Әлеуметтік азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру үшін Түркістан қаласында жақын арада іске қосылмақ «Эко базар» басшыларымен, заманауи талаптарға және тауарларды сақтау стандарттарына сай қоймаларды жасау жөнінде келіссөздер жүргізілген. Нәтижесінде аталған тауарлардың қорын қалыптастыруға және тауар өндірушіден тікелей сөрелерге жеткізу үшін жағдайлар жасалмақ.
Заманауи экобазарда диқандар өз өніміндерін бір қолдан, делдалдарсыз тікелей сата алады. Ол үшін қажетті жағдай толықтай жасалып, мұнда жазда салқын, қыста жылы температуралық режим қамтамасыз етіледі. Ең бастысы, экобазар барлық азық-түлік тауарлары көтерме бағамен сатылатын ең ірі сауда орнына айналмақ. Бұл диқандардың өздері өндірген ауыл шаруашылығы өнімдерін жылдам өткізуге, азық-түліктің сапасын сақтауға, тасымалдаумен байланысты шығынды азайтуға өте қолайлы болмақ.
Сауда орындарынан бөлек, тоңазытқыш орнатылған 200 қойма орындары болады. Соның арқасында, күзде жинаған өнімді келесі маусымға дейін халыққа арзан бағамен сатуға мүмкіндік туады. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне облыс әкімдігі мен «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен 2-3%-бен жеңілдетілген несие берілетін болады. Бұл базарда сиыр, қой, жылқы еттері мен ет өнімдерін сатуға үлкен мән берілмек. Мұнда еттен дайындалған шұжықтар, тұзды-ысталған өнімдер және консервілер, қазы, қарта сынды өнімдердің барлық түрлері болады.
«Экобазар» туристерге де нысан ретінде көруге ұсынылатын болады. Базар деген қала жұртшылығының тек сауда-саттық емес, сауық-сайран құратын, демалып, көңіл көтеретін орны болып келді. Осы орайда, киелі шаһардың туристік әлеуетін арттыру мақсатында экобазар қалаға көрік беретіндей сәулетті де сәнді, тынысы кең, заңғар биік болып салынуда. Экобазарда 3000-ға жуық сауда орындары, оның ішінде:
– 900 орын-азық-түлік пен көкөніс және кептірілген жемістерге;
– 1500 орын – киім-кешекке;
– 500 орын – тұрмыстық тұтыну тауарларына;
– жиһаздарға 1000 шаршы метр орын ұсынады.
Экобазардың құрылысы барлық санитарлық нормаларға сәйкес, төбесі жабық, жеңіл автокөліктер мен жүк автокөліктерінің еркін кіріп шығуына арналған кең жолдар ашылып, әрқайсысына бөлек автотұрақтар ұйымдастырылады.