ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ – МЕРЕЙЛІ МІНДЕТ

1  022 көрілім

Бүгінгі мақаламыздың кейіпкері – «Жолаушы» ЖШС кәсіпорнының ардагері, «Рахым К.Т» ЖШС атқарушы директоры Төрегелді Көлбайұлы Тәңірбергенов болмақ. Алдағы тамыз айының алғашқы жексенбісі, яғни 1 тамыз – көлік қызметкерлері күніне орай, «Рахым К.Т» ЖШС атқарушы директоры Төрегелді Көлбайұлына арнайы барып, мерекемен құттықтап, атқарып жатқан жұмыстарымен таныстық.

Төрегелді Көлбайұлы 1959 жылы желтоқсан айында дүниеге келген. Түркістан қаласындағы индустриалды педагогика техникумында оқып мамандық алған. Еңбек жолын қазіргі «Жолаушы» ЖШС кәсіпорнында, (бұрыңғы атауы жолаушыларды тасымалдаушы автокөлік кәсіпорнында) 1981 жылы қарапайым жұмысшы болып бастайды. Кәсіпорынның барлық саласында жұмыс жасап, еңбектенуден, оқып үйренуден, шеберлігін арттырудан шаршаған емес. Жұмысқа деген ерік жігерінің арқасында 1987 жылдан бастап, инженер-техник қызметіне кіріседі. Бұдан соң, гараж меңгерушісі, колонна бастығы болады.

2008 жылдан «Жолаушы» ЖШС атқарушы директоры болды. 2012 жылы әріптестерімен бірге облысымызда алғашқылардың бірі болып, «Рахым К.Т» ЖШС техникалық байқау орталығын ашып, оның атқарушы директоры қызметін атқарады. Ұжымдағы тәжірибелі мамандардың арқасында жұмысы алға өрлеп, табыстары да артады. Өзімен қызметтес болған Мақсат Кулимов, Аваз Айметов секілді інілерін мақтан тұтады.

«Жолаушы» ЖШС-інде 40 жылдай мінсіз қызмет атқарып, қажырлы еңбегінің арқасында көптеген жетістіктерге жетеді. Атап айтсақ, «ҚР құрметті автокөлікшісі», «ҚР Тәуелсіздігіне – 20 жыл», халықаралық «Сала жетекшісі» (Лидер отрасли) медальдарымен марапатталған.

«Жолаушы» ЖШС құрылтайшысы, негізін қалаушы іскер басшы Рахым Көлбайұлы туралы айтпай кетуге болмас. Облыстық мәслихат депутаты ретінде Рахым Көлбайұлы өзінің сайлаушылар, тұрғындар тілегін орындап жаңа маршруттар ашып ел игілігіне, қарапайым халық құрметіне қызмет етті. Мәселен, теміржол вокзалынан Қарашық ауылының орталығына дейін қоғамдық көлікті іске қосып, қала тұрғындарының ыстық ықыласына бөленді. Бұл да Тәуелсіздік жылдарында халыққа қызмет ету жолындағы аталмыш кәсіпорынның жетістіктерінің бірі деп білеміз.

Ал, кейіпкеріміз Төрегелді Көлбайұлы жұбайы Малика Нұрмышқызымен Дәулет, Әділет, Азамат, Мөлдір атты үш ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсіріп, оларды құтты орындарына жайғастырған. Бүгін де барлығы жоғары білімді, өз салаларында жемісті қызмет атқаруда. Олардан немере сүйіп отырған бақытты шаңырақ иесі.

Жақында ғана Төрегелді ағамыз қала әкімі Н.Тұрашбековтың қолынан Түркістан қаласының «Құрметті азаматы» атағын иемденді. Бізде алдағы келе жатқан көлік қызметкерлері күні ағамызды құрметті марапатымен құттықтап, деніне саулық, отбасына амандық пен береке тіледік.

Ш.МАДАЛИЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы