Түркістан қаласы әкімдігінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайлардың алдын алу тақырыбында мәжіліс болып өтті. Жиналысқа қала әкімі Н.Тұрашбеков, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары М.Қарғабай, қала әкімдігіне қарасты дербес бөлім мен тиісті мекеме басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жиынды қала әкімі Н.Тұрашбеков ашып, жүргізіп отырды.
Мәжілісте ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Түркістан облысы бойынша департаментінің аса маңызды істер жөніндегі офицері Н.Құдайбергенов баяндама жасады. Нұрлан Мұхтарұлының мәлімдеуінше ағымдағы жылдың 29 наурыз – 12 мамыр аралығында Түркістан қаласы әкімдігінің инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің және оған қарасты мекемелердің қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілген. Талдау қорытындысы бойынша бірқатар мәселелерді алға тартты. 2021 жылы елді мекендердің санитариясын қамтамасыз етуге 700 млн. теңгеден (739 848 000 тг.) астам сома жоспарланса, 2020 жылы – 2 млрд. 100 млн. теңгеге (2 098 612 000 тг.) жуық соманы құраған. Өз кезегінде, бөлім елді мекендердің санитариясын қамтамасыз ету мақсатында 660 млн. теңгеден астам (660 752 449 тг.) сома құрайтын
4 мемлекеттік сатып алу келісім-шартына отырған. Келісім-шарттар «негізгі және қосалқы көшелер» – деп бөлінген екен.
Сонымен қатар, баяндамашының айтуынша тәжірбиеде, екі өнім беруші де бірге сол көшелерді тазалағанына (тазалайтындығына) сұрақ туындап, тіпті екіншісі көшелерді тазаламай жәй ғана ақысын алып отыра беру тәуекелін жоққа шығаруға болмайтынын атап өтті. Талдау барысында негізгі көшелер мен екінші дәрежелі көшелерде тұратын бірқатар азаматтардан бейресми ішінара сұрастыру нәтижесінде негізгі көшелердің тұрғындары сол көшелердің санитариясын қамтамасыз етіп жүретін адамдарды көргендігін білдірсе, екінші дәрежелі көшелердің тұрғындары – өздерінің көшелерінің санитариясын қандайда бір адамдардың (мекеменің) қамтамасыз етіп жүргендігін осы уақытқа дейін байқамағандарын (көрмегендерін) алға тартқан. Бұдан бөлек, бөлім тарапынан шын мәнінде тазаланған көшелер мен көлемнің растығына көз жеткізуге бағытталған ешбір механизм қарастырылмағаны (реттелмегені) жоғарыдағы тәуекелдің артуына қосымша септігін тигізуі мүмкін екендігін жеткізді.
Түркістан қаласындағы көшелердің санитариясын қамтамасыз ету қаланың тұрғындары үшін емес, күзетілетін адамдардың қызметін қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың қатысуымен іс-шаралар өткізу үшін ғана жүзеге асырылғандай болып тұрғанын, десе де, бюджеттік бағдарламаға сәйкес аталған қаржы күзетілетін адамдардың Түркістан қаласына келуіне мүлдем байланысты емес екендігі айтылды. Себебі, күзетілетін адамдар Түркістан қаласына келмесе де елді мекеннің санитариясы онсызда қамтамасыз етілу қажеттілігі, аталған жағдай күзетілетін адамдардың Түркістан қаласына келуін сылтауратып, «белгілі бір өнім беруішілерімен» бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу үшін қолданатындығы көрсетіліп отырғанын мәлім етті. Жиналыс барысында Нұрлан Мұхтарұлы көптеген орын алған кемшіліктерді баяндап, жалпы талдау нәтижесімен әкімдікке 26 ұсыныс енгізіліп, түзілген іс-шара жоспарына сәйкес орындау мерзімі 1 шілдеге дейін белгіленгенін атап өтті.
Бұдан соң қала әкімінің орынбасары Т.Тасов қала әкімдігінің инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің (соның ішінде, бөлімге қарасты мекемелердің) қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау нәтижесі бойынша енгізілген ұсыныстардың орындалуы бойынша баяндап өтті. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің Түркістан облысы бойынша департаменті» және Түркістан қаласы әкімдігімен 2021 жылдың 18 наурызында қала әкімдігінің инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі ММ-нің қызметіндегі және бөлімге қарасты мекемелердің сыбайлас жемқорлыққа тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу бойынша бірлескен бұйрыққа сәйкес, комиссия құрамы бекітіліп жұмыстар жүргізілгендігіне тоқталды.
Жиын соңында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары М.Қарғабай баяндамада айтылған кемшіліктерді жою, алдын алу бағытында жұмыстарды жүргізуге шақырды.
Қуаныш ТАСЫБАЕВ.