«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамы «Қазақстан темір жолы – жүк тасымалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің – «Жүк тасымалы Шымкент бөлімшесі» ел экономикасының өркендеуіне өз деңгейінде орасан зор үлес қосуда, яғни тасымалданатын жүктің және жолаушылардың басым бөлігі темір жол қызметін пайдаланады.
Бұл бағытта Сырлыбеков Қадыр Қаңлыбайұлы басқаратын Түркістан станциясының теміржолшыларының қосқан үлесі де зор деп білеміз. Түркістан станциясы «Арыс – Қандағаш» магистральдік желісі бойынша орналасқан, «Қызылорда – Шымкент» жол бөлімшелері арасындағы шекаралық бекет болып табылады. Атқаратын жұмысына қарай телімдік станциясы, ал жұмыс көлеміне байланысты І класты станцияға жатады. Жапсарлас аралығы: «Түркістан – Шорнақ» аралығы 2 жолды бір жақты авто блоктаумен, «Түркістан – Шойтөбе» аралығы 2 жолды бір жақты автоблоктаумен жабдықталған.
Станцияның 16 жолы бар, 2 парктен тұрады. Олар: 1.Поездарды қабылдап-жөнелту паркі 1-8 жолдар, 2.Сұрыптап – жөнелту паркі 9-16 жолдар. Станция блокты орталықтандыру жүйесімен жабдықталған, электірлік орталыққа 65 сигнал 71 бағыттамалы бұрмалар кіргізілген. Сұрыптау жұмысын орындау үшін станция төмен қуатты сұрыптау дөңесімен жабдықталған, дөңес станцияның тақ бағытында орналасқан. Маневірлік сұрыптау жұмыстары 2-ТЭМ екі тепловозымен жүргізіледі.
Поездар қозғалысы графигімен поездардың төмендегі салмақтары және ұзындықтары белгіленген стандарттарға сәйкес жүргізіледі. «Түркістан – Қызылорда» және «Түркістан – Арыс» бағытына телімдік немесе құрама пойыздар құрастырылады. Одан басқа станцияда «Түркістан-Ақтөбе», «Түркістан-Алматы» «Тальго» жүйрік поездары мен «Түркістан – Қызылорда», «Түркістан – Шымкент» және «Түркістан – Сарыағаш» қалааралық жолаушы поездары қатынайды, сондай – ақ Кентау бағытына өндірістік темір жол желісі жалғанған, вагондарды өн-дірістік телімге өткізу үшін Борисовка станциясында жүзеге асады.
Станция ұжымында 107 адам жұмыс жасаса, оның 32-і әйелдер. Еліміздің күретамыры болып табылатын теміржолшылар өндірісте серпінмен, игі жұмыстармен жүзеге асыруда. Станция ұжымы халық шаруашылығы жүктерін тасу жөніндегі алты айлық жоспарын 106 пайызға, жүк түсіру жоспарын 116 пайызға орындаса, вагон айналымы 103 пайызға, поезды қабылдау – 107 пайызға, поезды жөнелту – 107 пайызға, 1 жүк операциясында вагонның бос тұруы – 103 пайызға орындап отыр.
Ұжымның 70 пайызы жастарды құрайды. Жылда Компания кәсіподақ ұйымынан жұмысшыларға кезекті еңбек демалыстарында Көкшетау, Қарағанды, Алматы, Сарыағаш шипажайларына жолдама бөліп, балаларға жазғы айларда сауықтыру лагерьлеріне жолдама беріліп, демалуына мүмкіндіктер жасап қойған. Сондай-ақ, темір жол транспортының бірқалыпты жұмыс істеуіне Түркістан станциясының вагон депосында жөндеу жұмыстары қарқын алса, Локомотив депосының машинистері мыңдаған ауыр салмақты поездарды алып жүріп, түрлі халық шаруашылығы жүктерін, жолаушыларды тасымалдауда.
Жол дистанциясы қызметкерлері қай-кезде болмасын еңбек етудің жоғарғы өнегесін көрсетуде, әрдайым болат рельс бойымен поездардың қауіпсіз жүруіне жағдай жасай отырып, өз міндеттеріне аса сергектікпен қарайды. Жыл он екі ай халық шаруашылығы жүктерін тасудың күре тамыры атанған темір жол бойында бір сәт еңбек түбірі толастаған емес, әсіресе бүгінгі таңда олардың алдында абыройлы міндет тұр. Ол – қылышын сүйреткен қыстан қысылмай шығып, мейлі қақаған аяз, мейлі түтеген боран болсын поездардың қауіпсіз жүруі үшін қолдан келгеннің бәрін де аямай жұмсау, сөйтіп халық шаруашылығы жүктерін мейлінше көп тасуға жол ашу.
Жалпы, пойызды қабылдап – жөнелтуде және өткізуде, маневрлік жұмыстарды атқару кезінде қауіпсіздік қағидалары мен еңбек қорғау талаптарын бұлжытпай сақтау, темір жол бойы мен құрылымдарында жөндеу-құрылыс жұмыстарын жүргізу жағдайында қозғалысты кедергісіз жүзеге асыру, жұмыс орындарында тазалықты сақтап, өрт қаупінің алдын алу, вагондарды жүк операцияларына уақтылы ұсыну басты мақсаты болып табылады.
Темір жол саласында кез келген қызметті меңгерудің өз қиындығы бар, алайда кәсіпке деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сол қиындықтарды алдын ала жеңудің ұтымды тәсілі болмақ. Темір жол бойында тынымсыз жұмыс атқарып жүрген теміржолшылардың іс-әрекеттері сырт көзге жеңіл көрінгенмен, іс жүзінде бәрі басқаша. Шойын жолдың бойында жүрген жандардың қызметі күндіз-түні қауырт, аптаған ыстықта, қақаған суықта уақытпен санаспай еңбек ету темірдей тәртіпті талап ететін сала. Бір сәттік босаңдықтың салдары өмір бойы өкіндіретін оқыс оқиғаға ұрындырып жатады. Сондық-тан қауіпті аймақ болып саналатын болат жол бойында сырт адамның ғана емес, шойын жол шаруасына тікелей қатысы бар білікті мамандардың да сергек жүріп-тұрғаны абзал.
«Мекемеде барлық еңбек қорғау ережелері мен заңдылықтары қадағаланып, нормативтік талаптардың сақталуына бақылау жасалуда. Жұмыс барысында қолданылатын құрал-саймандардың жарамдылығы, жеке қорғаныс құралдарының пайдаланылуы, арнайы киім-кешекпен қамтылуы, зиянды өндірістегі теміржолшыларға сүт өнімдерінің берілуін қадағалау, күн сайын ауысымға шықпас бұрын дәрігерлік тексеруден өтулері үнемі бақылауда», – дейді еңбек қорғау инженері Ләззат Рысбаева.
Қазіргі таңда теміржолда қозғалыс қауіпсіздігін сақтау мақсатында ай сайын жол жағдайын тексеруге комиссиялық тексерулер ұйымдастырылып, тексеру нәтижесінде табылған ақаулар мен кемшіліктер қауіптілік деңгейіне қарай шұғыл түрде, 5 күн ішінде және жоспарлы түрде түзетіліп отырады. Одан бөлек, заманауи техниканың да көмегіне жүгініп отырады, яғни модернизацияланған диагностикалық кешен вагоны адам көзімен көре алмайтын ақаулар мен кемшіліктерді компьютер дисплейіне шығарып, қауіптілік деңгейіне қарай ақау табылған жерді қозғалыс үшін жабады немесе ол жердің белгіленген жылдамдығын төмендетіп отырады.
Ал, адами фактордың қозғалыс қауіпсіздігіне әсерін азайту мақсатында локомотивтерде КЛУБ (кешендік локомотивтік қозғалыс құрылғысы) құрылғысы орнатылған. Бұл құрылғы пойыз машинистерінің жолдағы қырағылығын арттырып, бағдаршамның тыйым салу белгісінен өтіп кетуіне жол бермейді. Теміржол аралықтарында вагон ақауын анықтайтын КТСМ (көпфункционалды техникалық құрылғылардың кешені) аппараты орналастырылған. Ал, пойыз қозғалысын ұйымдастырушы пойыз диспетчерлері мен станция кезекшілері пойыздарды қабылдап-жөнелтуді монитор экранында іске асыруға көшуде.
Түркістан теміржол станциясында еліміздің мүддесі үшін аянбай еңбек етіп келе жатқан Шымкент жүк тасымалы жол бөлімшесі директорының Түркістан аймағы бойынша орынбасары Ғ.Меңдібаев, станция кезекшісі П.Тәңірбергенов, оператор Р.Молдабаева, парк кезекшілері А.Махамбетов, О.Өскенбаев, вагон қозғалысын реттеушілер Е.Сариев, М.Асқаров, пойыз құжаттарын өңдеуші операторлар Г.Даутова, Б.Үсенбаева, Т.Абдрашитова, А.Койтенова, С.Маслова, А.Нұрматова, А.Шерубаева жастарға өздерінің өмірлік және еңбек жолында жиған тәжірибелерін бөлісуден жалықпайды. Жастардың арасында өзіне жүктелген тапсырмаларды мүлтіксіз атқарып келе жатқан пойыз құрастырушылары Н.Кожантаев, Ғ.Тасболатов, жүк қабылдап-тапсырушы Ж.Абдиханов, операторлар А.Асқарова, Ф.Мамбетов, О.Ергешбай, станцияның бас инженері Д.Нұрмаханбетовтер атауға лайықты азаматтар деп білеміз. Біз де өз тарапымыздан барша теміржол саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, олардың дендеріне саулық, отбасыларына амандық, еңбектеріне табыс тілейміз.
Қ.ЕСЕНБЕКҰЛЫ.