Нұрсұлтан ЖҮСІПБАЕВ:
«ДЕПУТАТ БОЛУ – ХАЛЫҚ АМАНАТЫН АРҚАЛАУ»
Баршамызға белгілі биыл 10 қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Депутаттық корпустағы ел сеніміне ие болған әйелдер мен жастардың үлесі 40 пайызға жетіп отыр. Осы орайда «NurOtan» партиясының VII шақырылымдағы Түркістан қалалық мәслихат депутаттарының арасындағы жаңа есімнің бірі – Нұрсұлтан Жүсіпбаевпен сұхбаттасқан едік.
– Осы күнге дейін жастар арасында белсенділігіңізбен танылып келдіңіз. Бұдан әрі депутат болуға не түрткі болды? Әлде әке жолын жалғастырмақсыз ба?
Қазіргі уақытта депутат болғаныма 6 айға енді таяды. Осынша аз уақыттың ішінде белсенділігіміз толықтай көрінді деп есептемеймін. Алдағы уақытта депутаттық міндет жүктелген 5 жылда халық қалаулысы болып жүрсек, сол уақыттағы нәтиже бәрін көрсетіп береді деп ойлаймын. Еңбегімізге халық баға берсе, халықтың сенімінен шықсақ, ол да мен үшін жеңіс. Өйткені қазіргі таңда мандатты адамдар басқаша түсінеді, бірақ біз мандаттың міндет екенін ұмытпауымыз керек. Міндет – ол біздің халқымызға жұмыс жасап, мемлекетіміздің дамуына үлес қосуы-мыз. Депутат болуға түрткі болған нәрсе, кішкентайымнан әкемнің қасында бірге көп жүретінмін. Әкем-нің мемлекеттік қызметте болғанын көп адам біледі. Мені өзінің жұмысы-на көп ертіп баратын. Сол кезде әкеме келген халықтың өтініш-арыздарын, сұраныстары мен ұсыныстарын тың-дап, қолынан келгенше көмектесуге тырысатынын көзіммен көріп өстім. Әкеме алғысын айтқан адамдарды көріп, «менің әкем уақытын, күшін аямай адамдарға көмектеседі екен, мен де әкем сияқты халыққа қызмет етсем екен» деген арман болған. Мүмкін сол кездегі кішкентай баланың арманын Алла қабыл еткен шығар. Аллаға шүкір, қазір қолдан келгенше ел алдында қызметтеміз.
– Шет мемлекеттерде болғаныңыздан хабардармыз. Өзге елдерде жастарға қолдау көрсету шараларында қандай ерекшеліктер бар?
– Шет мемлекетте білім алып, сол жерде аз уақыт болса да жұмыс жасап қайттым. Сол жақтан тәжірибе жинап, қайта елге оралып қызмет ету арманым болған. Шет мемлекеттегі практикаларды, білімді, тәжірибені елімізге алып келіп дамыту жоспарымда бар еді. Егер жастарда мүмкіндік болса, шет елге барып білімін жетілдіруге кеңес берер едім.. Өйткені өзге елмен тәжірибе алмасса, көзі ашылып, біраз жаңашылдыққа қол жеткізеді. Бірақ туған жерге қайтып келемін деген мақсатта бару керек. Ол жақта алған практикасын елімізде қолданып, дамыту керек. Мен шет елде көптеген тәжірибе жинадым. Қандай істі бастасаң да ол жақтың кез келген істе мүмкіндігі өте мол. Баруға мүмкіндігі болмаса, алған практикамды жастарға үйретуге толықтай дайынмын. Оны әр жүрген жерімде үнемі айтып отырамын. Менің тарапымнан біреуге көмек керек болса, мен оған әрқашан дайынмын.
– Жастарға қолдау көрсетуде атқарып жатқан жұмыстарыңызбен бірқатар таныспыз. Соның ішінде баспана мәселесін жиі көтеріп жүрсіз. Осы мәселелердің тез шешімін табуы үшін депутат ретінде не айтар едіңіз?
– 2021-2025 жылдар аралығында «Nur Otan» партиясының жол картасында нақты айтылған, 2025 жылға дейін Түркістан облысында 100 мыңға жуық жұмыс орны ашылу керек. Ол «Баспана, Жұмыс, Білім» деген 3 бағыт бойынша жұмыс жасайды. Егерде осы мақсаттар айқындалатын болса, Қазақстандағы ең керемет қала Түркістан болар еді.
Ең бірінші айтатын нәрсе – жастардың тұрғын үй мәселесі. Біз бұл мәселені зерттеп жатырмыз. Өз арамызда қазіргі жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлерден 10-ға жуығын жастарға бөлсе керемет болар еді деп ой түйдік. Егер біз ойлағандай болса, ол жерді «Жастар» қаласы деп атар едік. Жастарға, жас отбасыларға пәтерді 5 жылға жалға берсе, әрі оның бағасы 10 мың немесе 15 мың жобасында болса мемлекет тарапынан берілген үлкен көмек болар еді. Қаламызда қаншама жалынды, білімді жастар болды, оларға пәтер мәселесі үлкен кедергі болатыны да жасырын емес. Айлығының басым көпшілігі пәтерге кететін болғандықтан, басқа қалаға немесе шет елге кетіп қалып жатыр. Сондай жастарға пәтер жағынан көмектесіп жіберсек, 5 жылдың ішінде әжептеуір қаржы жинап, ипотекаға болсын, жер сатып алып, жеке үй көтерсе де біраз қаржы жинап алар еді. Бұл мәселені әлі талқылап жатырмыз. Осыны жасаймыз деп халыққа айта салуға да болмайды. Толықтай шешілмесе бұл нәрсе шикі болып қалады. Қазақта айтады ғой «пісіру керек» деп. Әбден «піскен соң» ғана халық алдына қандай сұрақ қойса да жауап бере алатындай болып дайын жобамен барсақ деп отырмыз. Бұл тек менің емес, «Jas Otan» жастар қанаты Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жансерік Жұманмен бірігіп жасап жатқан дүние.
– Өзіңізді Қазақстанда цит-русты өнімді өсіруді қолға алған алғашқы жеке кәсіпкер ретінде білеміз. Алдағы уақытта осы же-містердің санын өсіремін деп еді-ңіз. Сол жайында айтып өтсеңіз?
– Цитрус өнімдерін Қазақстанда демесем де, Түркістан облысында алғашқы болып ектік. Мен шет елде болғанымда цитрусты өнімдер көшеде жабайы ағаштар сияқты өсіп тұратын. Біз сол талдардан теріп, үйге алып қайтатынбыз. Бір кездері осыған қатты қызығып, неге осы өнімдер біздің Түркістанда өспейді деп ойладым. Зерттей келе, далаға ексек қыста ұйықтағанда үсіп қалады, алайда жылыжайға отырғызуға мүмкіндік бар екеніне көзіміз жетті. Ең алғаш 10 тал лимонды егіп көрген едік, ол сол жылы гүлдей бастады. Нәтиже болғандықтан 41 га жерге 2200 түп лимон ағашын ектік. Қазіргі таңда оны тек Түркістан қаласына ғана сатылымға шығарып жатырмыз. Өздеріңізге белгілі бізге бұндай өнімдердің барлығы шет мемлекеттерден келеді. Ал біздің мақсатымыз 1 пайызын болса да өзіміз қамтысақ, Қазақстанның ақшасы өз айналымында қалатын болса бұл үлкен жетістік. Біздің өнімдер экспортқа шығатын болса, не болмаса импортпен алып келетін болса халыққа да өнім сапалы күйінде жетпейді.
2020 жылы Түркістан лимоншыларының «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлік палатасының ұйымдастыруымен отырысы өткен. Сол отырыста мемлекеттен лимоншыларға субцидия, яғни қайтарымсыз қаржы бөлуді сұраған болатынбыз. Бірақ бұл қиын мәселе, себебі бұған дейін Қазақстанның тарихында лимон өсіру үшін қаржы бөлу деген болмаған.
Егер егін егіп, нәтиже көрсетем деген адамға мемлекет қаржы бөлсе, шет елден импорттаудың қажеті де болмас еді. Істеймін деген адам апельсинді де, кивиді де өсіріп шыға алады. Тек мемлекеттен үлкен қолдау қажет.
– Білім жолында жетістіктеріңіз өте көп. Оны мектеп кезіндегі жетістіктеріңізден бөлек, әлі күнге дейін интеллектуалды ойындарда байқап жүрміз. Осы орайда өзіңіздей жастардың биіктен көрінуі үшін қандай кеңес берер едіңіз?
– Білім жолында біраз жетістігім бар. Соның ішінде ең үлкен жетістігім 2009 жылы Грузияда физика пәнінен алтын медаль алуым болды. Сол уақыттан бастап, білімге деген ұмтылысым одан сайын артты. Білім саласындағы жарыстарға, олимпиада, интеллектуалды ойындарға қызығушылығым осыдан бастау алған десем болады. Жеңіске жетуге деген талпынысым үлкен. Жасыратыны жоқ, кейде жалқаулыққа бой алдырып жатамыз. Егер сол керітартпалықты жеңсек, біздің алмайтын қамалымыз болмас еді. Қаламызда қазіргі таңда екі интелектуалды ойын бар. Бірақ қаламыздың жастары бұндай ойындарда белсенді деп айта алмаймын. Жоқ емес, бірақ аз. Көбіне басқа қаланың жастары келіп қатысып жатады. Егер осындай сайыстарда қаламыздың жастары белсенділік танытатын болса, көзқарасы артып, ортасы кеңейіп, достары көбейетін еді. Мен өзімнің атымнан жастарды, аға буын өкілдерін, мекемелерді осындай сайыстарға қатысуға шақырамын. Бұл – тек білімді арттыру емес, уақытты тиімді өткізу. Апта сайын бейсенбі күні кешкі сағат 20:00 де болады. Меніңше сергіп қайтуға таптырмас мүмкіндік.
– Спорттың да сіз үшін орны бөлек екенін байқадық. Жақын-да жастарға сүйінші жаңалығы-мыз бар деп жоба бастап жатқа-ныңызды айтып қалдыңыз. Бізбен де сол жаңалығыңызбен бөлісе кетсеңіз?
– Спортқа деген қызығушылығым-ның артуына әкемнің қосқан үлесі зор. Әкем 2017 жылғы ардагерлер арасын-дағы үстел теннисінен Түркістан об-лысының намысын қорғап, Қазақстан чемпионы атанған. Сол кісінің қаны-мен сіңген шығар, мен де спортты жақсы көремін. Үстел теннисін аптасына 1-2 рет ойнап тұруға тырысамын. Сонымен қатар, футболда да жеке командамыз бар. Үнемі жеңіс тұғырынан көрінбесек те, жергілікті ойындарда біраз жетістігіміз бар.
Жақында жақсы жаңалық бар дегенім, мәслихат депутаттары Жұман Жансерік, Ақиқат Абдуллаев сынды әріптестеріммен бірлесіп жастарға арналған ерекше ғимарат дайындап жатырмыз. Құрылыс жұмыстарына байланысты шамалы кешігіп жатыр. Десе де осы жаз айларының ішінде жастардың игілігіне ұсынамыз деп ойлаймын. Ол жер жастардың бос уақытын тиімді өткізу үшін тегін Wi-Fi-мен қамтылған, ағылшын, түрік, француз тілдерінен курстар, басқа да жастарға арналған дүниелерді барынша тегін болады деп жоспарлап отырмыз.
– Сұқбатыңызға рақмет!
Мөлдір ХАЛИЛАЕВА.