Қаржы пирамидасы – бұл алғашқы салымшыларға келесі салымшылар есебінен табыс төленетін алаяқтық. Сөйтіп соңғы салымшылар бүкіл ақшасынан айырылады. Мұнда жоғарыдағылары шынымен де ақша табуы мүмкін. Ал төмендегілер түк таппайды, өйткені олар ақшасын өзінен бір саты жоғары тұрған адамдарға аңғалдықпен бере салған. Мұндай «жоғарыдағылар талтаңдап, төмендегілер тыраштанатын» схема осыдан 20 жыл бұрын болған. Қазір бұндай схема жұмыс істемейді – ережелері өзгерген. Есте болсын, қазір қаржы пирамидасынан пайда табу мүмкін емес. Серіктес боламын, ақшамды көбейтемін, пайда табамын деп қаражатыңды пирамидаға салуды ұйғарсаң, сазға отырғаның. Яғни, бар ақшаңды пирамида ұйымдастырушыларына бере салдым деп түсін. Пирамиданың өмір сүру ұзақтығы бірнеше жылдан (немесе айдан) аспайды. Оны құрған адам осы уақыт аралығында ашықауыз клиенттерінің басын айналдыруға жанын салады. Қаржы пирамидасы схемасының, жалпы алаяқтардың тағы бір маңызды белгісі – жан етіңді жұлып жейтін жарнама. Олар тез әрекет етеді: қызықтыратын жарнама, кереметке (немесе тегін ақшаға) сенетіндерден қаражат жинап алады, сонымен бітті. Ұйымдастырушылар сенің ақшаңды қалтасына басып алып, басқа жаққа (түрмеге түскенше) тағы бір инвестициялық жоба ашуға тайып тұрады.
Қазір бірінші кезекте азаматтарға қаржылық сауаттылық жетіспейді. Табыс пайдасы адам сенгісіз тым биік қаржылық ұсыныстан бірден бас тарту қажет. Қазақстан заңнамасына да тиісті өзгеріс енгізу мәселесі пісіп-жетілген секілді. Өйткені «желілік маркетинг принципі» бар компаниялар жұмыстарын ашықтан-ашық жарнамалайды. Соған тыйым салу керек. Құлқын мен құрдым – егіз! Құлқынның құлы болған салымшылар қаражатынан, ұйымдастырушылары бостандығынан айырылмақ. Қылмыстық кодекстің 217-бабында 5-7 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Оған алаяқтық туралы 190-баптың 5-10 жылын қосыңыз. Осындай жазасы ауыр қылмыстың құрбаны болғыңыз келмесе, қаржылық пирамида жайында естісеңіз, құны жоқ құр сөзге сенбей, басыңызды алыстан ала қашыңыз.