas Project» жобасы кәспікерлік ортаға бағыттаушы алғашқы қадам болған сыңайлы.
Ғ.ДҮЙСЕНӘЛІҚЫЗЫ.