ҒЫЛЫМИ БІЛІМ МЕН ДІНИ ІЛІМНІҢ НЕГІЗІ

900 көрілім

Бүгінгі таңда егеменді ел ретінде танылып отырған Қазақстан мемлекеті өркениетке ұмтылыс жасап отырған елдер қатарында. Ел экономикасы біршама алға басып, халықтың әлеуметтік жағдайы да жылдан жылға артып келеді. Өз мемлекетіміздің көк туын берік ұстап, болашаққа үлкен үмітпен қарайтын көкірегі ояу, санасы бүгінгі қоғам өміріне лайықты әрбір азаматтың ұстанымы берік болуы тиіс.

Егемендік алғаннан кейінгі 30 жыл шамасында елімізде діни бірлестіктердің саны күрт өскенін білеміз. Қазақстанда 2009 жылы өткен санақ барысында еліміздің 70,2 пайыз халқы ислам дінін ұстанса, 26,3% -христиан дінінде, 2,8% – ешқандай дінге сенбейтіндер, яғни атеисттер, 0,01% – буддизм, 0,5% – діни сенімін көрсетуден бас тарқан екен. Демек, мемлекет тұрғындарының 97 пайыздан астамы өздерін қандайда бір діннің өкілдері қатарына жатқызатыны анықталған.

Алайда, олардың барлығы діндар емес, яғни өздерінің діни сенімі талап ететін қағидалары мен жоралғыларын орындай алады деп айта алмаймыз. Мысалы, өздерін мұсылмандар қатарына жатқызатын азаматтардың барлығы бірдей бес уақыт намаз оқып, ислам шариғаттарын орындауды былай қойғанда, исламдағы бес парызды өзінің наным-сенімімен толықтай орындайды деп те айта алмаймыз. Сол сияқты өзге дін өкіл азаматтарының да діни сенімдері толықтай орындалып жатуы екіталай. Негізінен халықтың басым көпшілігі дінге тек неке қию, жерлеу рәсімдерін орындау және діни мерекелерді атап өту кезінде ғана жүгінетіні дәйекті. Қазақстанда дәстүрлі діндер қатарына Ислам діні, оның ішінде Суннитік бағыты (Ханафи мазхабы) және Христиан діні, Православия бағыты жатады.

Бұл жерде біздің айтпақ ойымыз – бүгінгі жастарды ғылым мен білімге тарту, бағыттау мақсаттары мен діни сауаттылықтарын арттыру арқылы қоғамға өз үлестерін қоса білуге бағыттау. Яғни, мемлекеттің заңдарын барлығы орындауға міндетті. Дін көп жағдайда мемлекет пен биліктің мүддесіне қызмет етеді. Дін халыққа рухани тәрбие береді, билік басындағылардың билігін мойындатады. Мысалы, мешіттер мен шіркеулерде діни қызметкерлер дінге сенушілерді басшылыққа бағынуға шақырады, яғни басшылыққа бағыну ісін құдайға жағымды іс, ал керісінше билікке қарсы шығу құдайдың алдына күнәлі іс екенін түсіндіреді. Демек, дінді біздер тәрбие құралы деп білеміз. Сондықтан да қаншама ғасырлар өтсе де дін адамды саналықпен адами құндылықтарды дәріптеудің арқасында ислам шариғаттарын дұрыс орындаудың жолдарымен бүгінге дейін жалғасып келді.

Жалпы мемлекет, қоғам және дін ол адам өмірінің ажырамас бөліктері. Адам қоғамнан тысқары, мемлекеттен бөлек өмір сүре алмайды. Мемлекет өз кезегінде адамсыз құрылмайды. Кез-келген қоғамда өзінің діни нанымдары болады. Зайырлы мемлекет діннен, ал дін мемлекеттен бөлек дегенмен, адам өмірінің осы екі маңызды элементтері бір-бірінің қажеттіліктерін өтеуге жәрдемдеседі деп түсінгенмен, өкінішке орай, қазіргі таңда әлемде ислам дінін кері бағытта ұстанатын кейбір дін өкілдерінің қарама қайшылық іс әрекеттерінен хабардармыз.

Ислам шариғатына қарама қарсы іс әрекеттердің көбісі ислам дінін бұрмалаушы топтардың іс әрекеттері деп түсінеміз. Ол топтардың Аллаға сенудің кері әсерлі жолдарын уағыздаумен ешнәрседен хабары жоқ жастарды өз ұйымдарына тарту. Ол топтарға енген жастардың да санасы сан саққа жүріп, ата-аналары ортасында да өкпе реніштердің туып, артынан қайғы қасірет шегіп жататын отбасыларды да жасыра алмаймыз. Бүгінгі күні ақпараттық желінің мүмкіндігі арқылы жастардың санасы сан саққа еліктеуде. Орталық теле арналардан беріліп жататын имандылық жолындағы телехабарларды жастардың көбісі көрмейді. Тағы бір кемшілігіміз жастар алдындағы біздердің ақыл-кеңестеріміздің, насихаттарымыздың төмендігінен болып жататын әрекеттер. Оның үстіне бүгінгі қоғам дамуындағы ғылыми техникалық прогрестің дамуы, адамдардың ғылыми білімінің шарықтауы діни сенімдерге сенуден алшақтатып отыратыныны да жасырын емес. Кешегі қоғам мен бүгінгі қоғамның талаптары да өзгеру үстінде. Жастардың өмірге құлшыныс жақтары, белгілі бір мамандықты игеріп, өзі таңдаған саласы бойынша еңбек етіп жан басын асыраудағы талаптардың мұқтаждығы, адамдардың санасына әртүрлі әсер етіп жатады. Олар өмірге әржақты қарайды. Демек ғылыми білімнің сенімі діни білімнің сенімінен басымдау болып тұрғаны да белгілі.

Сондықтан да адамзаттың даму сатысындағы адамдардың ой пікірі, сана сезімі, көзқарасы қалыптаса келе, өмірге әртараптан түсінуге бой ұратындығы заңдылық. Ғылыми мектептің таным түсінігімен сусындаған бүгінгі жастардың ой жүйесі діни сенімдерге онша сене бермейтіні хақ. Ал кешегі ата-бабалар жолымен ұстанған ата-аналарымыздың діни сенімдерге мықты болғаны дәлелді. Ол кезде ғылыми мектептің негізі енді ғана қаланып келе жатқандығы да себепші болғаны анық.

Бұл жерде назар аударатын бір мәселенің түйіні, бүгінгі жастардың өзге діндерге кіріп жатқаны, өз дініміздің қадір қасиетін біле алмай жүргендігі жүрегіңді ауыртады, мазалайды. Кез келген азаматтың жалпы сауаттылығы мықты болғанымен бүгінгі қоғамға қандай үлес қосып отырмыз, өз дініміздің қадір қасиетіне жете аламыз ба? Болашақ ұрпағыма қандай бағыт бағдар беріп келеміз деген сұрақтар әрбірімізді мазалауы тиіс.

Дей тұрғанмен, бүгінгі қоғамда ғылыми білім өте қажет, ғылыми білімсіз бүгінгі қоғам алға баспайтыны белгілі. Ғылыми техникалық прогрестің даму сатысы тек қана ғылыми білімнің арқасы деп білеміз. Ғылыми тұрғыда адам дүниетанымының тұтастығын құрастыратын негізі – білім. Білім – адамның көкірегіне қоныс теуіп, санасына ұялап, оның өмір тәжірибесінің елегінен өтіп барып сенімге айналуы. Сенім – дегеніміз дүниеге көзқарастың түп қазығы, бағыттаушысы, адамның өз позициясына, тоқыған ойына, істеген ісіне, ұмтылған мұрат мақсаттарына деген беріктігі. Сенімі берік адамның көзқарасы, дүниетанымы нақты, ісі қонымды бағыты қашанда айқын болып келеді.

Елімізде бүгінгі күні жиырмадан аса медресе, 1977 жылдан бері Алматыда Ислам институты діни мамандар даярласа, соңғы жылдары Түркістан каласындағы Қожа Ахмет Иассауи атындағы Қазақ-Түрік университінде арнайы дінтану факультеті ашылып, ол жерде тиолог мамандарын даярлап келеді.

Діни ілім туралы сөз еткенде сопылық философиядан да хабар беруді қажеттейді. Орта Азия жеріне сопылық ілімді кеңінен таратқан Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен қызметтері біздерге кеңінен таныс.

Сопылар нағыз тахуалық өмір салтын ұстанып, рухани кемелдікке ұмтылушылар. Өзін өзі мейлінше шектеп, фәни қызықтан, пенделік тіршілік қамын жеке бас еркін тәрк етіп, бір ғана Аллаға жетуді мақсат етушілер дейді.

Бүгінгі күні Құран іліміне, хадис ілімдеріне және пайғамбар (с ғ с) сүннетіне сүйене отырып, сопылық ілімінің негіздеріне бой ұрған діни мамандар, қайбір мұсылмандыққа бет бұрған жастарымыз Құран кәрімнің ішкі мән мағынасына және адамдардың болмысын ұғынуға талпыныс жасап жатқан азаматтарымыз көбею үстінде. Осындай ниеттермен көбейген исламның рухани өмірі кемелдене түсуде.

Сопылық жолды аумақтық мәні арқылы: арабтық сопылық, ирандық сопылық, түркілік сопылық және өзге де болып ажыратылады. Қ.А.Ясауи негізін салған түркілік сопылық құдайды және діни ақиқатты тану ілімі болып табылады. Сопылық ілімі туралы айтқанда ешқашан Ахмет Ясауидің исламдық моралды дәріптеген даналық сөздерінің Дешті Қыпшақтың бай өлкесінде, Еділ бойында, Орта Азия мекенінде кең таралуына тілінің түсініктілігі мен қарапайымдылығы көптеген ықпалын тигізген.

Қ.А.Ясауидің кең насихатының арқасында түрік танымында кездесетін Шаман, Зорастра, Будда Христиан діндеріне негізделген күрделі, кейде қайшы келетін ұғымдар ысырылып Аллаға және пайғамбарымызға, қасиетті кәміл Құран жайлы ұстыны бар жүйелі ілім Ислам діні келді. Қазақ даласындағы көшпенділер арасында Исламның таралуына сопылық ілімнің маңызы зор болды.

Қорыта келгенде, қазіргі қоғамның әрбір мүшесінің елге жанашыр азамат болып қалыптасуы, адами құндылықтарымызды құрметтеуі, өзге діндерге төзімділікпен қарауы маңызды болса, Ясауи бабамыздың мұраларынан бастау алатын рухани дүниелерге де қанық болуды қажеттейді. Сол үшін ислам мәдениеті мен өркениетіне үлес қосу – ол әрбір азаматтың парызы деп ойлаймын.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың қолдауымен атқарылып жатқан көне Түркістан қаласын өркениетке ұмтылған шахар ретінде дамытып қана қоймай, Түркі әлемінің рухани астанасы ретінде дамыту Қ.А.Ясауи бабамыздың рухани мұраларымен байланыстылығы ақиқатты айғақтайды.

Жұмахан КҮНПЕЙІС,

педагогика ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы