Жақында қала әкімдігі ғимаратының алдында медиация бойынша ашық есік күні болып өтті. Онда қала тұрғындары өздерін мазалаған түйіткілді мәселелерін алға тартып, оның шешу жолдары туралы медиация өкілдерінің кеңесіне жүгінді. Осы тұрғыда бүгінгі шараның негізгі бағыты, медиация ұғымын жалпы халыққа түсіндіру мақсатында кәсіби медиатор Сенбек Молдабековты әңгіме тарттық.
Сонымен, Сенбек Молдабеков республикалық медиацияны дамыту орталығының кәсіби медиаторы, 3 жылдан бері Түркістан қаласында қызмет етіп келеді. Биыл медиация заңының қабылданғанына 10 жыл толып отыр. 2011 жылы 28 қаңтарда қабылданған заң аясында жұмыс жасап келетінін атап өтті. Медиацияның негізгі мақсаты – сотқа дейінгі азаматтар арасында туындайтын дауларды екі жаққа тиімді етіп шешу болып табылады.
– Медиация қылмыстық, азаматтық, отбасылық саланы, жалпы барлық құқықтық салаларды қамтиды. Мысалы, ерлі-зайыптылар тіл табыса алмай, ажырасуға дейін баратын болса, олардың арасында мүлік дауы туындаса сотқа дейін біз арқылы екі жаққа да тиімді етіп шешіп, келісім-шарт жасап береміз. Бұл заңның қабылдану мақсатының өзі қоғамда туындайтын көптеген мәселелердің шешімін тек сот арқылы емес, медиаторлардың көмегімен бейбіт жолмен шешуге болады. Сотқа жүктелген салмақты азайту үшін медиацияны қолданған. Бұның тиімділігі халық арасында өз орнын тауып отыр. Сол мақсатта облыс көлемінде бір айлық медиацияны дамыту шараларын халыққа жеткізу үшін осындай ашық есік күндері өтіп жатыр. Осыған дейін Арыс, Түлкібас аудандарында өтті. Алдағы уақытта да барлық аудандарда осы шара өз жалғасын табатын болады. Қазір де халық келіп, өздеріне қажетті көмекті алып жатыр. Медиацияның көмегіне жүгініп, туындаған дауларын шешіп, екі жақты келісімге келуде. Бұл – заман талабы. Осы мәселені БАҚ өкілдері арқылы да халық арасында насихаттасақ, медиация жайлы білсе деген мақсатта бүгін осында жиналып отырмыз, – дейді кәсіби медиатор Сенбек Молдабеков.
Қазіргі уақытта медиацияға жүгінген тұрғындардың қордаланған мәселелердің көбі – жер мәселесі екен. Кезінде шешім алғанда дұрыс алмаған, бір жердің үстіне бір жер рәсімделіп кеткен. Сол мәселеге медиация келісім-шарт жасап береді. Сонымен қатар, отбасылық даулар жиі орын алады екен. Отбасы арасында мәселе туындаса мүлік дауы, яғни баспана, көлік дауы туындап жатады. Осындай мәселелерді сотқа дейін жеткізбей медиацияның көмегімен шешуге болатыны айтылды. Егер де бұл келісім бұзылып жатса, қайтадан сотқа жүгінуге мүмкіндігі бар. Сот медиация өкілдері жасаған келісімді бұзып, қайта шешім шығаруға құқылы болып табылады.
Қ.ЕСЕНБЕКҰЛЫ.